Латын әліпбиіне көшу – заман талабы
Әліпби – дыбысты таңбалап жазуға, жазу – ойдағыны қағазға түсіруге, тілді дамытуға арналған қаріптер тізбесі.
Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: руғани жаңғыру» мақаласы – қазақ елін, қазақ ұлтын жаңа бір белеске шығаруға бағытталған басты да басым бетбұрыс. Бұл мақала – елім, жерім деген жүректі де ұлтжанды азаматтарды дүр сілкіндірген, көпшілік көптен күткен, тамыры тереңге жайылар тарихи еңбек. Халық санасын жаңғырту, ұлттық бірегейлікті сақтау, қазіргі жұртшылықтың да, болашақ ұрпақтың да бойына қуат қосар, денесіне күш бітірер берік бағдар. Шұбарланған тілімізді тазалауға, сығымдалған салт-дәстүрімізді дамытуға, саязданған рухымызды асқақтатуға мол мүмкіндік туғызар, аңсаған арман-мақсатқа қол жеткізер, бүкіл халық қолдарлық заманауи да басым бағыт.
Рас, зиялы қауымның, ақын – жазушылардың, қарымды қаламгерлердің:
Неге ғана нашарлады рухымыз?,
Нашарласа рухымыз
біздер кімбіз?
Нар жүгіндей, зілдей ауыр
осы ойдан,
Намыстанбай, иілмей
қалай жүрміз?
Рухтары бабалардың бойдан кетті,
Рақымшылық бұл күнде
ойдан кетті.
Риясыз жемқорлық пен
нашақорлық,
Руханияттық санамызды
езіп бітті, –
деген сияқты күрсіне жазған ой-түрткілерін бағамдасақ, кешегі ата-бабаларымызға қарағанда Алаш азаматтарының арынды рухы посткеңестік кезеңде де, кейінгі уақыттарда да әлдеқайда саябырлана, төмендеп кеткені байқалады.
Ендігі қаракет – әркім осы мақаланы талдай оқып, жүрегіне жеткізе, санасына сіңіре сезініп, туған жерін, елін өркендетуге үдемелі үлесін қосу.
Мақалада ерекше мән бере, жеке-жеке жіктей айтылған «Латын әліпбиіне көшу», «100 оқулық», «Туған жер», «100 есім» бағдарларында ұлттық кодымызды (туған жер-Отан, ата-баба, әке-шеше, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, әдеби тіл, дін мен діл, жалпы мәдениет) құрметтер де сақтарлық, санамызды жаңғыртарлық басым бағыт, салиқалы жол көрсетілген. Ұлттық кодымыз: адамгершілік пен адалдық, әділеттік пен әдептілік, игілік пен инабаттылық, ақылдылық пен қайырымдылық. Ұлт болу үшін ең алдымен, оның тілі болу керек. Тіл мен ұлтты бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Ұлы даламыздың тағлымды тарихында ұлтымыздың мәдени-рухани болмысы – шуақты шыраймен шыңдалып, қайырымдылықпен қабысып, ізгілікпен әдіптеліп, тілімізбен таратыла танытылған. Бұл жаңғыру – қазақ тілінің жаңа белесі. Тіл халықтың келешегі. Тіліміздің төл табиғатын сақтау, түркілік тұтастыққа ұмтылу, әлемдік ақпарат кеңістігіне енудің стратегиялық қадамы. Ұлттық тілімізді асқақтатудың айғақты амалы, қарымды қарекеті. Бұл өзгеріс – тіл саласындағы жүйесіздіктен арылудағы анық та айқын бастама. Жаңа жетістіктерге жеткізер желкенді жаңалық. Қазақстан халқының рухани жаңғыруға бет алуы.
Елбасының тапсырысына сай, осы мақсатта жергілікті жерлерде: мемлекеттік те меншікті білім беру, мәдениет, мекемелер мен өндіріс орындарында әртүрлі шаралар өткізіліп, тиянақты істер атқарылмақ.
Әсіресе, латын әліпбиіне көшу түйіндемесі төңірегіндегі ой-талқы бұл сұрақтың өте қажет те мемлекеттік маңыздағы мәселе екенін танытуда. Орынды ой-түрткілер, пайымды пікірлер ортаға салынуда. Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшірудің кезең-кезеңімен іске асырылатындығын, сондықтан азаматтарға оны игерудің аса қиындық тудырмайтындығын кеңінен әңгімелеп жалпы жұртшылыққа, жас жеткіншектердің санасына құюда. Ой-сананы өзгертерлік, елім деген азаматты алға тартарлық, болашаққа сәуле шашарлық еңбектің мән-мазмұнын түсінген тіл мамандары мен оқымыстылар, жазушылар мен журналистер, қаламгерлер мен зиялы қауым баспа бетінен, көгілдір экраннан пікірлерін айтуда. Көпшілік оңтайлы ой-түрткілерін, кейбіреулер кереғар қауіптерін білдіруде.
