Жаңалықтар

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

        Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» республикалық газетіне жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына өзек болған бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер көпшілік қауым арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отырғаны белгілі.

 

«ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» және «Таяу жылдардағы міндеттер» арқылы болашаққа қадам басудағы бірнеше сатыларды қамтитын рухани құндылықтарымызға байланысты мәселелер Елбасының көзқарасы ретінде сараланған. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу.

«Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер», – дей келіп, қазақ жазуының тарихына байланысты біраз мәселелерге тоқталған Елбасы жақын арада қолға алынатын іс-шараларды көрсетіп берді.

Жазу тарихы бірнеше кезеңдерді бастан өткерген түркі халықтарының ішінде, ілкі кездерден латын графикасын пайдаланатын Түркия мемлекетін қоспағанда, Түркіменстан, Әзірбайжан, Өзбекстан Республикалары кириллицадан латын әліпбиіне көшкеніне біраз уақыттың жүзі болды. Бірнеше жылға созылғанымен, кемшіліктері де бар екені сыналып жатады. Осыдан 4-5 жыл бұрын Өзбекстанға барған сапарымда қаланың орталығындағы жазбаларда латын әліпбиі қолданылғанымен, сырт жақта орналасқан дүкен аттары, шағын жарнамалардың кирилл әрпімен жазылғанына куә болғаным бар, оның үстіне жасы үлкен адамдардың барлығы дерлік күнделікті өмірде ескі таңбаларды қолданады екен. Ал олардың әліпби ауыстырғанына жиырма жылдан асып барады.

Аталған елдердің жаңадан қабылдаған әліпбилеріне байланысты жетістіктері де, кемшіліктері де айтылатын сияқты қазақ елі тағатсыздана күтіп отырған жаңа әліпби, латын әліпбиі төл фонетикамызға оң өзгерістер әкелері сөзсіз. Әрине, кей адамдарда латын әліпбиіне көшу барысында сауатсыздық пайда болып, құнды мұралардан айырылуымыз мүмкін деген күмән болуы да ықтимал бірақ, бүгінгі таңда, ғылым мен техниканың дамыған сәтінде, компью­терлік бағдарламалардың мүмкіндігі мол кезде, кириллицамен жазылған мұрамызды жаңа әліпбиге көшіру мәселесі де қиындықсыз шешілері сөзсіз.

Қандай да істің бастамасында қиындық болатыны белгілі бірақ, әліпби мәселесінде ондай қорқыныш болмауы керек. Себебі бұл бір-екі жылда емес, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап сөз болып келе жатыр және Елбасы атап көрсеткендей, оқушылар ағылшын тілін оқу арқылы латын әріптерін меңгерген, ғалымдардың, барша қоғам өкілдерінің көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы қабылдануы керек, жаңа әліпби үйрететін мамандар, оқулықтар дайындалып, бір-екі жылда әдістемелік жұмыстар жүргізіледі. Яғни, жаңа әліпбиге көшу бірнеше кезең арқылы жүзеге асады. Ең бастысы, жаңа әліпби төл дыбыстарымыздағы ерекшеліктердің сипатын нақты көрсете алатындай, қазір қолданылып жүрген басы артық әріптерден құтылатындай, орфографиялық заңдылығымыздың табиғатына сай келетіндей болуы керек, себебі әліпби ауыстыру – бір таңбаның орнына екінші таңбаны қоя салу емес. Бізден бұрын латын жазуына көшкен түркі халықтарының қателігі бізге сабақ болып, сол қателіктерді қайталамау үшін жаңа қабылдайтын әліпбиіміздің ғылымилығына баса назар аударған жөн.

Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны бірлесе еңбек етіп, жанашырлық танытқанда, сәтті пікір айтып, оң шешім жасай алғанда білінеді.

 

Мархаба Ахметқалиқызы,

Е.Бөкетов атындағы

 Қарағанды мемлекеттік

 университеті қазақ тіл білімі

кафедрасының доценті,

филология ғылымдарының

 кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button