Жаңалықтар

Әлемнің әлеуметтік қасіреті

   Сыбайлас жемқорлық – әлемдегі барлық өркениетті қоғам үшін әлеуметтік қасірет. Бұл кесел тамырын терең жайса, кез келген мемлекеттің саясатына, экономикасына, тіптен, ұлт қауіпсіздігіне зардап әкелетіндігі күмәнсіз.

Бүгінгі күні әрбір мемлекет бұл кеселмен күресудің түрлі тәсілдерін пайдалануда. Жаңа заңдар мен реформаларды, сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа институттарын және тағы басқа әдістерді тиімді пайдаланған кейбір мемлекеттер жемқорлыққа қарсы күрес ісінде нақты жетістіктерге қол жеткізді. Мысалға, жемқорлықпен күресуге және оның әлем бойынша деңгейін анықтауға бағытталған халықаралық үкіметтік емес ұйым «Transparency International» компаниясының мәліметінше, Дания, Жаңа Зеландия, Финляндия, Швеция, Швейцария, Норвегия және Сингапур мемлекеттері сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексі бойынша рейтингісінде алдыңғы қатардан орын тапқан.

Міне, біздің тәуелсіз, жас мемлекетіміз де жоғарыда аталған мемлекеттердің көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жүргізіп отырған саясаттың негізгі басымдықтарының бірін сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағыттады.

Мемлекетіміз Елбасының көрегенді саясаты арқылы Тәуелсіздікті алған күннен бастап жүйелі және мақсатты түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асырып келеді. Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспары сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың дамуына зор серпін берді. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» ұлт жоспарының басым бағыттарының бірі кәсіби мемлекеттік аппаратты құру мен сыбайлас жемқорлықты барынша азайту болып табылады. Бұған дәлел Ұлт жоспарының 13-ші қадамы, яғни, жаңа заңнамалар әзірлей отырып жемқорлыққа қарсы күресті күшейту болып табылады.

Яғни, Ұлт жоспарын орындау барысында түбегейлі реформалар жасалып, сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңа басымдықтары, яғни, заңдардың жаңа моделі қалыптасып, әлемдік стандарттарға сәйкес институттар мен механизмдер қолданысқа енді. Бұл ретте, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы» және таға басқа заңдарды атап өтуге болады. Ал, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны және Нұрсұлтан Назарбаев айқындаған «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 13-ші қадамын іске асыруға бағытталды.

Жаңа заңда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды зерделеу мақсатында заңнамалық деңгейде алғаш рет сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргүзу ұғымы енгізілді. Ол мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік субъектілер қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу тәртібін айқындайды.

Заңмен белгіленген ережелерге сәйкес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдауды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілдері мен мемлекеттік органдардың өздері жүргізе алады. Бүгінгі күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік субъектілердің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 18 сыртқы талдау жүргізді. Талдау жұмыстары білім, денсаулық, мәдениет және әлеуметтік салаларда жүргізіліп, анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 124 ұсыныс берілді.

Талдауда мемлекеттік сатып алу барысындағы мүдделер қақтығысы, мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынышты ұйымдарда жақын туыстардың бірігіп қызмет істеуі мен біліктілік талаптарына сәйкес емес адамдарды жұмысқа қабылдау фактілері анықталды. Яғни, ведомстволық бағынышты ұйымдар қызметіндегі кадр мәселесінде туындаған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары тұрған мемлекеттік орган басшыларының бақылауы мен қадағалау қызметінің төмен болуынан туындайтыны сөзсіз.

Сонымен бірге, талдау барысында салалық заңдардың жетілдірілмеген тұстарында да сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жиі анықталып тұрады.

Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген ішкі талдауды айтпай кетуге болмайды. Өкінішке орай, талдау қорытындыларын зерделеу барысында формальды жасау фактілері анықталды. Бұл мәселе, біріншіден, мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға деген қызығушылықтарының төмендігін немесе дұрыс көңіл бөлмеуін аңғартады. Сондықтан, біздің барлығымыз жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы басты назарды оның алдын алуға, мемлекет пен қоғамның күшін сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға біріктіруіміз қажет.

Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстар әр мемлекеттік органның және оның басшысының қызметінде басым бағыт болу қажет. Тек, сонда ғана біз халықтың мемлекетке деген сенімін арттырамыз және сыбайлас жемқорлықтан бос қоғам құрып, еліміздің даму тағдырынан оң өзгерістер көреміз.

Арыслан МЫҢҒЫШОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл       агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button