Жаңалықтар

Лазареттегі лалагүл

Иә, бір мезгіл әскери саладағы әлемі әдемі жандарды гүлге теңеп тұрудың еш айыбы жоқ шығар? Лазареттің лалагүліне айналып үлгерген Айжан Тәжиева айналасына шуақ, қабылдауына келген жандарға қуат (шипа) сыйлап жүр. Иә, қате түсінгеніңіз жоқ, әскери саладағылардың саулығына аса жауапкершілікпен қарайтын аталған мекеменің ақ халат киген шипагері…

Әңгімеміздің әлқиссасында лазареттің Қарағанды қаласындағы әскерилерге медициналық көмек көрсететін әзірге жалғыз орталық екенін айта кетуіміз ләзім. Мұнда тек, әскерилерге ғана емес, олардың отбасына да ем-дом жасалады. Ал, Айжан Қадырмақызы аталған мекемеде терапия бөлімінің жұмысын жетілдіріп отыр. Лазареттегі қызметіне келгеніне алты жыл ғана болса да, алтын қол дәрігер екенін дәлелдей алды.

Бұл жерге қандай да бір медициналық оқу орнының күректей дипломын күдірейтіп, алып келіп, ақ халатты абзал жан атана салу деген арман ғана, әрине. Арнайы әскери медицина кафедрасынан тәжірибе жинақтап, білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырып алмаса, мұнда бас сұғу деген бос әурешілік қана. Одан кейін барып, адал қызмет етуге ант қабылдап, алдыңғы шепте қызмет көрсете отырып, шен алады. Осындай жолдан өткен жас жауқазын 2017 жылдың тамыз айында лазареттегі қатарға қосылады. Жас дәрігердің мұнда еңбек жолын бастауы асқан жауапкершілік жүктесе керек, темірдей тәртіпке болаттай төзім танытады. Жаны нәзік болғанымен, бойындағы қазақ қыздарына тән қайсар мінезі ай өткен сайын талабын шыңдап, жыл өткен сайын жігерін жаниды.

Лазареттегілер жас та болса, жұмысты жапырып істейтін, ісіне ықтиятты, ықыласты жас маманның келгеніне бек қуанған еді. Аз уақыттың ішінде жас дәрігер сенім үдесінен шығып үлгерді. Шені де өсті. Қазір медицина қызметінің капитаны. Терапия бөлімінің жұмысын жүйелі жолға қойған. Былтыр қазан айында ғана аталған бөлімнің меңгерушісі болып тағайындалған.

Айжан Қадырмақызы – Қарағанды медицина университетінің түлегі. Университет қабырғасында-ақ «боламын» деген болмысымен көзге түскендердің бірі екен. Үлбіреп тұрған жас шағында, студент кезінде бірнеше форум, түрлі курстарға қатысып жүрді. Үнемі ізденісте жүргенді, оқып, зерттегенді, зерделегенді жаны сүйеді екен.

Әлі де осы қалпынан танған емес. Жақында ғана Алматыдағы әскери медициналық орталықтан жалпы терапия курсынан біліктілігін арттырып келгені сөзімізге дәлел бола алады.

Айтпақшы, Арыс қаласындағы жарылыс еліміздің жанын жабырқатып еді ғой. Мұны еске салайық деген ойымыз жоқ, тек сол кезде апат салдарын жоюға Қарағандыдан жәрдемге бірнеше сала өкілдері жұмылдырылған-тын. Солардың қатарында Айжан Тәжиева да болғанын атап өту үшін өткенді әңгімемізге арқау етіп отырмыз. Іріктеп әкеткендердің қатарына мықты маман болғандығынан іліккенін ішіңіз сезіп отырған шығар. Әйтпесе, қан-қысым өлшеп, ине салып, алғашқы көмек көрсете алатын ақ халаттылар көп қой. Сол кезде де осы Айжан Тәжиева абыройлы еңбек сіңіре алды.

Жыл сайын өтетін «Айбын» атты әскери жиында да Айжан Қадырмақызы төбе көрсетіп жүреді. Сарбаздардың күш сынасатын сайысы болғандықтан, дәрігердің бақылауынсыз өтпейтіні әмбеге аян. Оның үстіне Айжан секілді білгір медмаман мұндай ауқымды шарадан қалай шет қалсын?

Індет кәріне мініп тұрған тұста да міндетін мінсіз атқарғандардың бірі – Айжан Қадырмақызы. Министрлік Айжанды Астана қаласындағы бас әскери клиникалық госпитальға алдырады. Абыр-сабыр ол тұста қарапайым халықты да осы мекемеде қабылдап, ем-дом көрсетті. Сонда Айжан секілді алғыр мамандардың арқасында қанша адам жарық дүниемен қайта қауышты десеңізші?!

Айжан Қадырмақызы ұлылар қызмет атқарған Омбы қаласында дүние есігін ашқан. Талапшыл мінезінің тегін емес екендігін енді түсінген шығарсыз? Кейін үй ішімен бірге Солтүстік Қазақстан облысы, Шоқан Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылына көшіп келеді. Мектепті сол жақтан тәмамдайды. Қарағанды медицина саласының озықтығын елден естіп, бала арманы Арқаға алып келеді. Осы жақтан бақытын кезіктіріп, қазір беделді шаңырақтың келісті келіні атанып отыр.

Айжан қолы қалт ете қалса, қара домбыраны қолына алады. Өзінің есімімен аттас «Айжанқыз» атты халық күйін, «Адай» және «Жастар» күйін шебер тартады. Онымен қоса, әдемі гүл өсірумен әуестенеді. Әсіресе, лалагүлін ерекше ұнатады екен. Біздің де бірден лазареттегі лалагүл деп айдар тағып жіберуіміздің себебі – осы, қадірлі оқырман. Иә, әлгі әсем гүлдің емдік қасиеті бар секілді, әскерилер Айжан Қадырмақызынан жанына шуақ, еміне шипа алып жүр…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button