Руханият

«Әлемде біздей ел бар ма екен бір түрлі…»

Уа, Ақсораң

Уа-ай, Ақсораң,
Тұрсың ба етектегі елді елемей,
Төбеңде – жұлдыз, төменде ұшқан құс қалып;
Хан Тәңіріден қарасаң – төбедей,

Мұхиттан қарасаң – мұзарт шыңыңды бұлт шалып!
Абылайды айтса сен-дағы іштен тынарсың,
Кеңесары – көзіндегі сораң-ды.
Ақсұңқар құсың бұлтқа салған ұясын,
Менің сойымның түп-төркіні содан-ды.

Кеудемде – Әсеттің әуені,
Әлімсақтан Әлиханның шемені.
Мені Алла алқады әуелі,
Сонсоң, аруақ жебеді!

Ой туады ойдан соң,
Жыр туады жырдан соң,
Көк болмаса да көйлегім.
Ақсораңның етегінде туған соң,
Адамзатқа асқақ-асқақ сөйледім!

Алашымда – негізім.
Шау тартатын шақ та жетіп, ой қашты.
Ақсораңда тұрып айтқан лебізім,
Атлантты аттап өтіп,
Аллаға жетпей қоймас-ты.

 

Соқыр қыз

Махаббат-Ару – соқыр қыз.
Сөндіре алмай соның кеп жаққан отын біз;
Поэзия және Дон Жуанменен үшеуміз,
Бір жерде шарап сіміріп, міне, отырмыз.
Дон Жуан сері – бал іздеп жүрген арадай!
Махаббат-Гүлдің құмары онсыз тарамай;
Екі көзі мен есіл де дерті сонда боп,
Мен жаққа, тіпті, қойған-ды, мүлде, қарамай!
Лапылдап кеткем, мен қайтіп енді сөнемін?
Мәжүніндей – бәңгі,
Клеопатрадай – көне едім!
Ішіме сыймай, отырмын үнсіз мылқаудай,
Сол соқыр қызға арнаған шерлі өлеңім…
Омырауында бұлықсып екі анары,
Соқыр қыз отыр бұлдырап ессіз жанары…
«Сен, ақын болсаң, ал, махаббатты жырлашы?» –
Деп маған сонда Дон Жуан күле қарады.

Жырладым сені мен содан бері, ессізім,
Оған бір қайта оралу деген – кеш бүгін.
…Соқыр қыз еді Махаббат онда, кейіннен
Құлағы, мүлде, естімейді деп естідім…

***

Бір жұрт бар Ақжайықта – Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды;
Жылқысын бағып жүріп, арып… жүріп,
Жырлаған запыранды заман жайлы;
Сүңгісе Эпосының тереңіне,
Түбіне тірі пенде бара алмайды;
Түбіне түскен болса,
Су бетіне,
«Шығам деп, қалай – аман?!» – алаңдайды…

Бір жұрт бар Ақжайықта – Жағалбайлы,
Жырлаған запыранды заман жайлы;
Жетеді ол қайтсе де бір мұратына,
(Өлеңін өзі солай тәмамдайды…).
…Не деген шерлі, бірақ, Жағалбайлы:
Қолына шырақ алып, іздесе де,
Үш жүзден Қыз Жібегін таба алмайды…

 

Шыбын-жан

Мына Мархұм* өртенерде, расында,
Шошып кеткен…
Миы жоқ па басында?!
Крематорий оты деген немене,
Күйіп тұрған сойқан өрттің** қасында?!

Өлгеннен соң – шірік өкпең сырылдап,
Иттей кешкен ғұмырың да ырылдап! –
Қалады екен қара жерде!
Ғарышқа –
Шыбын жаның ұшады екен шырылдап…

Тәніңе ие болады екен молда кеп,
Жан кетеді: «Бөрі азығы – жолда» – деп!
Шыбын жаным, он шақты жыл жүре тұр,
Сонан кейін, қайда кетсең – онда кет…

Атыраудан –
Алтайыңды шолып кеп,
Енді мұнда жүре берме тоңып көп;
Жаназаңды шығарғанша, асықпай,
Ақсораңға бір-екі күн қонып кет?

Уақыт бере қойса соған, ай, Алла,
Мен де біраз жүрейінші саяңда?
Қарқаралыдан өтер тұста, асықпа,
Жиренсақал Әулиеге аялда?

Уақыт болса, біраз сайран саларсың,
Асықпағай, барар жерге – барарсың;
Жетісудан өтер тұста, өкіріп,
Жер бетіне бір құлдырап аларсың?
Алып кетсе қайтем: «…ертең жүр…» демей,

Сайрап тұрған кезде айтайын тіл-көмей:
Тәңірі егер мен жайында сұраса,
«Жақсы еді…» – де?
Үндемей қап жүрмегей?!

