АқтоғайБасты тақырып

Әлиханым – тарих, әнім – Ақтоғай!

Алашты тірі ағза десек, Ақтоғай соның ат басындай алтын жүрегі екен! Әлиханның рухы кернеген абыз даланың аңыз қонысы Шатыршадан бас­тап, Желтау, Қызыларайда, көне дәуірлердің көсемдері мәңгілікке көшіп, барақат тапқан ескі қорым Беғазы мәдениеті дейік, Сарытерек, Қарасу, Жалаңаш дейсіз бе, бәрінің топырағында аруақты кие, Қаратал мен Жіңішке, Тоқырауындай ұлы дариялардың қом суында сәруар әулиелік жатқанын тойға қатынасқан аузы дуалы ағалар айтып жатты. Иә, Алаштың алты қанат желкөз керегесі мен сәнді уығын ұстастырған иық бау, ел Тәуелсіздігін сақтап қалу жолында басын бәйгеге тігіп, ата-бабасының Алашқа қызмет қылу керек деген аманатын толық орындап кеткен теңдессіз тұлға –Әлихан БӨКЕЙХАННЫҢ ЮНЕСКО көлемінде тойланып, туған топырағы – Ақтоғайда ұлықталған 150 жылдық думанды мерекені, іргелі ғалымдармен қатар облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ арнайы қатысқан салтанатты айтып отырмыз!

Бастау

Таң қылаң бере аруақты атаның атын айтып, арғымақ атқа ер салған тойшыл әлеумет Ақтоғайдың Ақсораңын бетке алып, Әли атаның асы деп әбігерге түскен. Алашорда үкіметінің тұңғыш төрағасы болып, ұлт көсемі дәрежесінде үш жүзге билік айтқан көрнекті мемлекет қайраткері Әлиханның тойы деп жолға шыққан.

Біз мінген көлік те Сарытеректің үстімен, Бөкей ханның Батыр сұлтанынан тарайтын, Әлиханның даңқты атасы Рүстем төренің бейітіне құран бағыштай жүріп, Талдыбейітке жеткен. Екі жүз қаралы еңселі топ имамға ұйыған қалпы құран аяттарына алақан жайып, аруақты ер, алты Алаштың ардақтысына дұға тіледі.

Аманат жүгі

Сол бетте Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы қарсаңында «Қыр баласы жүрген жолдармен» атты тарихи-танымдық экспедиция Ұлытаудан жолға шығып, Торғай даласын көктей, Тоқырауын топырағына келіп тоқтаған дайын топ ерекше сәтке елең еткізді. Экспедицияны бастап келе жатқан Жезқазған қалалық мемлекеттік мұрағатының басшысы Б.Байжантаев пен экпедиция мүшесі, Арқалық педагогикалық институтының оқытушысы, өлкетанушы, төре тұқымы Ш.Байділдинов Әлиханның қос қапталында қатепті қара нар, тізе қосып күш біріктірсе адал серік – Міржақып Дулатұлы мен Ахмет Байтұрсынұлының туған өлкесінен топырақ әкелгенін хабарлап, түйіншектегі текті топырақты Талдыбейітке бұйыртты.

Елдің елең еткені сонда, игілікті істің екіншісіне кезек беріп жаттық. Осыдан бірер ай бұрын Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақ Географиялық қоғамының бастамасымен 6 адамнан құралған ғылыми топ Алаш көсемінің туған жері, бүгінгі Ақтоғайдан тағдырының топшысы қайырылған Мәскеуге дейінгі аралықты қамтыған «Әлихан Бөкейхан ізімен…» атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция аясында сапарға барып келген болатын. Сапар барысында экспедиция құрамындағы әдебиеттанушы ғалым Елдос Тоқтарбай баба қорымы – Талдыбейітке Әлихан жатқан Дон қабірінен бір уыс топырақ алып келген екен. Аманаттың ауыр жүгін сонау Ресейден арқалап келген жігерлі жас табыттан ауыр топырақты Әлекеңнің ет жақын немере інісі Балабаршын төре мен Айсәуле ханыммен бірге Төретамға бұйыртып, сауапты істі санамызда жаңғыртты.

