ЖаңалықтарРуханият

“Әлихан Бөкейханов” драмасының тұсауы кесілді

Көсем бейнесі – көркем туындыда

   Қарағандыдағы қара шаңырақ – С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры «Әлихан Бөкейханов» драмасының тұсауын кесті. 27 қыркүйек – Әлекеңнің атылған күні Қарағанды топырағында тұңғыш қойылған бұл спектакль Алаш жұртының ұлт көсемі – Әлиханның аруағын аза тұтуындай сезілді бізге. Қазақ мемлекеттілігінің басында тұрған тұлға жайлы қойылымды көрген ел қандай пікірде қайтқанын қайдам, ерекше рухтанып қайтқаны сөзсіз.

Ат шаптырым залда ине шаншар орын жоқ. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін осында. Алаш алыбына деген елдің құрметі осындай болуы тиіс. Ақтоғай ауданынан ат терлетіп арнайы делегация келіпті. Қойылым түнеукүні Ақтоғайда өткен Әлекең тойының жалғасы немесе қорытындысындай көрінді маған. Қалай десек те, ЮНЕСКО бастап белгілеп берген тойды абыройлы өткеруде Арқа топырағы мен ұлт зиялылары ерледі. Басқасын қайдам!

Халқының қайғы-қасіретіне жанын жаялық қылған Әлихан Бөкейхан – қазір азат елдің ұрпағының жүрек төрінде. Спектакль де солай басталды. Әлекең – төрде. Жалғанның жарығы тек соған құлап тұр. Рөлін сомдаған әртіс – Мадияр Қойшығаринның түр-тұлғасы да айнымай қалыпты кейіпкерге. Ұлт бостандығы жолында азап пен мехнат арқалаған көшбасшы сәл қажығанда, алыстан «елім-айлап» аппақ сәуле қылаң береді көсемге. Азаттық аңсаған Алаштың рухы. Әлекеңнің іңкәр дүниесі. Бостандық аңсаған халқының көрер жарық сәулесі де сол. Автор – Ерсайын Төлеубай мен режиссер – Сламбек Жұмағалидың қиялынан туған бұл эпизод қойылым барысында үш рет қайталанады.

Спектакль Смағұл Сәдуақасов пен Әлекеңнің қызы – Елизаветаның үйлену тойынан басталады. Ә.Бөкейханның автономиялы «Алашорда» үкіметінің төрағасы екенін мойындаған ресми хат осы қуаныш үстінде Лениннен келеді. Басты кейіпкер осы бойда қасындағы сенімді өкілдері – Ахмет Байтұрсын мен Халел Ғаббасқа мемлекеттік тапсырма береді. «Алашорда» үкіметінің мемлекеттік территориясы мен шекарасын бекітіп, «Қазақ» газетін ашу жөнінде. Осы орайда, «Алашорда» үкіметінің шекті жерін ғана емес, қазіргі Қазақстанның мемлекеттік аумағын Алаш қайраткерлері сол кездің өзінде картаға түсіріп, ресми белгілеп, жер мәселесін бірінші орынға қойғанын көрсетуі – спектакльдің сәтті тұстарының бірі. Күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған Әлекеңнің «Жер, жер және жер. Жер болмаса, мемлекет те, Отан да, ел де жоқ» деген ұстанымын толық аша алған. Сондай-ақ, Қазақстан территориясын белгілеуде Халелге Әлекеңнің «Әлімхан Ермековпен ақылдас» деп пәрмен бергені де орынды шыққан. Қойылымда Алаш көсемі төраға сайланған соң (1917-1918 жылдар) Ахметке «Қазақ» газетін шығару үшін ақша бергенімен, 1918 жылы аталған басылым жабылғанын ескере кеткен жөн еді. Алайда, бұл көркем туындыда кешірімді жағдай.

Тарихи драмада Алаш көсемінің тұлғалық образы ұлт өнерінің темірқазығы ретінде Абайды тануымен ашыла түседі. Әсіресе, арғы аталары Шыңғыс ұрпағы – төре тұқымының тәкаппар бейнесі Сталинмен кездесуінде айқын аңғарылады. Өз сөзімен айтқанда, «Оның (Сталин) не білімі, не ақыл-ойы толық емес, қолында қандай жоба болсын?!» деген Әлекеңнің биік болмысынан хабар береді. Ұрпақ санасына Алаш идеясын, Әлихан Бөкейхан бейнесін сіңіру тұрғысынан келгенде, спектакль арқалаған жүк жеңіл емес. Әлекең образын сахналаған алғашқы қадам ретіндегі арқалаған жүгі де соған саяды. Алаш арысының артында ел мен жер мәселесі тұр. Кейінгілер соны байыптай алса, жарады.

Жәнібек Әлиман

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button