Латын әліпбиіне көшу заман талабы
(Соңы. Басы өткен санда).
Соңғы уақыттарда Қарағанды қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен латын әліпбиіне көшуге орай біраз кездесулер ұйымдастырылды. Оған мамандар, зиялы қауым, оқушылар мен мұғалімдер, ата-аналар мен ардагерлер қатысып, айтылған мәселелерге зер салып, өз ойларын білдіруде болды. Кездесуде болған 80%-дан астамы ана тілімізге тән барлық ерекшеліктер сақталса, әсіресе, төл дыбыстарымыздан айырылып қалмауға назар аударылса латын әліпбиіне көшуді бірауыздан қолдайтындығын және рефораманы жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдіруде.
Осы реформаға қатысты әртүрлі сұрақтар туындап, оған мүмкіндігінше жауаптар берілді.
а). «Президенттің Жарлығынан кейін жұртшылықтың балама ұсыныстары елеусіз қала ма?» деп мазасызданушылар болды.
– Бұл, әліпбидің түпкілікті үлгісі қабылданды, енді еш нәрсе өзгермейді деген сөз емес. Әлі де болса тиімді ұсыныстар, ойлы ой-түрткілер мен пайымды пікірлер ескерілмек. Бүгінде, осы ойды дәлелдерліктей тіл мамандарының пайымды пікірлерімен, комиссия құрамының қолдауымен Президент 19.02.2018 жылы латын әліпбиіне көшуге байланысты бұрынғы Жарлығын қайта жаңартты. Бұл құжаттың елімізге өркениетаралық және мәдениетаралық өзара әрекеттестік пен сұхбат жолына қызмет жасары анық. Жарлықпен дүниеге келетін әліппе – ел мәдениеті мен өркениетінің өлшемі, сонымен қатар ұлтты айшықтайтын, елдікті ерекшелейтін, тәуелсіздікті танытатын символдардың бірі. Белгілі бір өтпелі кезеңнен кейін қазақ тіліне, үндестік заңына лайық әліпби жасалатынына, халық қалайтын, нұсқа қабылданатына сенімім мол.
ә). «Осы латын әліпбиі алдағы уақытта халыққа қиындық туғызбай ма, келеңсіз жағдайларға ұрындырмай ма?» деушілер де кездесті.
– Кездесу кештерінде, дөңгелек үстелдерде ересектердің бұл мәселеге өте сергек те қызыға қарайтынына куә болдық. Жетпіске жеткен, одан асқан ардагерлердің латын әліпбиінде сауат ашқаны, не сол қаріпте жазылған кітаптарды оқығанын еске алуының да куәсі болдық. Сөрелерінде сарғая сақталған кітаптарды әкеп көрсетушілер де кездесті. Сондықтан, оларға латын қарпін үйрене оқу-жазудың онша қиындығы бола қоймас. Үйреніп қана қоймай балаларына, немере-шөбелеріне үлгі-өнеге болатынына сенімдімін.
Жас буын қазір ағылшын тілін үйренуде. Латын әріптері ағылшын тілінде қолданылады. Жастар латын графикасын қалай жазу және оқу керектігін біледі. Сондықтан, қазақ тілінің жаңа әліпбиге ауысуы тың технологияларды жетік меңгерген өскелең ұрпақты қажытпасы анық. Қазақ тілін латын графикасына көшіру жастарға шет тілдерін үйренуге септігін тигізіп, ғылым мен білім салаларының жаңа үрдісте дамуына әсер етері сөзсіз. Бұл реформа әрбір қазақстандық азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.
б). «Бұрынғы баспа арқылы шығарылған құндылықтарымызды жоғалтып алмас па екенбіз?» деп қауіптенушілер де бар.
– Әрине, мұндай қауіп бір есептен орынды да. Бірақ, қазір технологиялық жетістіктер қарыштап дамуда. Компьютердің түйметақталары, бағдарламалық қамтамасыз ету кем дегенде екі тілде және түрлі белгілерді пайдалануға мүмкіндік беретін болғандықтан, техникалық тұрғыдан алғанда, заманауи цифрлық басып шығару технологиялары латын әліпбиінде еңбектерді қайта жаңғыртуға мүмкіндік берері белгілі. «Абай жолы» романының 1-ші томын 3-4 минут аралығында латынға аударыпты. Тақауда ғана 12 жастағы қазақ баласы Абзалдың жаңа программа жасап, 13 кітапты 1 секундта аударғанын теледидардан көрсетті. Ендеше, аударма көп қиындыққа ұрындырмас. Тіпті, кейбіріміздің еңбектеріміз аударылмай қалса да, 1986 жылы Қайрат Рысқұлбеков айтқандай «Еркек тоқты құрбандық, еркіндікке, Құрбанмын мен ел үшін, өлмен текке» дегендейін, мұндай бүкіл халыққа арналған өзгерістің өркенді болуына оң қабақ таныта, өкінбегеніміз жөн болар.
Классикалық шығармаларды, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды латын тілінде сөйлетуге қаржы қарастырылмақ. Тек жеке тұлғаның еңбектерін қайта жаңғырту қаржыға тірелуі мүмкін. Бірақ бәрін де уақыт ретке келтірері белгілі. Сондай-ақ, бұрынғы кедейлерді «кемеңгер» ете, байларды «қанаушы», зииялыларды «халық жауы» ретінде, басқа ұлтты «білімді» ете көрсетілген шығармалардың шаң баса, құрдымға кеткені де дұрыс болар.
