Руханият

Әлихан әлемі 1.Ұрыс тактикасынан – ұлттық идеяға

Ұлы Дала – бодандық бұғауын үзіп, азаттыққа ұмтылған ұлы мұраттардың алтын бесігі һәм ұлы күрестердің куәгері. Иә, біз ғасырлар бойы еркіндік жолындағы күресті бір сәтке доғармаған бабаның ұрпағымыз. Атының ері алынбай, ерінің белі шешілмей күрескен қайсар рухты Қазақ деген ұлттанбыз! ХІХ ғасырдың жуан ортасына дейін толастамаған қанды жорықтар ХХ ғасырдың басында атойдан идеяға айналды. Ол – Алаш идеясы.

Бүгінгі Тәуелсіздіктің түп тамырында, бітім-болмысында көсемі Әлихан БӨКЕЙХАН болған сол Алаш идеясы жатыр. Алаш жұртының маңдайына басқан ат төбеліндей зиялылары жаңа тұрпатты құқықтық мемлекет құру ісіне белсене кірісті. Дегенмен, тоталитарлық жүйенің торына шырмалып, Алаш асылдарының арманы қыршынынан қиылған-ды. Бірақ, Елбасымыз айтқандай «Ұлттық идея үшін арыстар өмірлерін қиды, бірақ олар Тәуелсіздікке деген ұмтылысымызды одан ары күшейте түсті». Яғни, Әлекең бастаған Ұлт көсемдерінің арманы көмескіленген жоқ!

 Бүгінгі жазбамда сол Алаш идеясы мен бүгінгі Мәңгілік Ел идеясының сабақтастығын салмақтап көрмекпін…

Біріншіден, бұл сабақтастық идея барымтасы емес. Тағы да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың пайымына жүгінсек, Ұлт Көшбасшысы: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал», – дейді. Ендеше, бұл сабақтастықтың астарында ұрпақтар эстафетасы жатыр. Ұлт Көсемі Әлихан Бөкейхан мен Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтымызды ұшпаққа жеткізу жолындағы ұлы идеяларының рухани үндестігі қылаң береді.

…Биыл – Әлекеңнің туғанына 155 жыл. «Қыр баласының» өмірі, атамекені, білімі, қайраткерлігі туралы қайта қазбалап жатудың қажеті жоқ, білем. Алаштанушылардан артылғаны болып жатса, көрерміз. Сондықтан да, өзім таңдаған тақырыбыма төтесінен түсуге тура келеді.

Төңкеріс арқылы азаттыққа ұмтылудың қисынға қырын келерін сезді Әлихан бастаған Алаш көсемдері. Найзасын – Намысқа, алдаспанын – Арға суарған арда қазақтың ұрпағы үшін қантөгіс пен төңкерістің тактикасы ұлттық идеяға жол берді. Әлекеңнің көшбасшылығымен осы жол таңдалды. Бұл – мен ашып отырған жаңалық емес, архив құжаттарының емеуріні. Мәселен, «Алашорда» Ұлттық автономиясы Халық Кеңесінің Төрағасы Әлихан Бөкейханның қайраткерлігі мен қоғамдық қызметі жайлы өзінің замандасы Қошмұхаммед Кемеңгерұлы 1920 жылы жазған «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деп жазады.

Яғни, сол ХХ ғасырдың басында -ақ бізде аз болса да, саяси элита қалыптасқан. Әлекең бастаған ұлттық саяси элита өздерінің түпкі мұратына жетпеді демесеңіздер, бүгінгі Қазақстан үшін қалдырған бәсі биік бәсіресінің бастауында шекарамыз тұр емес пе?! Тәу етер Тәуелсіздігіміздің басты нышаны саналатын байтақ жеріміздің бір пұшпағы – сол Алаш зиялыларының аманаты. Асыл аманатқа адалдық танытып, тарихи жауапкершілікті жан-тәнімен сезінген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та, бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та жерге қатысты берік пікір, ұтқыр ұстаным ұстанып отыр. Міне, сабақтастық!