О, Тәңірі!
Өзің ғана қолда! – деп,
Жүрсең, нәсіп болады екен сонда – көп.
Шыбын-жаным, оншақты жыл жүре тұр,
Содан кейін, қайда кетсең, онда кет…

*Учёные тело, умершего человека, повезли в крематорий к камере для сжигания, где пылал огонь. Сенсация!!! Человек после смерти испытывает чувство страха!!! (ФБ).

**Тозақ өрті

 

Адам

Сайтаны азғырып,
Жұмақтан құлғанадай қуылып,
Тентіреп кеп Жерге тіреген табанды;
Бастан кешіп қауымдық,
Феодалдық-патриархалдық,
Капиталистік,
Фашистік,
Коммунистік заманды;
Орысша – «Человек»,
Испанша – «Personas»,
Ағылшынша – «Human»,
Французша – «Personnes»; –
Қазақ қана: «Адам» деген – Адамды!
Көрген жұртпыз көресінді, жоқтықты.

Көрінген ит бізге неге соқтықты?!
«Інжілдегі» «Адам» деген асқақ сөз –
Қазақтікі!
Басқа тілде жоқ, тіпті!

Дүниенің ғажабы да –
Біздікі!
Азабы да –
Біздікі…

 

***
Қалды сол ауылда, далада көнерген,
Менің асқақ
феодалдық-патриархалдық қиялым,
Темірхан Медетбектің қиялы.
Қарсы алдық біз қара өлеңмен, –
Цивилизацияны!

Заманға кеткен көп бізде есе,
Тәңірінің көзінен қағыс қап;
Біреулер есекке мінген шалдарын іздесе,
Біз Мағжанды іздедік шам ұстап!

Қайда екен сол ақын,
Көкке ұшқан – батпақты жалдамай?!
Қара өлең – атаңның аруағы арқаңа
қонатын,
Айхой, жалған-ай!

Құл менен тексіз күң – төңірек,
Жүрек – жоқ, қампайған – қарыны;
Темағам сөйлейді кеудесін керінеп, –
Көк түріктер сарыны…
Кеудеде кек кетіп;
Рух қап – Қағанда;
Темағам Тоныкөк көкеме кетті өтіп,
Қап қойған – мен мына заманда…

 

Визит картасы

Сойыма сол елде жоқ бір белгі сап,
«Ақынмын…» деп жазған жоқпын ел құсап.

Балапаны ем Алланың бір құсының,
Жамалын айт – айтсаң көктің ішінің.
Күмәнданып күнде ақындығына,
Жетпіс екі жасқа келген кісімін.

Ой да күнде асқақ болмай, сезім де,
Жүректі ұстап жүрдім Тәңірі тезінде.
Пенде құсап өмір сүрдім иттей боп,
Адам болып – (өлең жазған кезімде!).

Жерді құшып, аспанға ұшып біресе, –
Арқама кеп аруақтар түнесе;
Ақын деген – Періштеден сәл төмен,
Пенделерден биікте екен мың есе?!

Балапаны ем Алланың бір құсының,
Жамалын айт – айтсаң көктің ішінің.
Бірі – көкте, бірі – жерде жүргенмен,
Айырмасы жоқ қой құс пен кісінің!

Поэзия, құшағыңды аш, ал, күнім,
Саған еріп шарбы бұлтта шалқыдым;
Жердің құрты бір шалынбай көзіме,
Көк бұлттардың арасында қалқыдым!

Кім көрді екен мен көретін түстерді?
Содан таңғап зәмзәм суын ішкем-ді.
Аспанда екен хикметі Алланың,
Төрт Кітап кеп жерге содан түскен-ді.

Егіліп бір ет жүрегім, езіліп,
Маңымдағы құрт пен қырттан безініп; –
Мағмұрланып, шаһит кешіп барамын,
Махаббат пен ғаділетті сезініп…

 

Варшавадағы эмигрант*

Дос алыстан келеді екен – біртүрлі…
Жау жақыннан шығады екен, – күлкілі:
Қазақстанды тастап! қатын-баланы,
Мен Польшаға кетіп қалам бір күні..

Қаптап жүрген қарғалардай – біреуі,
Ел-жұртты ертіп, сандалардай – біреуі;
«Ақын болсаң, – көшеге шық!» – деседі,
Жандаралдай – жанды алардай – біреуі…

Арғы тегім болса-дағы Бөріден,
«Көроғлыдай» –
Шыққам әзер көрінен…
Мыналардың айтқанымен жүрмесем,
Ақын бола алмайтындай көрінем?!

Біреулері сұм, мыстанға айналды,
Біреу жемқор –
Көртышқанға айналды;
Біреулері қысты тастап біздерге,
Жылы жаққа ұшқан құстарға айналды…

Қанатымды мен аспанға жайғам-ды,
Басым неге мына жерге байланды?!
Әдебиет – әлегіме айналды,
«Шәйір» досым –
Сальериге айналды…

Шылбырымды кел де, үзіп кермеден,
Варшаваға әкет мені, шерлі өлең!,
Париждегі пәк жүрегін Шопеннің,**
Қасиеттеп поляк сонда жерлеген…

Дос алыстан келеді екен – біртүрлі…
Жау жақыннан шығады екен, – күлкілі:
Қазақстанды тастап! қатын-баланы,
Мен Польшаға кетіп қалам бір күні…

Мен Польшаға кетем ертең!
Өр кеуде ел,
Қал – осында!
Соңымнан да ермеңдер;
…Бірақ сорлы жүрегімді, өлген соң,
Жерұйығым – Қарқаралыға жерлеңдер!

