Жаңалықтар

Әлемді мейірім құтқарады

Түркиядағы зілзаладан соң әлем елдері жаппай гуманитарлық көмек көрсетіп жатқаны мәлім. Бүгін ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Түркияға салмағы 55 тонна болатын қосымша гуманитарлық көмек жөнелтілді. Осындай сауапты істе Қарағанды облысындағы «Шаңырақ» көпбалалы отбасылар орталығы да қалыс қалмады.

– Ағайынның қадірі қиын кезде білінеді ғой. Түрік ағайындарға көмек көрсетуде біздің орталық белсенділік танытты. Әлеуметтік желі арқылы көмек қолын созуға ынталы топты шақыру мақсатында хабарламалар таратылды. Лезде қолдаушылар саны артты. Бірінен бірі естіген адамдар көрпе-жастықтар әкелді. Оның ішінде көпбалалы отбасылардың үлесі басым. Көрпе-жастық жинауымыздың себебі, біздің елден киіз үйлер жөнелтілген болатын. Соған жабдық болсын деп шештік. Білім беру мекемелері, кәсіпкерлер де лек-легімен қол ұшын беріп жатты, – дейді, орталық кеңесшісі Айша Сүлейменова.

Орталық басшысы Ләззат Қожахметованың ұйымдастыруымен жүзеге асқан қайырымдылық шарасына қарағандылықтар шама-шарқынша қолдау білдірді. Адамдардың мейірімділігі болар, лезде қажетті жабдықтар, балалар шапаны, санитарлық-гигиеналық заттар жиналды. Ләззат ханым «Түрік мемлекетінің Астанадағы елшілігіне қайырымдылық көмекті апарып тапсырдық. Бізді елшінің кеңесшісі Шевкет Байрам мырза өзі қарсы алды. Көңіл айту кітабына қолтаңбамызды қалдырдық. «Түркия түлектері» қауымдастығының өкілі Исламбек бізді күтіп алып, заттарды түсіруге көмектесті» деп жазды Facebookтағы парақшасында.

Орталық мамандарының айтуынша, қайырымдылық іс-шарасына қатысушылардың қарасы қалың. Әлі де адамдар келіп, көмек беруде. Бұл шара адам адамға бауыр екенін, қиын сәтте қолдай білетіндігін, сауапты істе ұйысып, береке-бірлікпен кірісе алатындықтарын көрсетті. Жиналған заттарды Астана қаласына тегін жеткізіп берген Руслан Исраиловқа, «Қоғамдық келісім» мекемесіне, қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшімге, облыстық қолөнершілер одағының жетекшісі Перизат Тотыбековаға, ақтоғайлық журналист Гүлнар Елеусізоваға «Шаңырақ» орталығының мамандары алғыс білдіруде.

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button