в). «Шартарапқа шашыраған қандастарымыз бар, олардан ажырап қалмаймыз ба?» деушілердің де даусы естілуде.
Рас, бүгінде бізден тыс әлемнің әр түкпірінде 5 миллионға жақын қазақ тұрады. Жобамен оның 80 пайызы латын әліпбиін бұрыннан қолдануда. Демек, керісінше, біз латын әліпбиіне көшуде сол қандастарымызбен жақындасу оңайлау болмақ.
Десем де, мына баспа бетіндегі кейбір пікірталастар көңілге еріксіз қаяу түсірердей. Әсіресе, ел ағалары, танымал тұлғалардың, зиялы басшылардың кейбір кереғар ой-түйсіктері ойлантады. «Мектеп директорларымен кездестім, бір сыныпта 5-7 оқушы, оларға оқулықтар жетіспейді. Соларға оқулық дайындап берерлік қаржы жоқта, ертең бүкіл Қазақстанның оқушыларының латын әріпіндегі оқулыққа қаражатты қайдан табады?» деген сияқты қисынсыз пікірлерін білдіреді. Шағын мектептегі кейбір сыныптарда 5-7 оқушының болуы рас, бірақ ол оқулық жетпегендіктен емес. Бұл латынға өтуге ешқандай қатысы жоқ басқа мәселе. Қарсы пікір айтушылар, қаражатты тілге тиек етуде.
Осы орайда, 1985 жылы бүкіл Совет елінің мектептерінде компьютерлік білімді енгізу туралы Мәскеуде өткен курсқа облыстан қатысқан болатынмын. Курс соңында Орталық партия комитетінің бас хатшысы М.Горбочев: «Вы первые ласточки по развитию компьютерной грамотности в своем регионе в нашей стране. Все зависит от вашей организационной способности…» деп құттықтаған болатын. Осы сұрақ Қарағанды облыстық білім бөлімінің алқасында қарастырылғанда, көптеген аудандық/қалалық білім бөлімінің меңгерушілері «шыққан оқулықтарды да, «Агат» деген компьютерді де көргеміз жоқ» деп мұғалімдерді курсқа жіберуге қарсы болған-тын. Обкомпартияның хатшысы Қ.Аманбаевқа дейін барып, сол азаматтың тікелей қолдауымен және айтуымен «В класс «приходят» компьютеры» атты мақала («Индустриальная Караганда»,14.05.1985ж.) жазып,сол жазда 320 математика-физика мұғалімдерін информатика маманы етіп дайындаған болатынбыз. Компьютермен қамтамасыз ету, білім беруге қаншама қаражат кетті. Ал, қазіргі компьютерлік білім қандай?!
Сондай-ақ, ертең латын қарпінен шошынған орыстілді орыс-қазақтар мен басқалар опырыла көшіп кетпей ме, бұрынғы кириллдік басылымдар құнсызданып, жойылмай ма, латынша жаза алмайтындар, оқи алмайтындар көбейіп, сауатсыздыққа ұшырамаймыз ба, тағы сол сияқты күмәндарды тілге тиек етушілер де бар. Осындай орынсыз ойларын ортаға тастаушылар бүгінге дейін байқалуда. «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дегендейін, аяқтан шалушыларға алаңдап, шырылдағаннан шошып, қиындықтан қорқа берсек ештеңе өзгерте алмасымыз белгілі. Қытайлар өз стратегиясын іске асыруда «Анау не айтар екен, мынау қайтер екен?» деген ойда болмайтынын есте ұстағанымыз жөн.
Біздің ел бұдан да жауапты, бұдан да қиын, жоспарлы экономикадан – нарықтық экономикаға өтті. Ол да ғаламат іс-әрекетті қажет етерлік күрделі мәселе болғанын білеміз. «Сабақты ине сәтімен» дегендейін одан да өттік.
Содықтан да, әлі де болса, тиісті шаралар ұйымдастырылып түсінік, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілгені өте дұрыс.
Әсіресе, мұндай мемлекеттік күрделі де келелі мәселеге тіл жанашыр-ларының графикалық тұрғыда, не сыртқы көрініс-көркемдігіне мән бере, болмаса өз мамандығының маңында не өз абыройын асыруды ойлай бір қырмен қармағаны жөн. «Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып», ешқандай жалтақтаусыз, біріге қарекет қылулары қажет.
«Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» дегендейін, халқымыз сонау 1928-1932 жылдардағы аштық алапатта да латынға көшкен, 1940-1945 жылдардағы зұлмат заманда да латыннан кириллицаға көшкен. Яғни, бір кезде көшпелі деп аталған, сан қиындықты жеңген біздің халықтың жаңа бағыт алуға, жаңарып-жаңғыруға жігерлене қимылдай қажымасы белгілі. Ендеше, лингвистеріміздің, оқымыстыларымыздың бәрі біріге бас қоса, жан-жақты кешенді жоба-нұсқаны іске асыруын бүкіл халық күтуде екенін есте ұстай, барлық қайшылыққа шыдай жұмыс жасағаны жөн.
Қиындықсыз өтетін реформа болмайды. Не нәрсе күреспен келеді. Дәл осы мәселе қажырлылықты, жүректілікті қажет ете, жігерлілікке, күшті күреске жетелемек. Бәріміз бірігіп күресе, бұл үлкен істі іске асыруымыз керек. Президент бізге жол ашып берді…
Тілеуғалы Әміртайұлы,
еңбек ардагері,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.