Басты тақырып

Әлеуметтің әлеуеті қандай?

   Құраннан кейінгі қастерлі болуы керек құжат – Ата Заңымызда мемлекеттің «ең қымбат қазынасы – адам» дейді. Яғни, мемлекет – өзінде түтін түтетіп отырған әрбір азаматына тікелей жауапты. Олай болса, санаулы ғана әлеуметін шашау шығаруға хақысы жоқ. Сондықтан да, мемлекеттік саясаттағы басым бағыттың бірі, әлде бірегейі – әлеуметтің әл-ауқаты болуы тиіс. Дүние есігін ашқан қызылшақасынан белі бүкшиген қариясына дейін мемлекет қалқандай қорғанға айналуы қажет. Бұл үдеден біздің билік шығып жүр ме?

Қолда бар ресми мәліметтерге жүгінсек, жергілікті атқарушы ұйымдар бағыт-бағдар етіп ұстанған бағдарламалар арқылы әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға тырысып-ақ келеді екен. Баршаға мәлім, бүгінде елімізде көпшіліктің тұрмыс-тіршілігін түзетуге негізделген мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Жылдар бойы желісін үзген жоқ. Жаңылмасақ, қазірдің өзінде Қарағанды облысында әлеумет үшін жиырмаға жуық бағдарламалар қолданыста. Әр салада алуандығымен көрініс тауып отырған олардың түптің-түбінде діттегені – бұқараның ахуалын жақсарту.

Облыстың әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру және жұмыспен қамту басқармасының сайтында жарияланған деректер аймақтағы әлеуметтің әл-ауқатынан хабар береді. Күн көрістің көзі – жұмыспен қамтылуда екенін ескерсек, бұл орайда басқарма деректеріне көңіл көншитіндей екен. Мәселен, биылғы тоғыз айда Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарының аясында жұмыспен қамту шарасымен 44163 адам қамтылған көрінеді. Ал, биылғы жылдың жоспары 39 886 адам. Сонымен қатар, жоғарыда атап өткен, мемлекеттік және үкіметтік, өңірді дамыту бағдарламалары арқылы жобаларға 2332 адам жұмысқа орналасқан. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 1169 адам, жастар тәжірибесіне жолдама алған жас – 1016. Мұнда жылдық жоспар 755 түлекті құрайды. Бұдан бөлек, кәсіптік оқуға 1350 адам жіберіліп, 504 тұлғаға кәсібін ашу үшін шағын несие берілген.

Бір кездері бұқара мемлекеттің өзі үшін қандай қарекет қылып отырғанынан бейхабар-тын. Қандай бағдарлама, нендей қадамдар жасалуда? Ол жағынан таза мақұрым еді. БАҚ құралдарында бұл мәселенің жіті көтерілуінің салдарынан осы күні көпшілік мемлекеттік бағдарламалар туралы аз-кем құлағдар. Соған орай әрекет жасауға көшті. Сондай бағдарламаның бірі – «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы. Дағдарыстың алғашқы толқынында пайда болған бағдарлама жыл өткен сайын өзінің тиімділігін көрсетті.

«Биыл аталған бағдарламаны іске асыруға 10 млрд. 186 млн. теңге, оның ішінде, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 577 млн. теңге бөлінді» дейді облыстың құзыретті ұйымы.

Үш бағыттағы бағдарлама бұл күні талайға несібе болғаны жасырын емес. Айталық, «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бірінші бағытына 6969 млн. теңге тиесілі. 16 ауылдық дәрігерлік амбулаторияның құрылысына және 587 инфрақұрылымдық жобаларда 5414 жұмыс орнын құру жоспарланған. Нәтижесінде, 196 инфрақұрылымдық жоба бастау алып, онда 2634 жұмыс орны құрылған.

«Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру және тірек ауылдарды кешенді дамыту» екінші бағыты бойынша 554 Бағдарлама қатысушысына 1 661,4 млн. теңге сомасына шағын несие беру көзделген. Бүгінгі таңда 1268 млн. теңге сомасына 485 шағын несие берілген. Сондай-ақ, өткен жылдары шағын несие алушылардың мерзімінен бұрын қайтарылған қаржысы есебінен 49,5 млн. теңге сомасына 19 тұлға шағын несиемен қамтылған.

«Жұмыс беруші қажеттілігінің аясында оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» үшінші бағытына 562 млн. теңге бөлініпті.

Сөйтіп, «Еңбек нарығындағы белсенді саясаттың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 0,2% пайызға төмендегені байқалады» дейді ресми мәліметтер.

Көптен қорықпаған бұқарадан безініп тынады. Қымбат қазынасы – адамына қырын қарамаған билік – есті билік. Бірақ, «құм жиылып, тас болмайтыны, құл жиылып, би болмайтыны» секілді, кедей-кепшік жиылып, ел болмайтынын да ескерген абзал әманда.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Сурет ғаламтордан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button