Әлеуметтік дәріхана ашылды
«Казцинк» компаниясының құрамындағы «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ Жәйрем кентінде әлеуметтік сипаттағы оң өзгерістердің орын алуына дәнекерлік етіп келеді. Жуырда компанияның тікелей қолдауымен жергілікті тұрғындарға есігін айқара ашқан әлеуметтік дәріхана – ауқымы кең істердің болмашы бір айғағы.
Соның нәтижесінде жәйремдіктер өздеріне қажетті дәрі-дәрмекті мейлінше қолжетімді бағамен сатып алатын болды. Нақтылай түссек, олардың сатылым құны көтерме саудадағы баға құнынан 5 пайызға ғана жоғары, яғни, үстеме бағада тасымал шығыны ғана есепке алынған.
Осы орайда дәріхана ғимаратының жөнделуі, қажетті қондырғы-жабдықтар мен жиһаздардың сатылып алынуы, сондай-ақ, олардың жеткізілуі аталған компанияның қаражаты есебінен жүргізілгенін айрықша атап өткен жөн. Тұрғындар сұранысына ие дәрі-дәрмектердің үздіксіз жеткізіліп тұру жайы да – тұрақты назарда. Жаңа дәріхананың ұтымды бір ерекшелігі – сирек тұтынылатын дәрілерге арнайы тапсырыс беру мүмкіндігінің тудырылуы.
Кент тұрғындарының, әсіресе, зейнеткерлер қауымы мен әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген адамдардың ізгі ниетті ұстанған компания басшылығына айтар алғысы шексіз.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
ҚАРАЖАЛ кенті.