Тұсаукесер

Әлихан – дәуір тұлғасы

Кеше Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виктор КОЗОДОЙДЫҢ Қазақстан мен Ресей мұрағаттарынан алынған тың деректерге бай «Алихан БУКЕЙХАНОВ: человек-эпоха» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Университет басшысы Нұрлан Дулатбеков алғысөзін айтты:

– Ресей ғалымы Виктор Козодой Әлихан Бөкейхан туралы еңбегін таяуда ғана жарыққа шығарды. Осы кітаптың тұсаукесері Семей, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Алматы қалаларында өтті. Ал, бүгін Қарағанды қаласында жалғасын тауып отыр. Ғалым Виктор Ивановичтің Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан туралы зерттеулерімен таныстыру мақсатында әр факультеттің студенттерін шақырып отырмыз. Бұл – ғылыми бағыты зор іс-шара деп есептеймін. Өйткені, біздің студенттеріміз тек қазақстандық ғалымдарды ғана емес, шетелдік ғалымдардың ой-пікірін тыңдап, ғылыми жұмыстарымен танысса, білім алушылардың ой-өрістері одан әрі кеңейе бермек, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Тағылымы мол іс-шара кезінде Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов және ғалым Виктор Козодой кітаптың тұсаукесер лентасын қиды. Виктор Иванович бұл еңбекті жазудағы мақсатымен таныстырды:

– Қарағанды – менің тарихи кейіпкерім Әлихан Бөкейхановтың туған жері. Мен бұл жерге бірнеше рет келгенмін. Оның ішінде Қарқаралы – менің зерттеулерімнің көп бөлігін құрайды. Дәуір адамы (человек-эпоха) деп – кез келген құбылыстың дамуына маңызды және елеулі үлес қосқан тарихи тұлғаны атаймыз. Біздің зерттеудегі мақсатымыз – жалпы тарихи көзқарастар бойынша Әлихан Бөкейхановтың ХІХ соңы мен ХХ ғасырдың басындағы саяси өмірбаянын зерттеу және көшбасшы ретінде қалыптасқан тұлғаны әлеуметтік-саяси аспектілері бойынша бағалау. Біз бұл еңбекті ғылыми айналымда бар құнды деректер бойынша, оның ішінде архивтік материалдар негізінде зерттедік. Қазіргі таңда белгілі басқа да ғылыми еңбектерді негізге ала отырып, осы зерттеу кезінде салыстырмалы және сыни көзқарас бойынша талдауға аса мән бердік. Бұл еңбек Әлихан Бөкейханов туралы нақты деректерге сүйенген зерттеулер бойынша жазылды, – деді ғалым.

Сондай-ақ, автор зерттеу кезінде екі мемлекеттің, атап айтқанда Ресей және Қазақстанның 12 архивін ақтарған екен. Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу, Самара, Орынбор, Омбы, Том, Новосібір қалалары мен Қазақстанның Павлодар, Семей, Алматы қалаларының архивтері бойынша тың деректер тапқан.

Кітап мазмұны бойынша 9 бөлімнен тұрады. Автор таныстыру кезінде әр бөліміне қысқаша тоқталды. І бөлімде Әлиханның өмір жолы басталған 1870-1894 жылдар – өмірінің маңызды кезеңдерінің бірі, өйткені, бұл уақытта тұлға болып қалыптасқанға дейінгі Әлихан өмірінің көп бөлігін білім алуға жұмсағанын білуге болады. ІІ бөлім – 1894-1904 жылдарды қамтиды. Бұл кезде дүниетанымдық көзқарасы қалыптасқан Әлиханды тануға болады. Сол уақытта ол көптеген мәселелердің шешімін заңды түрде шешуге тырысты, бұл оны болашақта кадет партиясымен біріге жұмыс жасауға әкелді. Сондай-ақ, осы бөлімде қайраткердің Ресей ғалымы Г.Потанинмен достығы жөнінде айтылады. ІІІ бөлімде көрсетілген 1905- 1916 жылдар аралығында Әлихан Бөкейхан неғұрлым маңызды саяси міндеттерді жүзеге асыруға дайын болды. Сол кездегі Қазақ автономиясын құруға бел буған нағыз қайраткерді көруге болады. Келесі ІV бөлімде билікке келген Бөкейхан туралы деректер қамтылған. ІІ Бүкілқазақтық съезде Бөкейхан тілеулес әріптестерімен бірге тарихи шешім қабылдайды. Қазақтың Алаш автономиясы жер-жаһанды дүр сілкіндірген тарихи оқиға болғаны туралы айтылады. Ал, V бөлімде большевиктік төңкеріс пен оның ізін ала бере құрылған кеңестік билікке мойынсұнбай, Алаш автономиясын одан әрі дамытуға баса көңіл бөлді.

VІ бөлім – 1918-1920 жылдардағы Азамат соғысын (Колчак пен қызылдардың соғысы) қамтиды. Бұл кезде ел шетіне төнген қауіпті сезіне отырып, Әлихан Бөкейхан өз халқы үшін азаматтық шешім қабылдайды, яғни билікпен келіседі. VІІ бөлімде 1920-1922 жылдар аралығындағы Қазақстанда орнаған Кеңестік билік кезеңіндегі Әлихан өмірінің бір белесі зерттеу еңбекке арқау болған. Келесі бөлімде Алаш қайраткерінің өмірінің соңғы жылдарындағы деректер қамтылған. Соңғы бөлімде Әлихан Бөкейханның өлімінен кейінгі кезеңі жазылғаны айтылды. Таныстырылымнан соң, университет ғалымдары мен тарихшылары бұл еңбектің маңыздылығы туралы айтып өтті:

Тәуелсіздіктің арқасында белгілі тұлғаларымызды тереңірек тануға мүмкіндік беріліп отыр. Басқа мемлекеттің ғалымдарының біздің бабамыз туралы зерттеулері символикалық мәнге ие деп айтуға болады. Виктор Иванович кітабының атауы менің патриоттық сезімімді оятты. Әлихан Бөкейханға «дәуір адамы» (человек-эпоха) деп баға берілуі бізді қуантады, – деді тарихшы, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Ахметқызы.

Одан кейін университет студенттері мен магистранттар, докторанттар ғалымға сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды және оларға осы кітаптар тарту етілді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button