Бас тақырып

Әлібек ӘЛДЕНЕЙ: Жаңа инвестициялар мен идеялар үшін тартымды орта қалыптастырамыз

Сан алуан қауіп-қатер мен алмағайып өзгерістер қабаттасқан заманда экономикамен қатар, қоғамның зияткерлік әлеуеті де бас­ты назарда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталып: «Білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы және ел болашағының кепілі», – деген еді. Демек, атқарушы биліктің кез келген саладағы жұмысы стратегиялық қырағылықты, қалыптан тыс тәсілдерді және болашақты болжай білуді талап етеді. Бұл ретте назардан тыс қалмауы тиіс тағы бір фактор – қоғамдағы мәдени иммунитет. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағанды облысын интеллектуалды ресурстарға бай, құндылықтарын берік ұстанатын өңір деп айтуға толық негіз бар. Бұл идеялардың қалай туындап, қалай іске асатыны жөнінде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілдаға берген сұхбатында әңгімеледі.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

– Әлібек Үсенұлы, сіз жеті бағытқа жауаптысыз және бірқатар кеңес пен комиссияға басшылық жасайсыз. Білім беру мен жастар саясатынан бастап, отбасы құндылықтары және тарихи жадыны сақтауға дейінгі түйінді мәселелерді шешумен айналысасыз. Бұл – кең ауқымды және асқан жауапкершілікті талап ететін сала. Қай-қайсын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Дегенмен, өзіңіз қайсысын басым бағыт дер едіңіз?

– Әр бағыт – өз алдына бір экожүйе. Әрқайсысының өзіндік тарихы, күрмеуі қиын мәселелері, зор әлеуеті бар. Осы жылы бір нәрсеге анық көзім жетті: алғашқыда елеусіз көрінетін мәселе – іс жүзінде аса өзекті болып шығады. Өйт­кені біздің жұмыс тек білім, мәдениет, спорт, тіл, дін немесе жастар саясатын үйлестірумен шектелмейді, оның өрісі әлдеқайда кең. Бұл – адамның өмірге, еңбекке, мәдениет пен тілге, тарих пен денсаулыққа, қоғам мен өз болмысына деген ұстанымын айқындайтын іргелі салалар. Дәл осы жерде өңірдің рухани ахуалын, сенімін, бірегейлігін және даму бағытын айқындайтын мән-мағына қалыптасады.

Кез келген даму стратегиясы үшін ең маңыздысы – адам. Білімге қол жеткізіп, мәдениет пен тілге құрметпен қарайтын, үні жоғарыға жетіп, әлеуетін іске асыра алатын ортада ғана ұлт қайраты тасып, қуаты артады. Адамды қалыпқа құя алмайсыз. Оның өсіп, дамуына қолайлы жағдай жасап, барынша мүмкіндік туғызу керек. Міне, сонда ғана ол қоғамның іргетасы болып қаланады. Сол себепті біздің атқарып жатқан ісіміз бірден байқалмауы мүмкін, алайда ол қоғамдағы түбегейлі өзгерістерге түрткі болады. Мен мұны көзге бірден түсе қоймайтын, бірақ жүйелі де мазмұнды өзгеріске бастайтын бірізді трансформация деп атаймын. Ең бастысы – нақты стратегия құрылып, бағыт айқындалуы керек, ал нәтижесін уақыт өте келе әр азамат сезінеді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Бұл қызметке келмес бұрын мемлекеттік құрылымдарда және квазимемлекеттік секторда жауапты қызметтер атқардыңыз, орталықта жұмыс істеп, ірі жобаларға жетекшілік еттіңіз. Өңірдегі қызметіңізге ол тәжірибеңіздің пайдасы тиді ме?

– Әрине, жиған тәжірибең артық етпейді. Мемлекеттік органдар мен орталықтағы жұмыс маған бастамаларды жеке-жеке қарастырмай, кешенді түрде бағалауды үйретті. Мысалы, мектеп тек білім беру ісі ғана емес, ол – мұғалімдерді жұмыспен қамту, балалардың бос уақытын тиімді өткізу және балаларды үйлеріне жеткізу сынды мәселелерді қамтиды. Спорт – адамның денесін шынықтырып қана қоймайды, оны қоғамға бейімдеп, ортаға тартатын қуатты құрал. Яғни, бір шешімнің артында ондаған ілеспе фактор бар. Сондықтан кез келген бастама өңірдің кешенді даму стратегиясында көрініс табуы тиіс.

