Әлеуметтік төлемдерде өзгеріс бар
Елімізде 1 қаңтардан бастап, арнайы әлеуметтік төлем енгізіледі. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерге төленеді. Оны аймақта 5 мыңнан астам адам ала алады. Бұл жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Нұркен Блялов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, төлем үш жағдайда төленеді.
– Төлем 55 жастан асқандарға, жұмыс беруші міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын 7 жыл және одан да көп уақыт төлеген болса, зиянды еңбегін тоқтатқан немесе зиянды емес басқа жұмысқа ауысу фактісі болса, төленеді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегі бойынша облыста бұл критерийлерге сай келетін 5 629 адам бар. Төлем проактивті түрде жұмыскердің шотына түсетін болады. Ешқайда өтініш жазып керек емес. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға айтпаған жөн. Себебі, төлемнің тағайындалуына қажетті мәліметтер ақпараттық жүйеден автоматты түрде алынады, – деді департамент басшысы Нұркен Блялов.
Зиянды еңбек жағдайларда жұмыс істейтіндер үшін төлем төрт жерден түседі. Біріншісі – республикалық бюджеттен түсетін, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшерде (86 814 теңге). Сосын БЖЗҚ-да жинақталған сомаларды жеке негізге ала отырып төленеді. Ол міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және міндетті зейнетақы жарналары есебінен құралады. Үшіншіден, өмірді сақтандыру компаниясынан ең төменгі күнкөріс деңгейі (43 407 теңге) мөлшерінде болатын сақтандыру төлемі және жұмыс берушінің қаражаты есебінен ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшеріндегі кәсіби төлем.
Бұл ретте қазіргі уақытта зиянды жұмыс орындарында істемейтін адамдарға аталған төлем бюджет және БЖЗҚ есебінен төленетінін айта кету керек.
– Аталған төлемдердің ішінен департамент арнайы кәсіби мемлекеттік жәрдемақы, яғни, бюджеттен төлем тағайындайды. Төлем тағайындауға жүгінген жағдайда қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыстан кетуге міндетті. Яғни, ол өндірістегі зиянды емес жұмысқа ауыса алады немесе басқа жұмысқа орналасады. Зиянды еңбек жағдайларына қайта оралған жағдайда төлем автоматты түрде тоқтатылады. Арнайы әлеуметтік төлем зейнетақы емес және өмір бойы тағайындалмайды. Зейнеткерлік жасқа толғанға дейін төленеді. Қосымша ақпаратты департаменттен алуға болады, – деді Нұркен Аманбайұлы.
Департамент мамандары биыл мүгедектікті және еңбекке қабілеттілігінен айырылуды белгілеу және әлеуметтік қорғаудың қажетті шараларын айқындау бойынша барлығы 16 050 мемлекеттік қызмет көрсетті.
Брифинг барысында негізгі мемлекеттік төлемдер де айтылды. Жасы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9%-ға артады. Мәселен, жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін 55 АЕК (203 060 теңге) алынады.
– Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болғанда немесе болмағанда ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 65%-ы (60%-дың орнына) мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады, бірақ, ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 105%-нан аспайтын мөлшерде беріледі. Бұл жаңа тағайындалған зейнеткерлерге және 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққандарға да қатысты, – деді департаменттің зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы Ләззат Сембек.
Мүгедектігіне және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері де ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне қатысты көтеріледі. Брифингте айтылғандай, I топ – 95 496 теңге, II топ – 76 397 теңге және III топ 52 089 теңге мөлшерінде жәрдемақы алады. Инфляцияның Ұлттық Банк бекіткен деңгейі 7% болып қала береді.
– Мүгедектікті белгілеуді сырттай проактивті режимде өткізудің арқасында азаматтарға, барлық қызметтерді бір медициналық ұйымда алу мүмкіндігі туды, – деді департаменттің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің бас маманы Бағдат Тұяқбаева. – Пилоттық жоба облыста былтырдан бастап жүзеге асырылды. Қазіргі таңда әзірше нозологиялардың 20 пайызы ғана пилотқа қатысады. Олар онкологиялық аурулар, туберкулез, ересек адамдарда қан айналым жүйесінің, терминалды бүйрек жеткіліксіздігімен зәр шығару жүйесінің аурулары, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, балаларда 1 типтегі қант диабеті, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық ақаулар, Даун ауруы. Облыстың барлық емханалары пилотқа қатысады.
Науқас диагностикалық, емдік және реабилитациялық шараларын өтеді. Оның денсаулық жағдайы туралы мәлімет медициналық қызметкерлермен медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне енгізіледі. Егер мүгедектіктің белгілері бар болса, емдеуші дәрігер медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама мен жеке оңалту бағдарламасын әзірлейді.
Бағдат Тұяқбаева айтқандай, жоба науқастың кешенді проактивті қызмет алуына, уақытын үнемдеуіне мүмкіндік береді.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz