«Әлихан аллеясы» ашылды
Қарағанды қаласының Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейі маңынан Ұлт көсеміне арнап «Әлихан аллеясы» ашылды. Игілікті іс-шараға белгілі зиялы қауым өкілдері мен мектеп ұстаздары қатысты.

«Әлихан аллеясына» Алаш көсемінің бюсті орнатылып, жас көшеттер егілді. Мектеп директоры Айнұр Жаппарқұлова бұл жұмыстың атқарылуына мұрындық болып, қаржылай демеушілік білдірген мектеп түлектері мен ұстаздар ұжымына айрықша алғысын білдірді.
Іс-шараның алғашқы тізгінқағар сөзін мектептің тұңғыш директоры, әлихантанушы, журналист Тілеуғалы Әміртайұлы алып, бұл іс-шараның маңыздылығын жоғары бағалап, орамды ойымен бөліскен болатын.
– Тәуелсіздік жылдарының басында Қарағандыда қазақ тіліндегі мектеп жоқ еді. Сол кездегі мектеп ұжымының жанкештілігінің, қоғам, мемлекет қайраткері марқұм Шаймерден Оразалиннің ықпалының арқасында біз дербес қазақ мектебін ашып, оған Әлихан есімін бердік. Бүгінде бұл мектеп – қаламыздағы көш бастап тұрған алдыңғы қатардағы мектептердің бірі. Әлихан атамыздың рухына арнайы жасалып жатқан тағылымды іс-шаралар одан әрі жалғасын таба берсін, – деді Тілеуғалы Әміртайұлы.
Ілгеріде атап өткеніміздей, салтанатты іс-шараға зиялы қауым өкілдері, сонымен қатар, ардагерлер алқасы да қатысты. Салтанатты жиында аллеяның қызыл таспасын қию рәсімін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарихшы Нұрсахан Бейсенбекова, ел ішінде «Әлиханның шырақшысы» атанған Тұңғышбай Мұқан және әлихантанушы Тілеуғалы Әміртайұлы жасады.
Ескерткішке гүл шоқтары қойылып, тағзым ишарасы жасалды.
Одан әрі мектеп ұжымының дайындаған концерттік бағдарламасы қойылып, көрермендерін тәнті етті. Сонымен қатар, университеттің жалынды жастары өздерінің өнерлерін паш етіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді.
Мәдени іс-шара соңында жылдың қорытындысы бойынша үздік деп танылған оқушылар мен мұғалімдер марапатталып, қаржылай сыйлық табысталды. Осылайша тәлімі мол, өнегемен өрнектелген алқалы шара өз мәресіне жетті.
Баршамыз білетіндей, келер жылы Ұлт көсемінің 160 жылдық мерейтойы. Ұлт заңғарының есімін иеленген мектеп соның қамына қазірден кірісіп кетті.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Қарағанды зерттеу университетінің II курс студенті