Әлеуметтік көмек кешікпейді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ел бойынша жарты миллионнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Аталған көмекті осы айда 106,7 мың отбасындағы 559,8 мың адам алған. Бұл үшін 65,4 млрд. теңге бюджеттен бөлінді.
Жыл басынан бері кепілдендірілген әлеуметтік көмек табиғи нысаннан монетизациялау форматына көшкен болатын. Оған сәйкес 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде төленіп келеді. Қыркүйектің басындағы деректер бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатарындағы балалар саны 172,9 мың. Яғни, осынша балаға қосымша төлем тағайындалды.
Атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен отбасының әрбір мүшесіне беріледі. Оны тағайындау туралы өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ, egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады.
Қарағанды облысында жыл басынан бері 1 692 отбасынан 7 743 адам барлығы 477,7 млн. теңгені құрайтын атаулы әлеуметтік көмек алды. Оның 670-і көпбалалы отбасы.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»