Менің ойымша, талқылау мектептер мен жоғары оқу орындарында ғана нағыз мамандардың, зиялы қауымның қатысуымен жүйелі түрде жүргізілуде сияқты. Әлі де болса осы бағыттағы тиімді де тартымды шараларды қарапайым көпшілікті қатыстыра ұйымдастыру қажеттілігі байқалады. Бұл жерде ата-бабадан қалған «Бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді», «Жамандық тез тарайды, жақсылыққа көз жұма қарайды» дегенді еске ұстаған да дұрыс. Бір кері пікірді бойына сіңірген адам, басқаға сенімсіздікпен қарауы мүмкін. Латын әліпбиіне көшу қадамы енді ғана басталды. Бұл талай жылдарда ғана нақты нәтижеге жеткізер жұмыс. Тегіннен-тегін осы проблеманы толық іске асыру 2025 жылға дейін созылмақ.
Әліпби – адамды сауаттандырудың, сөйлеу тілін дамытудың алғашқы амалы екендігі әлемге аян. Әр ел оқымыстылары өз халқының қалауына қарай, елінің ерекшелігіне сай жазудың ең қолайлы да оңай, тиімді де үнемді дерлік тілдік әліппесін таңдайды. Сондай әліппенің бірі де бірегейі – латын әліпбиі. Латын әліпбиі біздің заманымыздың бірінші ғасырында қалыптасып, орта ғасырда Еуропаға, Африкаға, Америкаға және Азияға тараған. Бүгінгі таңда әлемдегі 262 мемлекеттің 186 (71%) латын графикасын, ал қалған 96 мемлекеттің тек 12-сі (5%) ғана кириллица жазуын пайдаланады екен. Демек, латын әліпбиіне көшу – өркениетке ұмтылу. Ендеше, Қазақстан халқының көштен қалмай, болашаққа ұмтылуы заңдылық. Тарихқа көз жүгіртсек ХХ ғасырда қазақ әліпбиі дүние жүзіне кең тараған араб, кирилл, латын графикасын пайдаланған. Латын қарпін Алаш қайраткерлері де қолданған. Сондықтан, ол бізге таңсық дүние емес.
Осыдан бірнеше жыл бұрын латын әліпбиіне көшу туралы алғашқы ой-пікірлері айтылғаны белгілі. Содан бері латын графикасы жөніндегі ой-толғаныстар баспа бетінде жиірек жаряланды. Латын тіліне көшудің себептері айқындалды. Өркениетті әлемдік аренамен кірігудің, көптілділікті қалыптастырудың қажеттілігі айтылды. Тіліміздің дыбыстық жүйесіне жақындататын, оқуды және жазуды үйренуді едәуір жеңілдететін жаңа әліппе жасау қажет деген тұжырым жасалды. Шартараппен қауышуға осы әліппеміз арқылы мол мүмкіндік туатындығына назар аударылды.
Президент 2017 жылдың соңына дейін ғалымдардың және жалпы жұртшылықтың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа латын графикасының бірыңғай стандартын қабылдау қажеттігін баса айтып, тапсырма берді. Сол уақыттан бастап, латын қарпіне көшу туралы қызу ой-толғаулар күрделене де көбейе басылым беттерінен орын ала, теледидар хабарларынан халық талқысына ұсынылды. Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі комиссия жанындағы жұмыс тобына кіретін ғалымдар алға қойылған мақсатқа сәйкес жаңа қазақ әліпбиінің жобасын дайындады. Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру – жаһанданудың дүниежүзілік үдерісінің өркениеттік талабы, жаңалық-жетістіктермен, ғылым-біліммен қарым-қатынаста болу үшін аса қажет екендігін көпшілік көңіліне ұялатты.
Әртүрлі пікір-талас нәтижесінде латын қарпіне негізделген екі әліпбиге баса назар аударылды. Төл дыбысымызды диграфтармен (бір дыбысты екі әріптің тіркесімен беру) белгілеу және екіншісі апострофтық белгі (әріпасты, әріпүсті элементтер) дәйекше арқылы беру, ноқат қоя жазу. Қазір де диграф, апострофтық жобалардың тиімсіздігі білдірілуде. Осы орайда, кейініректе интернетте жарияланған «Bailaty»- (авт. «байлатын») диакраттық жобаға назар аударылса дұрыс болар еді.
Мен математикпін. Қалай болғанда да, латынға көшу – ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома деп есептей, латын әліпбиімен жазуды шын жүректен жақтаймын. Латын әріптерін таңдауда ең бірінші тіліміздің ерекшелігін және компьютер пернетақталарындағы белгілерді таңбалауды ескерген жөн. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер мен атаулар, ғылыми әдебиеттер мазмұны, т.б. латынша.
Тілеуғалы Әміртайұлы, еңбек ардагері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
(Жалғасы бар).