Әлем чемпионы өз таңдауын жасады
Қарағандыдағы Н.Әбдіров атындағы жалпы білім беретін мектептегі №22 референдум учаскесінде таңның атысынан бері адам үзілген жоқ. Дауыс берушілер белсенділік танытуда. Солардың қатарында дзюдодан 2009 жылғы әлем чемпионы Максим Раков та бар.
– Бұл референдумның ел болашағы үшін маңызы зор. Әрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таңдауды халықтың еркіне берді. Сондықтан, сайлаудан қалыс қалмай, бүкіл ел болып таңдау жасағанымыз дұрыс. Әрі әр азаматтың парызы деп білемін. Егер мен шекара сыртында жүрсем сайлаудан қалыс қалмай дауысымды берер едім. Ел болашағы үшін, дамуы үшін маңызды шешімдер қажет. Ал, сондай шешімдер халықтың пікірі, таңдауы арқылы өтсе, құптарлық, – деді Максим Сергеевич.
Сайлау учаскесінің төрағасы Гүлшат Баграмованың айтуынша бұл учаскеге 2200 сайлаушы тіркелген.
– Мұнда Н.Әбдіров даңғылы, Бакинская, Ермеков және Комиссаров, Пичугин көшелері бойынша сегіз үйдің адамдары дауыс береді. Таңертеңнен бері жақсы көңіл күймен келіп, өз таңдауларын жасауда, – деді ол.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz