Жаңалықтар

Әлемде не әңгіме?

АҚШ-тың жаңа санкциялары

 

АҚШ сенатындағы Демократиялық партиясынан Халықаралық қатынастар туралы комитеттің төрағасы Роберт Менендес бастаған 25 мүшесі, егер Украинадағы жағдай бұдан әрі ушығатын болса, Ресейге және Владимир Путинге қатысты қолданылатын жаңа санкциялардың жобасын ұсынды. Комитеттің сайтында құжаттың «Украинаның егемендігін қорғау жөніндегі акт» деп аталатындығы көрсетілген. «Президент Путинді, Премьер-Министрді қоса отырып, лауазымды тұлғаларға қатысты санкция» деп көрсетілген заң жобасында. Бұған қоса сенаторлар Ресейдің бірінші және екінші егеменді қарыздарымен операция жасауға тыйым салуды, оған қоса ұсынылып отырған Сбербанк, ВТБ, Газпромбанк, ВЭБ, Ресейдің тікелей инвестиция қоры, Мәскеу несие банкі, Альфа-банк, Россельхозбанк, «ФК Открытие», Промсвязьбанк, Совкомбанк және Транскапиталбанк сияқтылардың ішінен кем дегенде үш қаржы институтына шектеу қоюды ұсынған. Сол сияқты 2022 қаржы жылында жағдай қиындағандай болса, Киевке 500 млн. доллар көлемінде қосымша көмек көрсетуді көздейді. The Washington Post газеті Ұлттық қауіпсіздік кеңесі өкілінің сөзіне сілтеме жасай отырып, АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі аталған заң жобасын қолдағанын жазған. Вашингтон егер Мәскеу мен Киев арасында әскери жанжал туындаған жағдайда Ресейге қарсы «өмірі болмаған» санкция қолданатындығын бірнеше мәрте ескерткен. Бұл туралы вице-президент Камала Харрис, мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен және оның орынбасары Виктория Нуланд да айтып келеді. Батыстың баспасөз беттерінде және саясаткерлер Ресей әскерінің Украина шекарасына топтастырылып жатқаны туралы алаңдаушылық білдіруде. Ол туралы Кремль өкілі Дмитрий Песков Ресей өз аумағында әскерін қалай орналастырамын десе де өз еркі екенін, ешкімнің шекарасын бұзбағанын, бұдан ешкімге зиян келмейтінін және оған ешкімнің қобалжитын жөні жоқ екендігін, бұл тек шекара аумағына НАТО өзінің әскерін төгу үшін сылтауы екендігін айтады.

Бүйрегін сатқан байғұстар

Ауғанстанда қайыршылық әрқашан да басты мәселе болған, одан НАТО әскері кетіп «Талибан» (біздің елде тыйым салынған) билікке келген соң жағдай тіпті, қиындап кетті. Елеулі дәрежеде иек артып отырған халықаралық қаржы қолдауынан елді үзіп тастады. Енді өзін және отбасын асырау үшін халық қандай қауіпті екендігін біле тұра, еріксіз бүйрегін сатуға мәжбүр болуда. «Ақшаның жоқтығынан көпшілік ел бүйректерін сатып жіберді. Бүйректің жоқтығынан алдағы уақытта олардың денсаулығы нашарлауы сөзсіз. Ауғанстанда бүйрек доноры болудың мәдениеті мүлде басқа. Мұндағы донорлардың басым бөлігі өзінің экономикалық мәселесін шешу үшін басқаларға сатып отырған еріктілер», – дейді дәрігер, ішкі аурулар маманы Ахмад Шекаиб.

Ауғанстаннан кетіп қалуға талпынған әрекеті жүзеге аспаған 40 жастағы Гулам Хазрат өзінің бір бүйрегін сатып жіберген. Енді оның қалпына келуі үшін кем дегенде бір жыл керек. Оның өзінде оған ауыр жұмыс істеуге болмайды. «Мен көшеге шығып, ақша сұрай алмадым. Мен қайыршылық жасай алмаймын. Сондықтан да ауруханаға барып, өзімнің бір бүйрегімді сатуға мәжбүр болдым. Бұл маған отбасымдағы балаларымды біраз уақыт асырауыма жетеді», – деп жауап берді Гулам Хазраттың өзі. Айта кететін болсақ, қанының тобына қарай бір бүйрек 2000-нан 4000 АҚШ долларына дейін тұрады. Ал ауруханаға жату, дәрі-дәрмек және операция 4000 АҚШ долларына дейін барады. Еріксізден осындай қадамға барған адамдардың алған ақшасы таусылған соң не істейтінін ойлаудың өзі қорқынышты.

Өмірлік бас бостандығынан айырды

Германияда Сирия арнайы қызметінің бұрынғы полковнигі адамдыққа қарсы қылмысы үшін өмірлік бас бостандығынан айырылды. Кобленцтегі сот 58 жастағы Анвар Расланды Дамаскідегі түрмелердің бірінде қамалғандарды қинауға және өлтіруге қатысы бар екенін анықтап, төрт мыңға жуық адамды азаптағаны үшін айыптады. Сот 2011-2012 жылдардағы Сириядағы қылмысы дәлелденді деп тапты. Раслан Дамаскінің Сирия үкіметіне қарсылар қамалған бір түрмеде қызмет атқарып, тергеуге басшылық жасаған. Прокуратурада 30 адамды азаптап өлтірді деген бұлтартпас дерек бар. Раслан 2012 жылдың соңында қарсыластар жағына өтіп, отбасымен бірге Иорданияға қашқан. 2015 жылы оның отбасы Германиядан баспана тапқан. Енді екі жылдан соң бұрынғы полковник әскери қылмысқа күдікті ретінде ұсталған сириялықтың ісі бойынша куә ретінде сұралады. Сол кезде түрмеде қызмет атқарғаны туралы хабардар етіп, 2019 жылдың ақпанында қамауға алынады. Кобленцтегі сот процесі халықаралық құқықты бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көздейтін заңның арқасында мүмкін болып, тіпті Германияның аумағында болмаса да адамдыққа қарсы жасалған қылмыс үшін немістің сот органдарының қудалауына жағдай жасайды.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button