Бас тақырып

Әлемді мейірім құтқарады

Өткен жексенбі елімізде «Қамқоршылар күні» атап өтілді. Қамқоршы – түрлі себептермен ата-­ана қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге алған жандар. Олар балаға отбасы шуағын сыйлайды, сенім мен махаббат береді, сол арқылы оның тәрбиесі мен болашағына үлкен жауапкершілік арқалайды. Дәстүрге айналған игі мереке өзгенің баласын өзектен теппей бауырына басқан қамқоршыларға арналады, оларды қолдау мақсатында аталып өтеді.

Облыстың білім басқармасының балалардың құқықтарын қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі ұсынған дерек бойынша аймақта 317 мыңнан аса бала тұрады, оның 2 мыңға жуығы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Ол балалардың 1190-ы қорғаншылықта және қамқоршылықта тәрбиеленуде, 261-і патронаттық тәрбиеде, отбасылық үлгідегі балалар үйлерінде – 28 және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда – 520 (білім беру жүйесінде – 404, денсаулық сақтау жүйесінде – 15, әлеуметтік қорғау жүйесінде – 101).

– 2016 жылдан бері облыста патронаттық тәрбиені дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда. Осы уақыт ішінде патронаттық тәрбиеге 540 бала орналастырылды, оның ішінде 329-ы – балалар үйі мен сәбилер үйінен. Бүгінгі таңда 261 бала 180 патронаттық отбасында, сондай-ақ, 1170 қамқоршылар мен қамқоршылардың отбасында 1190 бала тәрбиеленуде, – дейді басқарманың балалардың құқықтарын қорғау, қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі бас маманы Бақыткүл Игенова.

2017 жылдан бастап, облыста 6 отбасы түріндегі балалар үйі жұмыс істеп келеді. Олар Қарағанды қаласында, Абай, Қарқаралы аудандарында. Қазіргі уақытта алты отбасылық балалар үйінде 28 бала тәрбиеленуде.

Биыл Әлеуметтік кодекстің қабылдануына және нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуіне байланысты бұрынғы балалар үйі, өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталықтары арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталықтары болып өзгеруде. Аймақ бойынша бүгінгі таңда ондай төрт орталық бар. Одан бөлек, кәмелетке толмағандарды бейімдеуге арналған орталық, SOS Теміртау қаласының балалар ауылы және Саран қаласының «Преображение» жеке балалар үйі бар.

Ал, негізі балалар үйінің саны едәуір азайған. Мұны Бақыткүл Ақмашқызы айтып отыр.

– Соңғы 5 жылда жетім балаларға арналған ұйымдардағы тәрбиеленушілер саны 795-тен 520 адамға дейін немесе 34,5%-ға азайды. Балалар үйі де 12-ден 7-ге дейін немесе 41,6%-ға кеміді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде үш жыл ішінде 186 бала отбасына орналастырылды, оның ішінде, 2 бала асырап алуға, 51 бала патронаттық тәрбиеге, 96 бала қамқорлыққа, 2 бала қабылдаушы отбасына, 9 бала отбасы түріндегі балалар үйіне және 26 бала биологиялық отбасына қайтарылды, – дейді бас маман.

Әр баланы асырап, баққаны үшін мемлекет тарапынан ақы төленеді. Мәселен, мектеп жасына дейінгі балаларды күтіп-бағуға ай сайын 9 АЕК, мектеп жасындағыларға 10 АЕК мөлшерінде жәрдем­ақы тағайындалады. Сонымен қатар, патронатты тәрбиешілердің көрсеткен қызметіне айына 35 АЕК шамасында төленеді. Бұдан басқа, бала асырап алушыларға төленетін 75 АЕК мөлшеріндегі біржолғы жәрдемақы да бар.

Алайда, кез келген адам бала асырап ала алмайды. Оның заңда белгіленген талаптары бар. Асырап алуға ниетті ата-аналар құжаттардан бөлек, асырап алушы ата-аналар мектебінен өтуі тиіс. Заңнамаға сәйкес психологиялық даярлықтан баланың жақын туыс­тары ғана босатылады, қалған үміткерлерге одан өту міндеттеледі. Былтыр 338 үміткер даярлықтан өтсе, биыл 78 ата-ана оқыпты.

– Нақты шешім қабылдағанға дейін баланы отбасына қабылдаудың және одан бас тартудың барлық құқықтық салдары түсіндіріледі, – дейді Бақыткүл Ақмашқызы. – Асырап алушы ата-­аналар мектебінің, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары бұл жауапты қадам жайлы толық ескертеді. Алайда, өкінішке қарай, асырап алған балаларды қайтару фактілері де кездеседі.

Оның айтуынша, өткен жылы 29 бала балаларды қолдау орталықтарына қайтарылды. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстыр­ғанда 48%-ға, яғни, 15 балаға артық.

– Қайтару себептері талдау көрсеткендей әр түрлі. Негізгісі – баламен тіл табыса алмау, түсініспеушілік. Баланың немесе қамқоршының денсаулығының нашарлауы, қамқоршыларының қайтыс болуы, сондай-ақ алкогольдік ішімдіктерді ішуге байланысты қамқоршы міндеттерінен шеттеу де себеп болуы мүмкін, – дейді Бақыткүл Игенова.

Төтеден келген себеп болмаса, бауырға басқан балаға жауапкершілік түсінген адамға ауыр. Қарағандылық Еркебұлан Катаев пен Айзат Қалымжанова өздерінің екі баласынан бөлек, бір отбасының алты баласын қамқорлығына алған.

– Осыдан үш жыл бұрын анасы қайтыс болып, балалар облыстық кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығының қамқорлығына өткен. Бұл жайлы естіп, оларды асырап алуға бел будық. Балалар мұндай шешімді жақсы қабылдады. Қазір тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз, – дейді Айзат Қанатқызы.

Отбасындағы түсіністік, балаға деген мейірім мен олардың өміріне жауапкершілікті сезіну барлық қиындықтан алып шығатынын айтады ол.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button