Теміртау

Латын әліпбиіне көшу – ұлт мұраты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “Рухани жаңғыру” бағдарламасының басым бағыттарының бірі – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу. Межелі уақыт – 2025 жыл. Облыс орталықтарында, республикалық маңызға ие ірі қалаларда жаңа әліпбиді түсіндіру және насихаттау бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Ұлт үшін маңызы зор ортақ істен аудандар мен шағын қалалар да қалыс қалған жоқ. Бұған Теміртау қаласына барған сапарымызда куә болдық. Толығырақ тарқатсақ

ХАЛЫҚ ЫҚЫЛАСЫ – ЖОҒАРЫ

 Ел Үкіметінің қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезеңкезеңімен көшіру жоспарының алғашқы кезеңі 2018-2020 жылдар аралығын қамтиды. Яғни, дәл қазіргі сәт. Бұл кезеңде жаңа әліпби көпшілікке таныстырылып, түсіндіру және насихат жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілерге және ұстаздарға, ниет білдірген азаматтарға жаңа әліпби үйретіледі.

Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Тілдерді дамыту орталығының директоры Меруерт Бағдатқызының айтуынша, құрыш қалада түсіндіру және насихаттау жұмыстары алғашқы күннен бастап қарқынды жүргізілуде. Орталық мамандары қаладағы ірі сауда орталықтарын, саябақтарды, білім ошақтарын, мемлекеттік және жекеменшік мекемелерді аралап, жұртшылықпен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Олар халықтың жаңа әліпбиге деген көзқарастарын біліп, тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жауап береді. Латын графикасына көшу – маңызды қадам. Әйтсе де, адамдардың бәрі өзгеріске дайын болмауы мүмкін. Түсінбестіктің соңы дауға да ұласып кететін сәттер кездеседі. Ал, орталық мамандары мұндай келеңсіздіктердің алдын алуда. – Біз облыстық ресурстық тіл орталығымен және Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесіп жұмыс істейміз. Алғашқы кезде қаладағы халық көп жиналатын орталықтарды аралап, тұрғындардың пікірін білдік. Жаңа әліпбиді насихаттау бағытында түрлі акциялар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары толық қамтылды. Әліпби нұсқасы бекітіліп, емле ережелері қабылданған соң, таныстыру жұмыстарын қолға алдық. Жұртшылықтың қызығушылығын арттыру мақсатында бұл жұмыстар түрлі форматта ұйымдастырылуда. Яғни, тренингтер, қысқаша диктант алу, бейнероликтер көрсету және ән салу. Атқарылған жұмыстар қазірден-ақ оң нәтиже көрсетуде. Халықтың жаңа әліпбиге деген ықыласы жоғары, – дейді Меруерт Бағдатқызы.

Тілдерді дамыту орталығы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін қалың жұртшылыққа түсіндіру, насихаттау және оқыту жұмыстарын жүргізу үшін қосымша штат бірлігін бөліп, арнайы әдіскер алған.

КӘСІПКЕРГЕ ҚАНДАЙ КӨМЕК БАР?

Теміртау қаласына жолыңыз түсе қалса, көшедегі дүкендердің, сауда орталықтарының атаулары қазірдің өзінде латын әліпбиінде жазылғанын көресіз. Әрине, халықтың көзін үйрету тұрғысынан алғанда, бұл – оң үрдіс. Десек те, біздің қоғам мемлекеттік тілдегі жарымжан жарнамалардан әбден зәрезап болған ғой. Күні кеше ғана қабылданған әліпбимен жазылған жазулардың қатесін кім қарайды? Олар мамандардың көмегіне жүгінді ме?

– Жаңа әліпбиді қолдауда кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары. Олар Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің көмегіне жүгінеді. Бизнес өкілдерінің өтініші аяқсыз қалмайды. Біздің мамандарымыз мекеме атауларының латын қарпінде дұрыс жазылуын қадағалап, мәтіндерін тексеріп береді. Егер мәтін сапасыз болса, қайтадан жазып береміз, – дейді Меруерт Бағдатқызы.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

 Теміртау қаласының тілдерді дамыту орталығының әдіскері Гүлжайна Сыдықованың айтуынша, жаңа әліпбиді насихаттау жұмыстары офлайнда және онлайнда жүргізілуде. Яғни, ортақ іске әлеуметтік желінің әлеуеті жұмылдырылған. Бұл қала тұрғындарын толық қамтуға мүмкіндік береді.

– Танымал тұлғалардың тұщымды ойларын латын әрпінде жазып, әлеуметтік желіге жүктейміз. Түрлі ойындар ұйымдастырамыз. Бұл желі қолданушыларының жаңа әліпбиге деген қызығушылықтарын оятады. Сонымен қатар, әліпбиге және емле ережесіне қатысты сұрақтарға жауап беріп, талқылаулар жүргізудеміз, – дейді Гүлжайна Сыдықова.

Биыл әлеуметтік желі арқылы мектептер арасында караокемен ән салу эстафетасы ұйымдастырылған. Арнайы бекітілген ереже бойынша мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы орталық мамандары ұсынған караокемен ән салып, бейнежазбаға түсіреді. Кейін оны әлеуметтік желіге жүктейді. Ең үздік орындаушылар, әлеуметтік желіде көп қаралым және лайк (ұнату лүпілі) жинаған туындылардың иелері ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Маманның айтуынша, қалада жаңа әліпбимен жазу, оқу машықтарын қалыптастыруға бағытталған шаралар легі жиі ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, қала тұрғындарының арасында “Игі істің басы – тіл”, “Жаңа әліпбиде жазып үйренейік” атты акциялар өткен. Сонымен қатар, білім ошақтарында, кәсіпорындарда және мемлекеттік мекемелерде латын графикасында жазу дағдыларын қалыптастыруға үйрететін семинар-тренингтер, шағын диктант жазу шаралары ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері мұндай шараларға 900-ден астам адам қатысқан.

– Тұрғындар жаңа әліпбиді оңай игеріп кетіп жатыр. Жастар жағы бірден қабылдады. Ал, орта буын өкілдері үшін аздап қиынға соғуда. Бірақ, бұл кедергіден сүрінбей өтеріміз анық. Қазірдің өзінде жазу дағдыларын меңгеріп шыққан азаматтар бар. Біз, тек, қазақ тілді ортаға ғана емес, қаладағы этномәдени бірлестіктерде де түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, – дейді Гүлжайна Сыдықова.

Құрыш қаланың тұрғындарын латын әліпбиінде оқып, жазуға дағдыландыру жұмыстары газет беттерінде де жүйелі орын тапқанын айта кеткен жөн. Теміртау қаласында шығатын «Отан заман» газетінде арнайы баған ашылған. Оқырман назарына апта сайын емле ережелері және тапсырмалар ұсынылады. Мамандардың пайымдауынша, бұл – жаңа әліпбиге халықтың көзін үйретіп, қолын машықтандырудың бір амалы.

ТҮЙІН

 Біз тарихи кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Өйткені, латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиіне көшу – ұлт мұраты. Ұтарымыз көп. Ең әуелі, рухани тәуелсіздікке қол жеткіземіз. Әрі соңғы ғылыми жаңалықтардың дені осы әліпбимен жазылған. Сондықтан да, қазақ қоғамы үшін латын графикасы – заманауи технология тілін меңгеруге бастайтын жол. Сонымен қатар, латыннегізді әліпбиге ауыса отырып, бауырлас түркі әлеміне біртабан жақындай түсеріміз анық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

 

Басқа материалдар

Back to top button