Руханият

Әлемнің шуағы – бала күлкісінде

Балаларды қорғау күні – балаларға деген мейірімді, махаббатты және болашаққа деген сенімді білдіретін ерекше мейрам. Осы атаулы күнге орай Қарағанды қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Жаңа есім» шығармашылық сайысы биыл да жалғасын тапты.

Суретті түсірген автор

Осы жолы сайыс «Қазақстан – менің Отаным» атты сурет, өнер көрмесінен бастау алды. Аталмыш мерекелік іс-шараға 6 жастан 16 жасқа дейінгі дарынды балалар қатысты. Түрлі бағыттағы көркем өнер туындылары мен бейнелеу жұмыстары арқылы балалар өз қиялын, ішкі жан-дүниесін, туған жерге, бейбіт өмірге деген сүйіспеншілігін көрсете білді.

– Бұл жолғы байқауда да кішкентай суретшілердің таланты мен талпынысы көпшілікті сүйсінтті. Әрбір туынды – балғын жүректің тілсіз әңгімесі, бояумен өрілген шексіз арман. Балалар шабытпен, қуанышпен жұмыс істейді. Қарапайым сурет емес, бұл – олардың ішкі әлемін бейнелейтін картина, – дейді Татьяна Бурова.

Сайыстың ең жарқын сәттерінің бірі – «Восточная красавица» (Шығыс­тың сұлуы) атты көркем туындының таныстырылымы болды. Бұл картинаны ерекше ықыласпен таныстырған – Татьяна Бурова. Ол Теміртау қаласындағы «Qarmet» акционерлік қоғамына қарасты балалар мен жасөспірімдер орталығының «Коллаж» үлгілі бейнелеу студиясының жетекшісі.

Өнер – баланың рухани әлемін байытатын күш. Шара барысында балалардың бейнелеу, ән, би т.б өнерлері бағаланды. Бірақ, бастысы – бұл жарыста ешкім жеңілген жоқ. Себебі, әр бала – дара тұлға, әр туынды – ішкі шындықтың көрінісі.

Дәл осы шараға жылда қатысып жүрген жандардың бірі – Осакаров ауданы, Ертіс ауылының мәдени ұйымдастырушысы Ринат Елубаев. Өзінің айтуынша, осы сайысқа екі айдан бері дайындалған.

– Біздің жұмыстар көбіне кілем кестелеу техникасы бойынша жасалады. Мен сайысқа жеңімпаз болу үшін емес, шабыт алуға, тәжірибе жинау үшін қатысамын. Биыл бес жұмыс алып келдік. Оның ішінде, «Қазақ елі» картинкасы ыстық. Осыған дейінгі ең үлкен жетістігім. 2021 жылы II орын алғанмын, – деді ол.

Биыл «Жаңа есім» байқауының өтіп жатқанына – 10 жыл.

– Осы жылдар бойы біз жас таланттарды іздеп отырамыз. Қолөнершілер, халық ансамбльдері, өнерге жақын балалардың барлығын құрмет тұтамыз. Олардан өз көмегімізді аямаймыз. Осы сайысқа қатысқан балалардың болашағына сенеміз. Жылда осы фестивальге балалар қуана қатысады. Облыс бойынша жан-жақтан жиналған балалар бір-бірімен араласып, достықтарын арттырып, тәжірибе алмасады. Биыл 650 бала қатысты. Жылда халық шығармашылық фестивалін облыстық әкімдік қолдайды, – деді облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылық орталығының басшысы Индира Қанатқызы.

Ернат МАҚАТАЙ,
Қарағанды зерттеу университетінің III курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button