Бағдарлы белгітас

Әрі қарай, Әлихан бабамыздың кіндік қаны тамған, Нұрмұхамед сұлтанның жаз қоныс жайлауы, ықтаса қыстағы Желтаудың құйқалы қыртысы Жекежалға барып, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы аудан әкімдігімен бірлесіп орнатқан белгітастың ашылу салтанатына куә болдық. Тасқа басылған таңбалы сөйлемде Әлекеңнің арғы тарихтағы қисапсыз еңбегін баяндайтын бүгінгі болашаққа адастырмас үлгі бедерленген.

«Қаратастың» қасиеті ән салдырды

«Мына Қаратас – Әлекеңнің бейресми тағы ғой!» дейді жиналған жұрт. Осы күнге дейін «Әлекеміздің тойы дұрыс тойланбайтын болды, аруақты неге назаландырамыз?..» деп келген күпті көңіл, исінген үмітке осы сөз сүйсінген шуақ болып енді! Жақындай бергенде бір топ ғалымның ішінен алаштанушы әйдік ғалым Тұрсын Жұртбайдың аса бір сағынышқа толы сазды әуенді ыңылдай бергенін жіті құлақ жазбай шалды. Өлең мен әннің ортасындағы керемет сиқырлы сөздер ақыл иесін ырқына көндірмей сөйлетеді. Бұл әнді кейінірек тойдың соңында шырқаған «Тоқырауын толқындары» ансамблінің иірімді ырғақтарынан кездестірдік. Әннен ән тудырған Тоқырауынның толқыны қандай! Шолпы үні қандай деп жаттық! Ақсұңқарұлы көкемнің «Ақтоғайдың әні – Ақсораңның көмейінен, Желтаудың өкпе тұсынан Әлиханның өксігі болып, Тоқырауынның сиқырлы суындай төгіледі» дегені есіме түсті! Әлиханның аруағына ат айтып келген естияр жұрт текті топыраққа балаларын аунатып, әулие бұлаққа жүздерін шайып, тәбәрікке тас алып қайтты.

Алаш идеясы алғаш қағазға түскен қасиетті Қаратасты, Желтаудың өкпек желін, Жіңішкенің баяу сарынын Әлиханның өр рухы кернеп тұр екен!.. Елдос Тоқтарбай әріптесіміз: «Мынау Қаратас – мұзжарғыш кеме. Оның басында тұрған ұлт көсемі, кеме капитаны – Әлихан!» деп әсерлі сөзді әдемі кестелейді.

Сібір мен дүбір

Запыран құсқан заһары удай замана өтінде айдалайын деп тұрған Әлиханның алдынан «Сібір» деген сөз шығып еді, тойланайын деп тұрған Әлиханның алдынан тағы да сол «Сібір жарасы» деген суық сөз шолтаң ете қалмасы бар ма?.. Бәріміздің жүніміз жығылып, еңсемізді енді тіктей алмастай қатты қапаланып қалғанбыз, сонда.

Бірақ, ол сөзге бола сағы сынып, сыныққа сылтау іздеп кеткен Ақтоғай болмапты! Қайта, намыстарын рухқа қайрап, елге тұтқа, жерге шонжар атпал азаматтардан қаржы шығып, ауылды абаттандырып, ұрпаққа тәлім боларлық ұлы данышпанға еңселі ескерткіш-бюст орнатып, келелі кеңес, аста-төк тойды өздері жасады. Мемлекет және қоғам қайраткері Р.Жүнісов мырза бастап, бүгінде С.Қасымбеков, А.Төребеков, Д.Мәжманов, Д.Мәжитов, Н.Иманов, С.Қойшанов, Т.Аймағанбетов, М.Көкеев, Е.Сүйіндіков, Б.Алтынбеков, Н.Әрінбаев, А.Нұрбеков сынды елім деген ерлер, Алашқа атымтай жомарт азаматтар баба рухын қайта жандандырды! Тұлғаны түлетіп, тұғырына қондырды! Айтпақшы, ерлік істері бүгінгі ұрпақ пен ертеңгі келешекке кеңінен насихатталар бұл шараның басы сонау 1992 жылы басталған еді-ау!..

