Бас тақырып

Әлеуметтік масылдықтан қайтсек арыламыз?

Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбей, жеңіл табыс табуға ұмтылу белең алып бара жатқан сияқты, қоғамда. Бұл әсіресе, бүгінгі нарық заманында тайға таңба басқандай көрініп тұр. Яғни, адамдар арасында әлеуметтік масылдық пайда болды. Адамды да тұлға ретінде дамытпайтын, қоғамға да кері әсерін тигізетін бұл үрдістен қайтсек арыла аламыз?

ӘЛЕУМЕТТІК МАСЫЛДЫҚ ДЕГЕН НЕ?

Оны әлеуметтік проблемалардың ішіндегі ең қауіптісі деп есептейді әлеуметтанушылар. Әлеуметтік масылдық халыққа да, тұтас елге де опа бермейді. Адамды кедейлікке, қоғамды деградацияға апаратын «төте жол». Әу бастағы түсінік бойынша қалыпты әлеуметтік масылдылық жұмысқа қабілетсіз, мүгедек, қарт, асыраушысы жоқ отбасы және кәмелет жасына толмаған адамдарды өмір сүруге керекті дүниелермен қамтамасыз ету. Дегенмен, бүгінгі күні қалыптан тыс әлеуметтік масылдылық деп, денсаулығы жақсы, еңбекке қабілетті адамдардың саналы түрде өзінің күшін, мүмкіндігін пайдаланбай, өзге адамның немесе тұтас қоғамның есебінен өмір сүруге ұмтылуын айтамыз. Әлбетте бұл бір күнде пайда болғандүние емес. Бұл ретте зерттеушілер әлеуметтік масылдықтың қанымызға сіңіп, бойымызға дендеп еніп алуының бір себебі – бір қоғамнан екінші қоғамдық жүйеге ауысу адам бойында «түсініксіз қасиеттердің» пайда болуына алып келді деп санайды.

– Әлеуметтік масылдық кедейлік, әлеуметтік теңсіздік, халықтың психологиялық ерекшеліктері мен мемлекеттің әлеуметтік саясатының аясында зерттелуді қажет етеді, – дейді әлеуметтанушы Айдос Алтынбеков.

– Оның пайда болуы мемлекеттік саясат пен қоғамның санасына тікелей байланысты. Қазақстанда әлеуметтік масылдылықтың таралуына КСРО-ның әлеуметтік жүйесі әсер етті. Кеңестік әлеуметтік жүйеде адамдардың басым бөлігі универсалды жалпыға ортақ өмір сүру стратегиясын ұстанды. Әр адамның әлауқаты өзінің еңбекқорлығына, жұмысты көп істеуіне байланысты болмады. Яғни, адамдардың барлығы бірдей жалақы алды және жалақы өндірістің экономикалық тиімділігіне, өнімнің бағасына, жеткізілу құнына, шығынына байланысты есептеліп берілген жоқ. Адам белгілі бір салада жұмысты жақсы, орташа немесе нашар істесе де жалақының көлемі бірдей болды. Адамның тиімді еңбек етуіне және оны ынталандыруға көңіл бөлінген жоқ. Кейін, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы өтпелі кезеңде шынайы еңбек етуге тиіс адам түрлі себепті сылтау етіп, жұмыстың жоқтығын айтып, кінәні өзінен емес, өзгеден көруге бейімделіп алды. Тәуелсіздік алған ширек ғасырдан астам уақытта бұл тіпті, асқынып кетті.

NEET ЖАСТАРДА НИЕТ ЖОҚ

Содан бері қарайғы буынның арасында NEET деген санат қалыптасты. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен, не білім алуға, не жұмыс істеуге ниеті жоқ жастар қатарының артқанын айтуға тиіспіз. Мәселен, «BRCkazconsult» зерттеу компаниясы жүргізген зерттеулер нәтижесі жастардың құндылық бағдарының өзгергенін көрсетті.

– Жастардың басты құндылықтары қоғамдық пайдалы әрі әлеуметтік маңызды бағыттан жеке тұлғалық бағытқа ауысқанын көруге болады. Сауалнама жүргізгендердің 10%-ы жақсы білім алу, қызметте өрлеу сияқты әлеуметтік мәртебе көрсеткіштеріне ұмтылады. Көбісінде әлеуметтік пессимизм басым. 69,4%-ы таныс-тамырдың, 56,4%-ы бай әке-шеше, туыстардың арқасында жетістікке жетуге болады деп есептейді. Өз бетінше ізденіп, дамуға құлшынғандар жоқ, – дейді аталған зерттеу компаниясының директоры, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті Анжела Инджиголян.