*”Друзья приходят – издалека, а враги растут – рядом” (Поляк мақалы).

**Фредерик Франсуа Шопен, поляк композиторы

 

Ертектер әлемі

Уай, ертектер әлемі!
Баһадүрлер – әлемі!
Еркектер әлемі!
Сұлулар әлемі, –
Жерге түскен бұрымдар әлемі!
Homo sapien* – тәрк қылды ертекті!
…Ессіздіктің бәрі – соның әлегі!

Ертек болса, – Қара әлем, –
Әппақ болып кетуші еді;
Қара, мен –
Алпыстағы арланыңнан, бір сәтте,
Алтыдағы бала бола салар ем!..

Жетесізге қарап тура шекеден,
Жетісуға жеті-ақ аттап, жетер ем.
Қыз Жібекті Бекежаннан тартып ап,
Қызыларайға алып қашып кетер ем!

Неше түрлі қиял – менің басымда,
Құл бүлдірген, сұм бүлдірген ғасырда.
Йоллығ тегін сынды асқақ жыр төгіп,
Отырар ем Қағандардың қасында.

Алаш – алтын ұямдай!
Деп шүршітке айтушы едім – ұялмай,
Кәуірге де айтушы едім, – ұялмай!
Осындағы олигарх дейтіндер,
Жүруші еді қолыма су құя алмай…

Жырлар едім Қасымдайын – тасын да,
Аңыз болған Абылайдың асын да;
Жемқоры жоқ, мұнайы жоқ,
Алладан –
Басқа, мүлде, Құдайы жоқ ғасырда!

Уай, ертектер әлемі!
Баһадүрлер – әлемі!
Еркектер әлемі!
Сұлулар әлемі, –
Жерге түскен бұрымдар әлемі!
Һома Сапиенс тәрк қылды ертекті!
…Ессіздіктің бәрі – соның әлегі…

***Саналы адам.

 

Мейірхан Ақдәулетке

Тәңірімен түйіспей жолдары,
Дарвин түгілі, Карл Маркс те сорлады.
Маймылдан адам шығарды, бірақ, ол-дағы
Исан-и-камил* болмады.

Ал онда, бірақ, хақысы қанша қазақтың?
Өзі де ғажап, өзге де оған ғажап тым.
Жасынан сенгіш әулие-әнбиелерге,
Қара бұлт көшкен, аспаннан түсіп азат күн.

Әлі де асқақ, өр үні.
Алаң болмағандай,
Бодан болмағандай өмірі.
Атырау-Арқа-Алатау-Алтай арасы,
Көзіне түссе көңірсіп көктем-көңілі.

Алаштан не бір арландай асқақ ұл туды.
«Тап солай біз де сүйеміз, – деген, – ұлтымды…» –
Ұлдары суайт!
Санасыз – өзі, панасыз,
Әлемде біздей ел бар ма екен бір түрлі?

Егемен болды, алған жоқ, бірақ, ел есе,
Ер бола ма екен елінің қамын жемесе?
Елу миллион қазақ жүру керек-ті бұ жерде,
Елу мың тұлға туу керек-ті немесе?!
…ал біз не істеп жүрміз?..

 *Кемел адам.

  

Немерем Әли

Отқа, өртке мен құсап жақындап кіл,
Мынау неге күледі сақылдап бір?
Шаладай боп бықсыған дүниеде,
Қалай лаулап, қорықпай –
Лапылдап тұр?!

Жан мұздаған кезінде, үсіп қалған,
Аруақтар шақырса –
Ұшып барғам!
Ақсұңқардан аумаған бала туды,
«А!» дегенде –
Аузымнан түсіп қалған…

Сілкіп тастап маңдайдан тұлымшағын,
Жыр оқиды осы бір ұрыншағым.
Ақыл болса басында, алабұртып,
Ақын бола көрмегей, құлыншағым?

Мен де туа осылай аңқылдағам,
Саңқылдағам,
Жасындай жарқылдағам;
Жан мен тәнді мұздатып суық дүние,
Алпыс үшке кеп әзер салқындағам…

Қара тас қой – қара өлең, алтын ед… деп,
Кім арқалап, теңізден қалқып өтпек?
Ол түгілі, қара нар атасы оның
Көтере алмай, әзер жүр тәлтіректеп?

Көзімді ашсам – Алашты көріп қалам,
Көз жасымды көрсетпей, төгіп те алам.
Қара тасты қайысып, көтере алмай,
Қара жерге күн сайын шөгіп барам…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button