 

Сағдаттан – Салтанатқа

Қайтар жолда қызық дерек естідік. «Тойға қатысамын» деп, Астанадан Ақтоғайға арнайы ат шалдырған Ержан Еңсебаев деген әріптесіміз Астана қаласындағы тілдерді дамыту басқармасында қажырлы қайраткер Ербол Тілешов ұстазымен бірлесе жүріп Астанадан Әлихан атамызға көше бергізуде тынымсыз еңбек еткен алашшыл азамат. Әңгімеден әңгіме шығып, Семейдегі Әлиханның бюсті сөз болды. Қаланың қақ төрінде тұрған Лениннің бюстін қашап-қашап, сол граниттен Әлиханның бейнесін жасап шығарған семейліктердің іс-әрекетіне сүйсіне де таңырқай қалыстық…

Үш арысымызға қойған біздегі ескерткіштің тарихына көз жүгіртер болсақ, еліміз Тәуелсіздік алғанына бір жыл толмай жатқан кездің өзінде аудан жұртшылығы мен тұңғыш әкім Сағдат Дүйсебеков бастаған қоғамдық ұйым өкілдері, Алашта алғаш рет Ақтоғайдың үш арысына танымдық конференция өткізіп, аталмыш рухани шараның үстінде Әлекеңнің Бутырка түрмесінде жазықсыз атылып, жаназа сауабы шығарылмағаны үшін алғашқы рет хатым құран түсіріліп, аудан орталығына ескерткіш орнатылған еді-ау!.. Бүгінгі игі шара сол байырғы бастаманың заңды жалғасындай әсерлі шықты.

Түске дейінгі шара аудан орталығындағы Әлихан Бөкейхан атындағы ЖББО мектепте ұлт көсемінің ұрпақ тәлім алар ұлық ордасында ескерткіш бюсті ашылып, салтанатты шараның тұсаукесеріне облыс əкімі Н.Əбдібеков арнайы қатысты.

Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, Қарағанды облысының әкімі:

Әлихан Нұрмұхамедұлы – ел еркіндігі үшін күрес жолында мәңгі өлмейтін із қалдырған, бар ғұмырын қазақ халқының ұлттық саяси бостандығы мен дербестігіне арнаған ұлы тұлға. Алаш ынтымағының, ұлылығы мен қуаттылығының діңгегі, – деді.

Бюсттің ашылу салтанатына да Балабаршын Смаханұлы қатысып, сезім тербер елеулі сәтке куәлік айттық. Әлиханды әлемге паш етіп, шаң-шаң тарихты том-том кітап қылып, ғылымға елеулі зор үлес қосып жүрген әлихантанушы сұңғыла ғалым Сұлтанхан Аққұлы да жағымды жаңалықтарымен бөлісті. Әлихан шығармалары аймақ басшысының қолдауымен 15 том болып жарыққа шығатынын, болашақта Әлекеңнің сын мақалалары, аудармалары, жалпы шығармашылығы әлемнің басқа тілдеріне, мәселен, түрік, ағылшын тілдеріне де аударылатынын айтып өтті.

Ас

Сонымен қатар, Алты Алаштың ардақтысы атындағы ЖББО мектепте көрме ашылып, келген қонақтар тарихтан тағылымды мағлұматтарға байып жатты. Түс әлетінде Үш Арыстың еңселі биік тұғырына аймақ басшысы гүл шоғын қойып, Бөкей ханнан тарайтын текті жұрағат, Әлекеңнің аталас ұрпақтары, текті төре тұқымы Батыр сұлтан мен Сұлтанғазы сұлтандардың тікелей ұрпақтары, төре Қазыбек Ғалиханов бастаған өнегелі әулет ата аруағын айтып, алты Алашқа сауын айтып ас берді. Игілікті іске мұрындық болып, осыншама мерекелік бағдарламаны пысықтап, әліптің артын бақпай, халықтың нарқын биіктетіп отырған аудан әкімі Салтанат Мірасылқызының абыройын осы жерде асыруымыз керек. Еліне мереке, жеріне береке тілеп, ұлағат дарыған халқының ірі қайраткері, тұтас ұлттың алтын тұтқасы Әлиханды тұғырына қондырды! Ауыздағы тұмылдырыққа қарамай, елді жұмылдырып жіберіп, атқарар кемел істі кеңесіп шешті. Не керек, жақсы бастамаларға жол аштық. Әлиханның тойы енді басталды.