Егер де біз өңіріміз орнықты, экономикамыз бәсекеге қабілетті, ал қоғамымыз кемел болсын десек, онда Қарағандыны индустриялдық қуатымен қатар, интеллектуалдық әлеуеті зор өңірге айналдыруымыз қажет. Сондықтан ең әуелі Тұлға қалыптастыруды басты назарда ұстаған жөн.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Адами капиталдың сапасы – елдің даму қарқыны мен тұрақтылығын айқындайтын негізгі өлшем. Білімді, білікті, жауапты азаматтар болмаса ешбір реформа нәтиже бермейді».

Біз Қарағанды облысын индустриялық орталық деп қана емес, инвестициялар мен заманауи технологияларды тартатын өңір деп қарастырамыз. Біз бұрынғыдай шикізатқа тәуелділіктен арылып, жаңа экономикалық ландшафт қалыптастыруды алға қойдық: шикізаттан – көпсалалы индустриялық жүйеге өтуді мақсат тұттық.

Сол себепті өңір басшысы нақты межені айқындады: ол – жылдар бойы қалыптасқан кәсібилік пен сенім капиталын стратегия­лық ресурсқа, өңірге үздік мамандар мен тың идеяларды әкелетін даму драйверіне айналдыру.

– Білім беру саласын реформалау туралы айттыңыз. Бұл салаға іргелі өзгеріс­тер керек екені рас. Кезек күттірмейтін мәселенің қайсысын қолға алдыңыз?

– Өңірде жұмыс істеп тұрған 402 мектептің жартысынан көбі 50 жыл бұрын салынғанын білесіз бе? Сондықтан инфрақұрылымды жаңарту – негізгі басымдықтардың бірі. Барынша икемді әрі заманға сай шешім қабылдап жатырмыз. Қазірдің өзінде болашақта салынатын он нысанның жер телімі айқындалды. Таяуда Қарағанды, Қарқаралы, Приозерск қалалары мен Нұра кентінде ескі мектептердің орнына жаңа, заман талабына сай білім ошақтары бой көтермек. Бұл жай мектеп емес, оқушыларға, әсіресе, шалғай ауылдардағы балаларға қолжетімді, сапалы әрі қауіпсіз білім кеңістігін қалыптастыруды көздейтін игі бастама.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен мектептерді қайта жаңғырту бойынша ауқымды жобаны қолға алдық. Бүгінде өңір бойынша 260-тан астам нысан – мектептер, балабақшалар мен колледждер жаңғыртылды. Соның ішінде 33 нысанда жалпы сомасы 8,1 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Ал 232 нысанда 7,2 млрд теңгеге ағымдағы жөндеу жасалды. Бұл – жай ғана қабырға мен шатырды жөндеп қою емес, түптің түбінде бұл – білім сапасына, балаларды ынталандыруға және мұғалімдерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған, функционалды және заманға сай орта қалыптастыруды діттейтін жоба.

«Келешек мектептері» жобасына жеке тоқталып өтейін. Бұл – саналы, белсенді, әрі өзіндік көзқарасы бар тұлғаны жастайынан қалыптастыруға жағдай туғызатын жаңа білім беру ортасы. 2023 жылдан бері Қарағанды мен Балқашта, сондай-ақ, Шет және Бұқар жырау аудандарында 7100 орындық 10 жаңа мектеп салынып жатыр. Соның ішінде төртеуі (4400 орын) оқушыларға есігін айқара ашты, қалған алтауының құрылысы жалғасуда. Бұл – болашаққа жасалған инвестиция әрі жаңа дәуір мектептерін жобалаудағы бағыт-бағдар.

Осы басымдықтар аясында біз заманға сай қосымша білім беру ұйымдарының желісін кеңейтуді жоспарлап отырмыз: Майқұдықтағы Оқушылар сарайының құрылысын аяқтап, Қарқаралы мен Қарағандыда тағы екі жаңа нысан – Оқушылар сарайларын саламыз. Бұл қадамдар өңірдің білім беру саласын жүйелі түрде жаңғыртуға бағытталған. Осы мақсатта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін енгізуді көздеп отырмыз. Орайы келгенде айта кету керек, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жас ұрпаққа, әсіресе ауыл балаларына қолайлы, озық білім беру ортасын құруға баса назар аударады. Бұл бізге мемлекет пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін бір ортаға тоғыстыра отырып, салмақты жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, өңірде Оқу-ағарту министрлігінің – «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның арқасында стратегия­лық ойлайтын, оқу орындарына жаңашылдық енгізуге және жауапкершілік алуға дайын мектеп басшыларының жаңа буыны қалыптасып келеді. Осылайша, бүкіл білім жүйесінің өзгерісін қамтамасыз ететін кадрлық база жасақталуда.

Тағы бір мысал ретінде «Ustaz Pro» жобасын алайық. Ол ондаған мектеп пен колледждерді, әсіресе моноқалалардағы білім беру ұйымдарын қамтиды. Жоба мұғалімдерді дамытуға, заманауи әдістемелерді, цифрлық құралдарды енгізу мен білім беру мекемелерін жүйелі түрде аккредиттеуге бағытталған. Нәтижесінде – білім сапасын арттырудың тиімді құралы жасалады.

