Әлеуметтік бірлікті нығайту жолы

«Достық» үйінде өткен Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесі отырысында алдағы міндеттер мен таныстырылып, «Мемлекеттік органдардың халықпен тиімді кері байланыс тетіктерін енгізу» арнайы жобасын жүзеге асыру жолдары талқыланды. Сондай-ақ, құрылымның Жезқазған өңірлік бөлімшесінің жаңа басшысы Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ таныстырылды.

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тетігін жетілдіру – Президенттің тапсырмасы бойынша қазір іске асырылып жатқан маңызды бағыттардың бірі. Аталған мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Төлеу Мұхтар айтып берді.

Арнайы әлеуметтік көмекті тағайындау, сұрау салынған құжаттарды оңтайландыру арқылы жеңілдетіледі – деді ол. Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту орталықтары немесе ауылдық округтер мен кенттердің әкімдері ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда тиісті мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды сұратады. Жұмыс «Е-Халық» ақпараттық жүйесін пайдалану арқылы жүргізілмек. Тағайындалған әлеуметтік көмек биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап беріледі.

Отырыс барысында көптеген өзекті мәселелер айтылды. Атап айтар болсақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының жаңа кезеңін түсіндіру, жастарды жұмыспен қамту және жұмыссыздарын арнайы оқу курстарынан өткізу, көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы, баспанаға төмен пайызды мемлекеттік бағдарламалар арқылы қол жеткізу, өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту сияқты кезек күттірмейтін мәселелер талқыланды.

– Биыл жастарға көңіл бөлінуде. Облысымыздың халық көп шоғырланған аумақтарында жұмыспен қамту орталықтары ашылды. Жұмыссыз жастар Алматыға қысқа мерзімді оқыту курстарына жіберіледі. Келген соң грант беріліп, әрі қарай жұмысқа орналасуы қадағаланады. Әсіресе, жат ағымдарға жастарды тарту жағдайы жиі байқалатын Жезқазған, Балқаш қалаларына басымдық беріліп отыр, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай.

«Кедергісіз орта» әлеуметтік жобасы тобының жетекшісі Зеновья Красивскаяның айтуы бойынша, арнайы құрылған топ Қарағанды қаласының К. Станиславский және С. Сейфуллин атындағы драма театрында болған. Рейд қорытындысы оң нәтиже беріпті. Ғимараттарда жабдықталған пандус пен мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсетуге арналған арнайы орындар бар және санитарлық-гигиеналық бөлмеге баруға жағдай жасалған. Сондай-ақ, есту қабілеті нашар көрермендерге арналған құлаққаптар бар екен. Қоғамдық рейд жыл бойы өткізілмек.
Кеңес соңында кеңес жыл бойы Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық деңгейдегі Қоғамдық келісім кеңестерінің, сондай-ақ кәсіпорындарда жұмыс жоспарын іске асыруды қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы қазақстандық қоғамды кешенді әлеуметтік жаңғыртудың қозғаушы күші болуы қажеттілігін және әлеуметтік бірлік пен бірегейлікті нығайтуға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.

Жәлел ШАЛҚАР.