Анжела Алвановнаның айтуынша, Қазақстандағы әлеуметтік масылдық мәселесінің тарихи тамыры бар.

– Десек те, бұл қазіргі таңдағы әлемдік мәселе. Мәселен, Батыс елдерінде NEET деп аталатын санат кең таралған. Қазақстанда әлеуметтік масылдықтың таралуына қатысты бірқатар зерттеулер жүргізілгенімен, олардың көбісі осы, NEET жастарына қатысты. Алайда, тәжірибеден байқағанымдай, мұндай теріс пиғыл басқа да адамдар тобы, мәселен, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында таралған. Бұл ретте үздіксіз күрес және ақпараттық түсіндіру жұмыстарын қажет етеді, – деді А.Инджиголян.

Шынымен де, айналып келіп NEET жастарын зерттей бергеннен бұл мәселе шешілмейді. Себебі, масылдық пиғылы барлық әлеуметтік топтардың арасында көрініс береді. «Жеңіл ақша тапсам» деген түсінік пайда болды. Негізі кез келген жолмен келген жеңіл ақшаның ғұмыры ұзаққа бармайды. Маңдай терін төккен табыс қана берекелі болмақ. Осыны түсінбей адал кәсіп істеп, нәпақа табудан гөрі, біреуге масыл болып күнін көру әлдеқайда жеңіл сияқты көрінеді. Жалғыз мамандығына, алған дипломына иек артып отырып қалады. Қазіргі заманда бір мамандыққа байланып қалудың қажеті жоқ. Өйткен адам ұтылады. Қолыңнан не келеді, бойыңда қандай қабілет бар, соған қарай икемделу керек. «Алма піс, аузыма түс» дейтін уақыт емес қазір. Мұқтаждық бар, масылдық бар, екеуі бөлек дүние.

«АДАМ ТІРШІЛІК ҚЫЛУ КЕРЕК»

– Адам мүлдем жұмыс істемей отырып, «үкімет неге бермейді?» деу дұрыс емес, – дейді «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахметова.

– Көшеге шықсақ, аттандасақ үй береді деп ойлайды. Олай емес. Заңсыз ешкімнің үй алуға құқығы жоқ. Біреуі алса, кезекте тұрғаны екіншісі шықпай ма? Мен қандай мәселе көтерсем де, барлығы заң шеңберінде болғанын қаламаймын, заңнан аттамаймын. Жақында екі баласы бар бір әйел хабарласып, үйден, тамақтан көмек сұрады. Жұмыс істемейді екен, неге десем, «балалар мектепте» деді. Бала бәрінде бар. Арасында жұмыс істеуіне болады ғой. Жалақы аз, жетіспейтіндігін түсінемін. Бірақ, мүлде жұмыс істемей отыруға болмайды. Адам тіршілік қылу керек. Оған қарап өскен бала да еңбекқор болады. Егер сен үйде отырып «әкел, әкел» десең, балаң да сондай дайынға үйренетін болады. Нарық заманында жұмыс жоқ емес, жетеді. Тек ниет керек. Дәл сол ниет, адамдарда болмай тұр. – Бүгінде көпбалалы аналарға мүлде жағдай жасалмады деген дұрыс емес. Бұрын 10 мың теңге алатын, қазір ол 46 мыңға өсті. «Бақытты отбасы» деген 2%-ық ипотека бар. Оның бастапқы жарнасын да іздемейсің, әкімдік береді. Тек 6 ай жұмыс істеп, зейнетақы аударымын жасау керек. 10 миллионға 2-3 бөлме Пришахтинскіден алуға болады. Оған төлейтін 40-50 мыңын сол жәрдемақысынан да төлей алады, – дейді Л.Қожахметова.

Шын мұқтажға тиесілі өз орнын тапқаны жөн. Ал, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Қалада жұмыс болмай жатса, қазір мектепке оқушысы бар отбасыларды іздеген ауылдар көп. Жағдайын жасап алғанша бір-екі жыл ауылға бара тұруға болады. Басына баспанасын, жұмысын береді. «Қалада пәтер жалдап қиналғаннан сол жақсы емес пе?» дейді орталық басшысы. Іздеген адам табады, мақсат қойса, көздегеніне жетеді. Ниеті болса. Болмаса, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалады. Әркімнің бойынан Абай айтып кеткен «талап, еңбек, терең ой» табылса, бүгін бұл тақырып өзекті болмас еді.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button