– Көпшіліктің пікірінше, білім беру – басқаруға ең күрделі саланың бірі. Мұнда 3 тараптың – мемлекеттің, ата- ананың және баланың мүддесін ескеру қажет. Осы үштағанның теңдігін сақтау үшін нендей шаруа атқарылып жатыр?

– Расында да, үш тараптың да талабын ескеру керек: мемлекет жаңа стандарттар мен инфрақұрылымды қамтамасыз етеді, ата-ана баласының сапалы білім алып, қауіпсіз ортада өскенін қалайды, ал бала өз қабілетін ашуға мүмкіндік іздейді. Осы тепе-теңдікті сақтау үшін өңірде нақты қадамдар жасалуда. Мәселен, «Teach for Qazaqstan» бағдарламасы іске қосылды. Осы тұста мынаны айта кету керек: инновациялық жоба алғаш Қарағанды облысында қолға алынып отыр. Бүгінде ол Балқаш пен Шахтинскте, Абай және Бұқар жырау аудандарында іске асырылуда. Бағдарламаның ерекшелігі – ұстаздық дипломы жоқ азаматтар да өз саласында жоғары білімі бар болса, арнайы дайындықтан өтіп, мұғалімі тапшы мектептерде сабақ бере алады. Мұғаліммен қатар шәкірттің де әлеуетін ашатын бұл бастама білім беру жүйесіне тың серпін берері сөзсіз.

Қосымша білім беруде де жаңашыл қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, ата-аналар үшін арнайы әзірленген Sabidamu.kz онлайн-платформасы іске қосылды. Бұл жүйе баланың дамуын қадағалауға мүмкіндік береді. Оған қоса, платформада жарияланған бейнесабақтар, әдістемелік материалдар мен мамандар кеңесі білім беру үдерісін оңтайландырады.

Сонымен бірге, қосымша білім беру бағытында ваучерлік қаржыландыру жүйесі пилоттық түрде енгізілуде. Бұрын мемлекет қаражаты тікелей мекемеге бөлінетін, енді ол қаражаттың иесі – баланың өзі. Яғни ата-ана қай үйірмені таңдаса, қаражат сонда аударылады. Бұл – әділ әрі тиімді тәсіл: бәсеке күшейіп, сапаға деген талап артады. Сол себепті инфрақұрылымға, ұстаздардың біліктілігіне, бағдарламалардың мазмұнына қойылатын талаптар қайта қаралды. Біздің өңірде бұл сервис биыл күзде толық іске қосылмақ. Ол балалардың қосымша білім алуына арналған мемлекеттік тапсырыстың барлық бағытын – спорттық, шығармашылық және жалпы дамыту үйірмелерін бір арнаға тоғыстырады.

Тағы бір жағымды жаңалық – биыл біз Halyk Bank-пен бірлесіп, оқушыларды ынталандырудың жаңа, ерекше әдісін енгіздік. Ол – «Баға ал да, бонус ал» бағдарламасы. Балалардың оқу үлгерімі жақсарып, жоғары баға алған сайын арнайы есепшоттағы қаражаты да көбейе түседі.

Жобаның түпкі мақсаты – өскелең ұрпаққа білімнің шын мәнінде қадірлі екенін, ал еңбектің еленетінін ұқтыру. Осы бағдарламаның арқасында балалардың қаржылық сауаттылығы артатынын да айта кету керек. Яғни, олар ақша жинау қағидаттарын түсіне бастайды, қаражатты үнемдеп ұстауға бейімделеді.

Тағы бір ерекше назар аударатын бағыт – Мемлекет басшысы тамыз конференциясында көтерген бастама. Ол – жас ұрпақты тәрбиелеудің жаңа, біртұтас «Адал азамат» бағдарламасы. Жаңа оқу жылынан бастап еліміздің барлық мектептерінде, соның ішінде жекеменшік білім ордаларында да жүзеге аспақ.

Атауынан-ақ белгілі, «Адал азамат» – болашақ қазақстандықтың бейнесін айқындайтын, ұлттың рухани болмысын айшықтайтын атау. Бұл бастама жас буынның Отанына деген сүйіспеншілігін оятып, еңбекқорлық пен жауапкершілікке баулиды. Сонымен бірге, бағдарлама заңға құрмет, әділдікке адал болу, табиғатты аялау сынды іргелі құндылықтарды мектеп қабырғасынан бала санасына сіңіруді көздейді. Өйткені ертеңгі күннің ең басты капиталы – адалдықты ту еткен, жауапкершілігі зор саналы ұрпақ.

