«АлашTime» форум-байқауы өтеді
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 18 бен 35 жас аралығындағы жастар арасында Әлихан Бөкейханның мұрасына арналған «АлашTime» атты облыстық форум – байқауын өткізбек.
Алаш көсемі, мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның тарихи ерліктерін және Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру, еңбектеріндегі өнегелі өсиеттерін дәріптеу арқылы тәуелсіздік жолында қызмет еткен тарихи тұлғаларға деген құрметті күшейту, жастардың Алаштанушы ғалымдармен рухани байланысқа түсіп, емін-еркін араласуына себепкер болу мақсатында ұйымдастырылып отырған аталмыш байқау екі кезеңнен тұрады.
I кезеңде қатысушы 2 өлең ұсынады. Ұсынылған шығармалардың біреуі Әлихан Бөкейханның ұлттық, тарихи, көшбасшылық тұлғасын ашуға арналуы тиіс. Екінші өлең – еркін тақырыпта. Қатысушы талапкер берілген тақырыптарға сай бұрын ешбір жерде жарияланбаған, бұған дейін ешбір байқауға қатыспаған авторлық шығармаларын ұсынады. Интернет желісінен немесе басқа автордың жұмысынан алынған материалдар қабылданбайды. Ұсынылған шығармаларды 25 қыркүйекке дейін kraeved_2014@mail.ru поштасына немесе С.Ерубаев көшесі, 44 үй, Н.Гоголь атындағы ОӘҒК мекен-жайына бүркеншік атпен жолдау қажет.
ІІ кезеңде қазылар алқасы алдында қатысушы өз өлеңдерін жатқа оқиды.
Байқау қорытындысы 2023 жылдың қазан айының 13 күні Қарағанды қаласында шығарылып, жеңімпаздар Бас жүлде, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, ынталандыру жүлделерімен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ,
ortalyq.kz