Жаңалықтар

Әлидің азаматтық қолтаңбасы

Соның бірін де сұрап алған жоқ, соның бірін де сатып алған жоқ.

Құдай берген дарынына еңбекті серік етіп шығармашылық терін бір адамдай-ақ төгіп келеді.

Мен білетін Әли ауылында, ауданында бала ақын атанған дарын болатын. Прозалық қарымын сол кездегі әдеби басылымдарда танытты.

Өзіміздің ҚарМУ-да оқыды. «Балауса» деген әдеби бірлестігіміз болды. Сонда бәрімізді сойып салатын. Соған қарап сыншы бола ма деп те күткенбіз.

Сол Әлиіміз жоғалып кеткен еді.

Оның орнына «Қарағандыдан сөйлеп тұрмыз!» деп тұратын жорналшы Әли келді.

«Студияда Әли Тойжігітов!» деген қоңыр дауысы, міне, қырық жыл бойы үзілмей келеді.

Сол Әлиіміз пайғамбар жасына қарапты.

Қалай дегенде бұл жай жас емес. Екінің бірі келе бермейтін жас. Адамның өзіне өзі есеп беретін жасы.

Сол есебін Әли бауырымыз «Өнегелі өмір» деген кірпіш кітабымен берген екен.

Жасыратыны жоқ, сөйлеуге жортақ тележорналшылар жазуға келгенде тұсаулы аттай кібіртіктеп қалар еді.

Жоқ, жазуында да тайпалап тұр екен. Құнығып оқиын. Қара өлең оқып отырғандай рахаттанайын. Көркем шығарма оқығандай әсерленейін. Жанрын айтудың өзі ойландырып тастайды. Деректі хикаяттар ма дегендейсің. Кешегі кеңестік заманда «Өмірдің өзі-новелла» деп сайрағанбыз. Әли сол қағидатты қайтып тірілткендей.

Қай шығармасын алмаңыз сықпа құрттай сіңімді.

Кітап төрт бөлімнен тұрады.

Соның бірінші бөлімінен көп нәрсе тапқандаймын. Атаусыз осы бөлімге «Тұлғалар галереясы» десе болғандай екен. Осының ішінде ғалымдар галереясына әбден тәнті болдым. Арыстан Ғазалиев, Ғабдолла Құлқыбаев, Серғазы Әдекенов, Задан Жұмағалиев, Мұрат Смағұлов сынды ел таныған ғалымдарды өзінен алыстатады да телескоппен қарайды, өзінен алыстатады да микроскоппен қарайды. Тұлғаларын осылайша танытады, мойындатады.

Өзіңді жетелеп отырады, керек жерінде дедектетіп те алады. Кенет қалт тұрғызады. Басқа баянға түсіп кетеді. Келер сәт сол баянның тақырыбын ашып тұрғанын пайымдайсың. Мысал керек пе – өріп жүр…

Жалпақ жұрт білетін Ғазалиев бар…

Ел білмейтін Ғазалиев те бар екен…

Оны осы кітаптан оқып білдім. Арыстан ағамыз аға ұрпақ өкілдерінің есімдерін мәңгі есте қалдыру бойынша бірқатар шаруа тындырыпты. Алматыдағы А.Шарифкановқа, Өскемендегі Қаныш Сәтбаев пен Қасым Қайсеновке көше атын беруге ұйытқы болыпты.

Осы мысалдың өзі-ақ ғалымға деген құрметіңді арттыра түседі. Кейіпкеріңнің асқақ азаматтығына тәнті боласың. Автордың азаматтық ұстанымынан айналасың.

Құлқыбаев, Әдекенов туралы жазбларынан да осы ұстанымынан таймайды.

Азаматтық ұстанымнан шығады. Осы бөлімдегі Арқаның айтулы тұлғалары Жақсыкелді Сейілов, Мақат Рымжанов, Абдолла Төребеков, Матай Айнабеков туралы түзген эсселері де жүрек түкпіріңнен орын алып жатады.

Жазарманның бақыты осында болса керек.

Оқырманның бақыты соны сіңіре білуде.

Екінші бөлімдегі очерктердің табиғаты атымен кесек. Қынабай Аралбаев туралы түзген «Қысқа болды-ау ғұмыры» атты туындысы нағыз эпитафияның өзі. Базар Мамыр жөніндегі «Өр Алтайдың өрені, мықты еді өлеңі» шығармасы тұнып тұрған ностальгия!

«Ақтоғайдың Аманолласы» (Аманолла Шайбеков туралы), «Өмірі өзгелерге үлгі еді» (Айтжан Жүнісбеков), «Мамандығымды мақтан тұтамын» (Нұриден Өмірбаев) сынды портреттер галереясының қанық бояуына жанарыңды сіңдіресің. Ішің жылып қоя береді. Бейне бірі гольфстримнің жылы ағысы бойыңды қуалап кете барады.

Үшінші бөліміне мың ұсақ-түйек топтастырылыпты. Сол мың ұсақ-түйектің астына «ұсақ-түйектің кішісі болмайды» деп тақырыпша берсе болар еді.

Өйткені, онда да өнегелі өмір соқ­пақтары көз жолыңды ұзартады.

Осы бөлімдегі «Өзбекстаннан хат. Өз жеріміз Өзбекстанда қала ма?» деген жан айқайы бүгінде жаныңды жегідей жейді. Ресей бүгінде айтса Астрахан мен Орынбор губернияларын атайды. Ал Омбы, Томбы, Қорған, Сарытау жөнінде жақ жазбайды. Өзағам да Мақтаралды ғана ауызға алады. Бұл дүниеде Тәшкен деген қала болмағандай, Қарақалпақстан деген ел болмағандай… Олардың бір кездері Қазақ жұртына қарағанын кез келген саяси оқулықтан табуға болады емес пе? Басқа барыссақ Қарабұғаз да кешегі бабаларымыз ат оттатқан жері. Тарбағатай жұрты да әлі күнге Алатауға қарап көздеріне жас алады.

Кітап атауы да тегін емес-ау. «Өнегелі өмір» деп айдарлапты.

Автордың өзі де сол «Өнегелі өмірдің» кейіпкеріне айналыпты. Оған кітаптың төртінші бөлімін парақтағанда көзімізді жеткіздік. Бағдат Шахмерденов, Сағатбек Мұғалімжанұлы, Қадыр Жұмышев, Абзал Бөкенов, Оралбек Жүнісұлы, Дидар Қамиев, Ерсін Мұсабеков, Мағауия Сембай, Тілеуқабыл Байтұрсын, Сүйіндік Жанысбай және басқаларының жазбалары осы сөзімізге дәлел болса керек.

Қазығұрттың кемесінің басындағы,

Алпысыңа алпыс қос,

Басылма әлі.

Түскейдің Нұрмұхан, Әлилері,

Арқаға кеп қап қойған асылдары!

Кімнің қаламынан шыққанын таба аламысыз? Әй, қайдам?! Кім де болса мықты ақындікі деп отырсыз ғой.

Оны да айтайық. Мағауия Сембайдікі. Қара сөздің қас жүйрігі қара өлеңде де жорға екен.

Арқадан арқар көшкен жылдар болған…

Енді Арқаға арқар сынды дөңмаңдай ұлдары оралуда…

Мағау соны дөп басқан.

Ал сол ұлдың мына шығармасы мыңға азық шығарма екен.

Төрехан МАЙБАС,

жазушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button