– Иә, солай. Мектеп баланы адалдыққа, отансүйгіштікке, жауапкершілікке баулиды. Мақсатшыл, белсенді, алғыр жеткіншектеріміз ер жеткенде бар білімін, әлеуетін туған өлкесінің өсіп, өркендеуіне жұмсаса жақсы болар еді. Осы мақсатта нендей шаруа атқарылып жатыр?

– Бүгінде Қарағанды облысының әрбір төртінші тұрғыны – жастар өкілі. Нақтырақ айтсақ, олардың үлесі 26,7 пайызды құрайды. Жаңа мүмкіндік, қолайлы орта іздеп, арман қуып елден кететін де осы буын. Сол себепті жастарды қолдау мақсатында қолға алған кез келген бастама – өңірдің ертеңіне салынған инвестиция.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2025-2027 жылдарға арналған Жастар саясатын дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленді. Бұл құжат жастарға қатысты ең өзекті мәселелерді қамтиды: еңбекпен қамту, рухани-адамгершілік тәрбие беру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, құқықтық және экологиялық мәдениетті арттыру, тұрғын үй мен әлеуметтік түйткілдерді шешу. Барлығы – 7 басым бағыт пен 10 негізгі көрсеткіш.

Әсіресе, әлеуметтік осал топ өкілдерін баспанамен қамту – басты басымдық. Бұл істе сабақтастықты сақтау, үдеріс қарқынын жоғалтпау және нәтижеге қол жеткізудің маңызы зор. Айталық, 2024 жылы жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету ісінде елеулі жетістікке қол жетті: 147 жас баспаналы болды.

Жеке атап өтуге тұрарлық бастамалардың бірі – «Отбасы Банкпен» бірлесіп жүзеге асып жатқан жас мамандарға арналған ипотекалық бағдарлама. Облыс әкімінің қолдауымен, бюджет пен банк қаржысынан бөлінген 2,8 млрд теңгенің арқасында ондаған жас дәрігер, мұғалім және әлеуметтік қызметкер баспана алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл – олардың туған өлкесінде тұрақтап, қызметін абыроймен жалғастыруына жол ашады. Бағдарламаның тағы бір құндылығы – ол шағын қалалар мен ауылдарды да қамтиды. Өздеріңіз де білесіздер, аймақтарда кадр тапшылығы айрықша сезіледі.

Жастар саясаты тек баспана және грант берумен шектелмейді. Ең бастысы – жастарға бойындағы әлеуетін танытып, қоғамға қажет әрі пайдалы екенін сезінуге мүмкіндік беру. Мәселен, «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауына 300-ден аса өтініш түсіп, соның ішінде бизнес, мәдениет, ғылым, медиа және IT бағыттарында 25 үздік жас маман облыс әкімінің грантын иеленді.

Қарағандыда заманауи Community-орталық аштық. Онда жеті түрлі функционалдық аймақ бар. Жастар үшін психолог пен заңгердің тегін кеңестері беріліп, болашақ кәсібін арнайы маманның көмегімен анықтауды діттейтін жұмыстар жүргізіледі. Дизайн, подкаст, дыбыс жазу студиялары, түсірілім тағы бар. Бұл – жаңа буынға арналған ерекше экожүйе.

Келесі қадам – Жастар үйін ашу. Президенттің тапсырмасына сәйкес, заңсыз жекешелендірілген бұрынғы кинотеатр мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді онда жастардың ширап, шыңдалуына жағдай жасалатын көп аймақты, заманауи кеңістік пайда болады. Осылайша біз оларды қолдап қана қоймай, туған өлкесінің өркендеуіне үлес қоссын деп жағдай жасап отырмыз. Сол үшін де жастар саясатының академиялық қырын күшейтіп, білім сапасын арттыруға басымдық берілуде.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне Ұлттық жоғары оқу орны мәртебесінің берілуі өңірдің ғылым және білім салаларының дамуына тың серпін әкелді. Бұл – оқу орнының академиялық деңгейінің мойындалуы ғана емес, бұл – жаңа мүмкіндіктерге жол ашу: енді қосымша инвестиция тартуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, жетекші профессорларды білім ордасына шақыруға, ғылыми зерттеу жұмыстарын жасауға мүмкіндік молая түседі. Ертеңгі күні университет өңірдің ғана емес, бүкіл еліміздің ой-санасын өрге сүйрейтін жаңа идеялар мен ғылыми ізденістердің қайнар көзіне айналары анық.

Бұдан бөлек, қазір Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындарының біразымен келіссөз жүріп жатыр. Мақсат – қос университеттің білім беру жобаларын үйлестіре отырып, ортақ бағдарламаны бастау. Ойымыз жүзеге асса, жастар әлемдік деңгейдегі білімді шетелге бармай-ақ, туған өңірінде алатын болады. «Арық айтып, семіз шық» демекші, бұл мақсатта атқарылып жатқан шаруаны егжей-тегжейлі айту әзірше ерте. Десе де, жұмыс бағыты айқын.