Саясаттанушылар ұлттық идеяны өмірге әкелетін сол дәуірдегі саяси элита екенін айтады. Сондай-ақ, ұлттық идеяға негізделген қуатты мемлекет құру үшін көптеген міндеттер бар. Мысалға, ұлттық экономикалық буржуазия қалыптастыру мен ұлтты жетілдіру, ұлттық сананы жаңғырту деген үш бағытты алсақ та, жетіп-артылар… Дәл осы ошақтың үш тағанындай үш бағытты берік қолға алып, дамыта білудің арғы жағында орындалған арманның сұлбасы көрінер еді. Біздің бүгінгі билік Алаш идеясымен астасқан осы бағыттың барлығын жетілдіру жолында тер төгіп, бағдарламалар қабылдап жатқанын көзіміз көріп отыр.

Ұлттық экономикалық буржуазия. Әлекеңнің «Біз Батыстық буржуазиялық жолды таңдаймыз, бірақ оны өзіміздің тарихи һәм ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып қабылдаймыз», – деген сөзі бар. Яғни, «Алашорда» автономиясы қабылдаған бағдарламаның басты бағыты осы болғанын түсіну қиындық әкеле қоймас. Ал, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында: «Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек», – деді. Идеялық үндестіктің үлкені осы жерде тұр. Ұлттық сананы жаңғыртуға негізделген Әлекеңнің еңбектерін ешкім жоққа шығара алмайтынын да жақсы білеміз. Елбасының еңбектерінде байыпты баға беріліп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының жақында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи мақаласында лайықты таразыланған Алаш зиялыларының еңбегі еш кетті деуге әлі ерте. Сонымен қатар, кешегі Алаш көсемдерінің жанкештілігі арқылы жария болып, тіпті, АҚШ баспаларында жарық көрген ұлылар идеясы мен бүгінгі Тәуелсіздік идеясын ешкім алшақтата алмайды.

Әлекең бастаған Алаш арыстарының көздегені – ұлтты жетілдіру. Сол үшін күресті. Сол үшін басын бәйгеге тікті. Сол үшін құрбан болды. Қазір ғой, өздерін «қоғам белсендісіміз» деп жүрген біздің «жасанды оппозицияның» «құлдық санадан арылу керек» деп ұрандата бастағаны. Ал, дәл осы құлдық санадан құтылу жолын Әлекең сонау ХХ ғасырдың басында меңзеп кеткенін білмей жүргеніміз өкінішті-ақ.

Бір еңбегінде Әлихан Бөкейхан: «Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынан өзі де жоғалуға бейім тұрады… Дүниеде өңге жұрттар қатарында қор болмайын, «тұқымым құрып қалмасын» деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс болады», – деп жазды. Міне, осыдан-ақ Әлекең бастаған қазақ зиялылары ұлттық сананы құлдық психологиядан азат етуге ұмтылғанын аңғарамыз.

Шынтуайтына келгенде, болмыстың санаға өктемдік ететін құлдық ғұрпынан керісінше сана болмысты нақтылайтын еркіндік санасына өтпейінше, ұлттық идея қалыптаспайтынын білді Әлекең және оның мүдделестері. Осы пиғылдары үшін «жау» атанды. Олардың ұрыс тактикасынан бас тартып, ұлттық идеяға ұйысуы шынымен-ақ отаршыл жүйе үшін жаулық пиғыл еді. Бәрібір «Алаш» автономиясының серкелері болашақ өмір туралы армандарын аялап, кейінгі ұрпақ жатырқамай қабылдайтындай ұлттық идея қалыптастырып, тұғырлы тұжырымдама жасап кетті. Көш басында Әлекең тұрған көсемдер тобы қалыптастырған ұлттық идея бүгінгі Мәңгілік Елдің бағытын байыптап, бақытын еселейтін тұғырнамаға айналды.

Әлихан Бөкейхан: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана», – дейді.

Нұрсұлтан Назарбаев: «Ел бірлігі – ең асыл қасиет», – дейді.

Сіз не дейсіз?

Біз Әлихан әлеміне әлі де үңілеміз…

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button