Әлеуметтік кесел алаңдатады
Нашақорлық – қай кезде де өзекті мәселе. Қазіргі уақытта бұл қатерлі дерттің таралу ауқымы мен жылдамдығы күннен-күнге өсуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Есірткі – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел» екенін атап өтті. Биыл облыс бойынша есірткіге қатысты 243 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде, 68 сату және 124 есірткіні сақтау фактісі анықталды, 157 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері барлығы 700 келіден астам түрлі есірткі тәркіленді. Оның ішінде 97 келі марихуана, 84 келіге жуық гашиш және 7 келі синтетикалық есірткі.
Қазіргі таңда еліміздің жастар арасында «синтетикалық есірткі» деп аталатын тұтынудың жаңа тенденциясы пайда болды.
Синтетикалық есірткі дейтін ұғым осыдан жеті-сегіз жыл бұрын шыға бастады. Бүгінде оның тез таралуы бүкіл әлемнің ең үлкен қаупіне айналып отыр. Ең негізгі себеп – бұл заттардың қолжетімді болуы және интернет пен мессенджерлер арқылы оңай сатып алу мүмкіндігі.
Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» келді, уақыт өте келе түтіні жоқ темекі – «снюс» саудаға шыға бастады. Кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тез жаулады.
Синтетикалық препараттар адам ағзасына зиян. Жүрек-тамыр жүйесі зардап шегеді, иммунитет төмендейді, бұл жиі суық тиюге, түрлі ауруларға әкеледі, бүкіл денеде абсцесс пайда болады. Инъекциялық формалары қауіпті жұқпалы аурулардың таралу қаупін тудырады: вирустық гепатит, мерез және АИТВ. Сонымен қатар, нашақорлық өмір сүру ұзақтығын едәуір төмендетеді, интеллектуалды деградацияны тудырады. Дене толық психологиялық қысымға ұшырайды, орталық жүйке жүйесі бұзылады (зейін мен ойлаудың бұзылуы, ұйқысыздық, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, ашуланшақтық).
Сондықтан, есірткімен күресу – адамзат ұрпағының бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселелерінің бірі. Онымен күресу, сақтану, бойды есірткіден аулақ ұстау, саламатты өмір салтын ұстану – адамзат ұрпағының келешекке жетелейтін ұстанымы.
Есірткі саудасы – ел үшін де үлкен қатер. Мұның зардабын көбіне қарапайым халық тартуда.
Ұлан СӘДУАҚАСОВ,
Қарағанды облысы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің
заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының бастығы