– Тұлға қалыптастыруды сөз етсек, жастарды тәрбиелеудегі маңызды аспектілердің бірі – мәдениет. Қарағанды өңірі ежелден бай мәдени мұрасымен танымал. Осы саланы сақтап, дамыту жолында нендей жұмыс атқарылып жатыр?

– Қазір жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен мәдени инфрақұрылымды жаңартуды қолға алдық. Осы ретте, атсалысып жатқан барлық жанашыр жандарға алғыс айтқымыз келеді. Техникалық және жобалық-сметалық құжаттарды жасап, бірқатар маңызды нысандарға арнап жаңа архитектуралық шешімдер әзірленуде. Солардың ішінде, К.Станиславский атындағы орыс драма театрын, «Шалқыма» концерт залы мен цирк ғимаратын атап өтуге болады. Келесі жылы бұл тізімге С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры мен хайуанаттар бағы қосылады. Сонымен қатар, жақын арада Балқаштағы М.Хамзин атындағы Мәдениет үйін жаңғырту жұмыстары басталады. Ол – 1952 жылы бой көтерген ғимарат, қаланың мәдени келбетінің маңызды бөлігі. Жоба демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылмақ. Мұндай нысандарды жаңартудағы түпкі мақсат – заманауи жобаларды жүзеге асырып, қабілетті жастарды тәрбиелейтін орта құру.

Осы жұмыстың жалғасы ретінде мәдени-туристік бағыттың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Бұл идеяның ерекшелігі сол – Орталық саябақ пен циркті, Станиславский театрын, «Шалқыма» залын және Ленин кинотеатрын бір-бірімен жалғайтын жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Әзірге жоба эскиз түрінде ғана дайын. Тұжырымдамасы әлі ойластырылуда. Десек те, бұл жоба қаланың мәдени инфрақұрылымын біртұтас кеңістік ретінде қарастыруға мұрындық болып отыр. Басты мақсат – талантты жастардың басын қосып, таптырмас бастамаларды жүзеге асыруға жол ашатын тарихи мұра мен қаланың заманауи келбетін, жаңа инфрақұрылымды ұштастыру, ортақ үйлесім табу.

Өзге де аталған жобалар секілді бұл бастама да салт-дәстүр, креативті ой, қолжетімділік пен экономикалық тиімділік үйлесе қабысқан заманауи мәдени орта қалыптастыру жолындағы ауқымды жұмыстың маңызды бір бөлігі. Өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамыту – сенімді болашақ құруға негіз болатын басты бағыттың бірі. Осы орайда, Қарағандыда креативті индустрияға серпін беретін «Ortau» ресурстық орталығының «Сарыжайлау» кинотеатрында ашылуының ар жағында терең мән-мағына жатыр. Бүгінде «Ortau» өзгеше ойлайтын, өзіндік жолын табуға ұмтылғандар үшін тартымды орталыққа айналды.

Облыс орталығын көркейтуге бағытталған тағы бір маңызды жобалардың бірі – 1 500 адамға арналған Конгресс-холл. Қазір біз жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Ірі мәдени іс-шаралар өткізіп, белгілі әртістердің гастрольдік сапарын ұйымдастыруға мүмкіндік беретін үлкен залдардың болмауы қаланың дамуына айтарлықтай кедергі болғаны рас. Оны мойындау керек. Конгресс-холлдың салынуы мәдени инфрақұрылымдағы олқылықтың орнын толтырып, өңірдің мәдени өміріне тың серпін береді деп сенемін.

Бүгінде өңіріміздің мәдени өмірінде ауыз толтырып айтарлық жаңалық жетіп артылады. Түрлі фестивальдар, театр гастрольдері, этнофорум секілді ауқымды іс-шаралар өтіп жатыр. Биыл республикалық айтыс өткенін білесіздер. Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде ұйымдастырылған халықаралық айтыста біздің командамыздың жеңіске жеткенін ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының қолдауымен жақында өткен республикалық деңгейдегі «Командалық айтыста» қарағандылық шайырлар 20 команданың ішінен ең үздік деп танылды. Әртістеріміз ұлттық сыйлықтардың лауреаттары атанса, театрларымыз республикалық және халықаралық додаларда жақсы өнер көрсетті.

Осы тұста айта кететін бір жайт, Еуропалық экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректері бойынша, мәдени дамуы жоғары мемлекеттердің еңбек өнімділігі, инновациялық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылық деңгейі жоғары болады. Яғни, мәдениет адамды тұлға ретінде қалыптастырумен шектелмейді, тұтас қоғамды бәсекеге бейімдейді. Сол себепті, мәдени ортамызды, инфрақұрылымды сақтай отырып, адамдардың рухани, адамгершілік құндылықтарын күшейтуге мән беру аса маңызды.

