Әлемге жаңаша қарау
Кезінде Абай атамыз «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озады» деген болатын. Бүгінгінің адами капитал ұғымы ойшылдың осы пікірімен ұштасып отыр. Адами фактор мен капитал феноменінің маңызы, адами капиталды дамыту концепциясы әлемдік деңгейде алдыңғы қатарға шықты. Демек, ХХІ ғасырда мемлекеттер тек өнім және технологиямен ғана емес, сонымен қатар, сапалы адами капиталмен де бәсекеге түседі.
Бұдан қазақстандықтарды әлемге, өзіне жаңаша қарап, тұлғасын және кәсіби өсуін ұйымдастырудың прагматикалық қатынасы қалыптасатын кезеңнің туып келе жатқанын байқауға болады. Адам санасы «Бұл әлем маған не береді? » деген тұтынушы ойлау моделінен «Мен әлем үшін не істей аламын?» деген прогрессивті ойлау моделіне көшеді.
Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарға бағытталған латын әліпбиіне көшу, аударма әдебиеттерді дайындау, әлеуметтік-гуманитарлық мамандықтарды дайындауға көңіл бөлу жаңа зерделі мамандардың, Қазақстанның технологиялық ресурстарын дамытудың қажет екенін білдіреді.
Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал, рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің орны зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Бірнеше тілді білген адам ештеңеден ұтылмайды. Бүгінде үш тілді, тіпті, одан да көп тілді меңгерген балалар бар. Олардың қатары күн санап көбейіп келеді. Олар өз туған тілін, тарихын, салт-дәстүрін жақсы біледі, өте білімді балалар.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді ұлы Мұхтар Әуезов. Әрбір жас өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуге тиіс.
Егер қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын керек ететін болса, сол жаңашыл адамдарды, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар дайындайтын біздің білім беру ұйымдары Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы тиіс.
Ең бастысы – білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда көптеген жұмыстар жүргізіліп, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізуде өңірімізде келелі жұмыстар атқарылуда. Ұлт жоспарын орындауда әр саланың өзіндік үлесі болса, ұстаздар қауымы қосатын үлес – жас ұрпақты жаңа қоғам мүшесі етіп білім мен тәрбие беруді жаңаша құру, оны осы Елбасымыз көрсетіп отырған талаптарға сай орындау деп білемін.
Роза МОЛДАБАЕВА,
Қарағанды мемлекеттік
университеті
психология кафедрасының
аға оқытушысы.