Конференция – келешекке

Түстен кейін аудандық Мәдениет үйінде Қарағанды «Болашақ» академиясының қазақ әдебиеті кафедрасы ұйымдастырып, аудан әкімдігі ұйытқы болған «Әлемдік тұлға Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік тағылымы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Ол жерде де облыс әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы мәнді мәжілісті өзі ашып, Ақтоғай жұртшылығын және той қонақтарын құттықтай келіп: «Алдағы уақытта Қарағанды облысының орталығында Әлихан Бөкейханның ескерткішін орнату, Қарағандыдағы бір ауданның атын Алаш арысымен атау жоспарланып отырғанын қуанышпен жеткізгім келеді. Сонымен қатар, Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен тұңғыш рет Әлихан Бөкейханның толыққанды 15 томдығы жарық көреді. Менің қолымда қазір алғашқы 2 томы. Жалғасын әлі де табатын болады. Әрине, бұл келешек ұрпақты ұлттық мұратқа тартудың, Отансүйгіштікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы деп білемін. Ең бастысы бұл – көптің тілегі» деп түйткілді мәселенің түйінін шешіп шешен сөйледі. Әлиханға арналған астан бастап ауыл ақсақалдары әкімге ризашылығын білдіріп, «Бұрын-соңды бірде-бір облыс әкімі бізбен бір дастарханда отырып халықпен дәмдес болған емес, конференцияға толық қатысып, мәслихат соңында қабылданған қарарды тыңдап, қарашыдан бөлектенген жерін танытпады» деп ақ баталарын беріп жатты.

Конференцияға келген, Әлихантанушы-ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттің «Алаш» ғылыми зерттеу орталығының директоры Сұлтанхан Аққұлы, Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасының директоры Тұрсын Жұртбай, алаштанушы-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет тарихы институтының директоры, «Кәсіби тарихшылар мен қоғамтанушылар лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бүркітбай Аяған, «Алаш» қорының мүшесі Елдос Тоқтарбай, «Ақжол» партиясы атынан Сәбит Байдалы, әлихантанушы ғалым Өмірзақ Сұлтанов, ғалым, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы, алаштанушы Қайырбек Сәдуақас, және өлкетанушы, Әлихан Бөкейханның шын мәніндегі шырақшысы Тұңғышбай Мұқан биік мінберден тақырып өзектілігіне орай тереңнен толғап, лайықты тұлғаның толық бейнесін аша, тұлғалық орнын анықтай отырып байыпты баяндамалар жасады. Конференцияда қабылданған қарарды төменде бүтіндей келтіре отырып, Әлиханның 145 жылдық мерейтойына байланысты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны да аталмыш осы оқу ордасы, Қарағанды «Болашақ» университеті ұйымдастырғанын естеріңізге сала кетеміз.

ҚАРАР.

Жыл сайын 5 наурыз бен 5 сәуір аралығында «Әлихан оқуларын», 5 желтоқсан мен 10 желтоқсан аралығында «Алаштану» апталығын өткізу;

Республикалық онамастикалық комиссиясынан облыс орталықтарында Ә.Бөкейхан атын беруді жүйелеуді, нақтылауды сұрау;

Республикалық Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясынан, гуманитарлық пәндер оқулықтарының авторларынан мемлекеттік стандартқа сай орта мектептерге арналған Ә.Бөкейханның есімі, еңбегі және тарихи орны туралы сұрау;

Ә.Бөкейханның көптомдығы, энциклопедиясы, монография, көркем, деректі фильм түсіруге, шығаруға қаржы сұралсын;

Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін және тұңғыш метрополитенге Алаш арысының есімін беруді сұрау;

Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына және Ленин көшесіне Ә.Бөкейханның есімін беруді сұрау;

«Тоқырауын»

тамашаға бөледі

Тағылымы мол ғылыми конференцияға қатысқан көпшіліктің назарын бірер сәттерде «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің мүшелері мерекелік концертпен баурап алды. Алаштың арына, Ақтоғайдың бағына бола туған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашевтың еңбегіне таңдай қақпаған жан қалды ма екен? Аузын ашып, көзін жұмған қонақтардың таңданысында шек бар ма? Осы іс-шараның қортындысы есебінде А.Жұмашевқа Ақтоғай ауданының “Құрметті азаматы” атағын беруді кешіктірмеу керек шығар. Бірі бірінен өтетін қайталанбас дауыс иелерінің арқасында Әлиханның асқақ рухы тұр! Біз соны сездік және соған сендік те!

Түйін

Келешекте Қарағандының қақ ортасынан Октябрь ауданы мен үлкен бір көшесіне Әлихан Бөкейханның аты беріледі. Өздері ұстанған елдік мұраттан айнымаған Әлихандай кемеңгер көсемге төбесі көк тірген, тұғырын тек тіреген алып ескерткіш орнауына да аз күн қалды!

Әділдік салтанат құрды, Әлихан тұғырға тұрды!

Мирас АСАН

Суреттерді түсірген автор.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button