– Қарағанды облысы «Кітап оқитын ұлт» жобасын республикада ең алғашқы болып қолға алды. Бұл идея нені көздейді?

– Расымен де, Қарағанды облысы бұл жобаны елімізде бірінші болып қолға алып отыр. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен белгіленген Ұлттық кітап күнінде өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры әзірлеген жобаны іске асыруды тапсырды. Оның айтуынша, бұл жоба – ұлттың мәдени кодын күшейтетін сенімді құралдың бірі. Байқау түрінде өтетін бұл жоба мектеп оқушылары, колледждер мен ЖОО студенттері, ата-аналар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер секілді түрлі әлеуметтік топтарды қамтиды. Оған кітап оқуды дағдыға айналдырған, білімге құштар барлық буын өкілдері қатыса алады. Жалпы саны 67 мыңнан астам адам қатысуға ниет білдірді. Байқау шарттарына сәйкес, әрбір қатысушы белгілі бір тізім бойынша, кем дегенде, 15 кітап оқуы керек. Осы мақсатта 300 кітаптан тұратын тізім әзірленді. Ішінде жалпыұлттық сауалнама аясында іріктелген 100 үздік отандық әдебиеттен 43 туынды бар. Байқау талаптарының нақ осылай құрылуы тегіннен-тегін емес. World Population Review индексінің дерегіне сүйенсек, қазақстандық бір азамат жылына орта есеппен небәрі 2,8 кітап қана оқиды екен. Салыстыратын болсақ, АҚШ, Ұлыбритания және Үндістан тұрғындары жылына 17-ден астам кітап оқиды.

Абай мен Шәкәрімдей ой алыптарын, Әл-Фараби мен Қорқыттай ғұламаларды тәрбиелеген қазақ халқы үшін мұндай көрсеткіш – ақтауға келмейтін олқылық. Кітап оқудың арқасында адамның қиялы дамиды, өрісі кеңейеді. Сол себепті, кітап оқу дағдысынан қол үзуге қақымыз жоқ. Бұл рухани мәдениетіміздің темірқазығы, білімді болашақтың арқауы. Жоба мақсаты – ресми көрсеткішті арттырумен қатар, кітап оқу дағдысын қалыптастыру, оны күнделікті әрекетке айналдыру. Әңгіме басында атап өткен қоғамның мәдени иммунитеті осылайша қалыптасады. Қандай жағдай болса да сыртқы ықпалдарға берілмей, мәдениетке құрметпен қарап, сыни ойлап, адамгершілік бағдарды сақтай білу – нағыз құндылықтың өлшемі. Осының бәрі Абай айтып кеткен «толық адам» тұжырымдамасының негізін қалайды.

Президенттің айтуынша, кітапқұмар ұлт қалыптастыру – мәдениет шеңберіндегі іс қана емес, ол – елдің қауіпсіздігі мен интеллектуалды дербестігінің кепілі. Сол себепті, «Кітап оқитын ұлт» жобасы – әрқайсымыздың болашаққа қосқан зор үлесіміз. Облыстың танымал ақпарат құралдары ретінде сіздер де осы бастаманы қолдайды деп үміттенем.

– Әрине, сөзсіз қолдаймыз. Жалпы, ой-сананы, рух пен ұлттық кодты қалыптастыратын құндылықтар тек кітап оқығанда ғана емес, спортта да айқын көрінеді. Әсіресе ұлттық ойындармен айналысатын спортшылар үшін аталған қасиеттер аса қажет. Сіз, облыс әкімінің орынбасары ретінде өңірде ұлттық спорт түрлерін дамытуды бұрынғыдай белсенді қолдайсыз ба?

– Әрине. Сарыарқа бұрыннан ұлттық спорттың, оның ішінде ат спортының үздік мектебі екені баршаға аян. Бір ғана мысал келтірейін. Біздің облыста шамамен 12 мың адам ұлттық спорттың бірнеше түрімен айналысады. Олар түрлі спорттық клубтарда тіркеліп, жарыстарға қатысады. Шындығында, ұлттық спортпен айналысып, оны қолдайтындардың қатары бұдан әлдеқайда көп. Өйткені, бұл – біздің мәдени кодымыздың, ұлттық санамыз бен әдет-ғұрпымыздың ажырамас бөлігі. Қарағандылық спортшылар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында топ жарып, ел құрамасының қоржыны 4 медальмен толықты. Жыл сайын облыста ұлттық спорттың 8 түрінен «Сарыарқа – Ұлы дала ойындары» өтеді. Біз осы саладағы жетістіктерімізді еселеп, қабілетімізді күшейтуді көздеп отырмыз.

Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысын ат спортының орталығына айналдыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ата-бабамыздан мұра болып қалған тарихи салт-дәстүрімізді жаңғыртумен қатар, туризм, спорт, ауыл шаруашылығы, мәдениет пен экономиканы тоғыстыратын мультисалалық индустрия құруға мүмкіндік береді. Сарыарқаның кең даласы, сондай-ақ, Ресей, Орталық Азия және Еуропаға жақын орналасқаны бұл жобаны жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама өңірге қомақты инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын ашады. Осылайша, бабадан қалған құндылықтарымызды сақтай отырып, оны бүгінгі заман талабына сай жаңа идеялармен жаңғыртуды қолға алдық. Бұл идеяларды жүзеге асыру өңірдің экономикасына серпін беріп, беделін арттырады.

– Жалпы, спорт саласына кеңінен тоқ­талсақ. Қарағанды – чемпиондар отаны ретінде елімізге, күллі әлемге танылған. Осы салада соңғы уақытта қол жеткізген жетістіктерді атап өтсеңіз.

– Биыл біздің спортшылар 140 халықаралық жарыста 418 медаль жеңіп алды. Бұл – үлкен жетістік. Жастарға үлгі болатын жарқын мысалдар бар: боксшы Аида Әбікеева әлем чемпионы атанды, Владислав Киреев қысқы Азия ойындарында алтын мен қола еншіледі, ал паралимпиадашылар Дастан Мұқашбеков пен Даяна Федосова қола жүлдені қанжығасына байлады. Мұндай жеңістер, сөзсіз, қанаттандырады. Бірақ біздің міндет – осы жетістіктерді тұрақты нәтижеге айналдыру, жүйелі табысқа жеткізу. Ол үшін мықты инфрақұрылымдық база қажет. Сондықтан біз тек нәтиженің өзіне емес, сол нәтижеге апаратын жолға да баса мән беріп отырмыз.

Бүгінде спорт тек жеңіс аренасы ғана емес, өңірлердің дамуына серпін беретін күшке айналып отыр. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бірқатар нысандардың құрылысы басталды. Саранда спорт кешені салынып жатыр. Бұған қоса, Балқашта, Шет ауданының Мойынты ауылында тез тұрғызылатын модульді спорт ғимараттарын салуға жеке инвестициялар тартылды. Ал Қарағандыда «Аманат» және «Өжет» спорт-сауықтыру кешендерінің құрылысы қолға алынды. Басты мақсатымыз – өңір халқының өмір сапасын арттыруға бағытталған, халықаралық стандарттарға сай спорттық кластер қалыптастыру. Бұл қадам спорттың қолжетімділігін кеңейтіп қана қоймай, болашақта түрлі бағыттағы заманауи нысандарды тоғыстырып, кешенді инфрақұрылым құруға жол ашады. Оның құрамына жеңіл атлетикалық манеж, дарынды спортшыларға арналған мектеп-интернат, мұз айдыны, әмбебап спорт кешені, футбол академиясы және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру орталығы кірмек.

Біз қазіргі заманғы тәрбиенің экожүйесін қалыптастыра отырып, тек базалық инфрақұрылымға ғана емес, жас таланттарды дамытуға да басымдық беріп келеміз. «Freedom Шапағат» қорының қолдауымен «Шахтёр» футбол академиясының құрылысы басталды. Бұл – болашақ кәсіби спортшыларды дайындайтын орталық. Академия құрамында жабық манеж, ашық алаң, 3,5 мың көрерменге арналған стадион және 65 орындық жатақхана қарастырылған. Бұл – өңірлік спорттық кластерді құру жолындағы алғашқы қадам.

Футбол академиясы – кешенді бағдарламаның бір бөлігі ғана екенін айта кеткім келеді. Жоба аясында мектептегі жаттықтырушыларды оқыту да қарастырылған. Қазірдің өзінде он мектеп «пилоттық жобаға» енді. Жақында біз дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне арналған семинар өткіздік. Соның нәтижесінде олар УЕФА сертификатына ие болды. Демек, біз тек спорттық инфрақұрылымды ғана емес, болашақ чемпиондарды тәрбиелей алатын кәсіби ортаны да қалыптастырып жатырмыз.

Келесі қадам – спортты өскелең ұрпақтың күнделікті өмір салтына айналдыру. Мәселен, жаңа ықшамаудандарда футбол алаңдары салына бастады. Нәтижесі бірден сезілді: балалардың қызығушылығы артып, әсіресе қыздардың белсенділігі ерекше көзге түсті. Бұл кездейсоқ құбылыс емес. Халықаралық зерттеулер де соны дәлелдейді. Мәселен, Австралияның қылмыстану институты жүргізген зерттеулер жастардың спортпен жүйелі түрде шұғылдануы тек денсаулықты нығайтып қана қоймайтынын айтады. Ол құқықбұзушылық деңгейін төмендетіп, мінез-құлықтың тұрақты моделін қалыптастырады әрі жасөспірімдердің қоғамға бейімделуіне зор ықпал етеді.

Сонымен бірге, біз мектептерде интеллектуалдық спорт түрлерін де белсенді енгізіп жатырмыз. Ең алдымен – шахмат. Бұл бағытта Қарағанды облыстық шахмат федерациясы үлкен жауапкершілік алып, оқу орындарын қажетті құрал-жабдықпен және әдістемелік базамен қамтамасыз етуде. Қазірдің өзінде мұғалімдерді оқыту басталды, әр ұстаз шахматты сауатты жүргізе алуы үшін арнайы даярлықтан өтуде.
Балалар үшін шахмат – жай ғана қызығушылық үйірмесі емес, стратегиялық ойлау, логика мен зейінді шыңдайтын нағыз мектеп. Осылайша мектептерде екі түрлі бағыт қолданылуда: бір жағынан – дене шынықтыру мен бұқаралық спорт арқылы дамытамыз, екінші жағынан – зияткерлік және когнитивтік дамуды қолға аламыз. Нәтижесінде тәрбиенің толыққанды экожүйесі жасалып, жаңа буын алғыр да шымыр, қайсар да табанды болып жетіледі.

– Сонымен сұхбатымызды түйіндесек. Осы бір жыл ішінде қандай сабақ алып, өзіңіз үшін қандай қорытынды жасадыңыз?

– Білесіз бе, қала тұрғындары «Гармошка» деп атап кеткен тұрғын үйдің төбесінде әлі күнге дейін «Қарағанды – үлгілі тәртіп пен жоғары мәдениет шаһары» деген жазу сақталған. Бұл сөз уақыт сынынан өткен Сарыарқаның айбынын, Қарағандының қайсар рухын айшықтап тұр. Себебі бұл өңірдің жұрты үшін темірдей тәртіп, іске деген адалдық және сапаға деген талап – басты қағида.

Бір жылда түйген ойым – сырт көзге көрінбейтін, бір қарағанда елеусіз жұмыс – түптеп келгенде, тұтас жүйені қалыптастыратын маңызды бағыт болып шығады. Біз атқарып жатқан шаруаның барлығы – мектеп салу, жол жөндеу, инфрақұрылымды дамыту, бизнесті қолдау – бір ғана мақсатқа қызмет етеді. Ол – халықтың өмір сапасын жақсарту. Әр адам өз еңбегімен қоғамға пайда тигізіп, ортақ іске жұмылғанда ғана ел еңсесі көтеріледі.

Нағыз табыстың формуласы да осында: өсім сыртқы жағдайға емес, адамдардың ішкі жасампаз қуатына сүйенгенде ғана берік болады. Әрқайсымыз өз кәсібімізде, ортамызда, туған жерімізде қосымша құн өндіре білсек – тұрақты даму қиялдағы ойдан нақты іске, өмір сүру салтымызға айналады. Мінеки, тұрақты дамудың формуласы осыдан шығады: экономикасы қуатты мемлекет пен елге жанашыр, болашағына сенген азаматтың жасампаз әлеуеті тоғысқанда ғана ел еңсесі көтеріледі.

Сандар – нақты істердің көрсеткіші. Қарағанды – болашағы зор аймақ екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Бір жылда ішкі жалпы өнім көлемі 11,3 % пайызға өсім көрсетіп, 15,5 млрд евродан асып жығылды. Бұл көрсеткіш бізді Шығыс Еуропа, Түркия сынды елдердің деңгейіне көтереді. Мұндай нәтиже – таңдалған бағыттың дұрыстығын дәлелдеп қана қоймай, өңір үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Иә, көңіл көншітер көрсеткіштеріміз баршылық. Бірақ әр көрсеткіштің ар жағында мыңдаған адамның еңбегі, озық идеясы, зор жауапкершілігі жатқанын ұмытпауымыз керек. Нағыз құндылық та осында: сол еңбек пен ізденіс жаңа бастамалардың қайнар көзіне айналып, өңір болашағына деген сенімді күшейтеді. Ал болашақ өздігінен келмейді. Сондықтан ертеңгі күн бүгіннен бастау алатынын естен шығармайық.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет! Қолға алған бастамаларыңыз бен жасап жатқан жұмысыңыз өңір дамуына жаңа қарқын береді деп сенемін.

Сұхбаттасқан Қайрат ӘБІЛДА

Басқа материалдар

Back to top button