Жаңалықтар

ЛАТЫН ГРАФИКАСЫ және РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

2017 жылдың 12 сәуірінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында таяу жылдарда атқарылатын бірқатар міндеттерді атап көрсетті. Солардың ішінде қазақ тілін латын графикасына көшіру; қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»; «Туған жер»; «Қазақстандағы 100 жаңа есім» тәрізді таяу жылдары атқарылуы тиіс жобаларды ұсынды. Қазіргі кезде Президент ұсынған жобалар еліміздің рухани әлеміне жаңа леп әкеліп қана қоймай, аталған бағыттар бойынша Қазақстанның барлық аймағында ауқымды іс-шаралардың атқарыла бастауына негіз болды.

Соның ішінде қызу талқыға түсіп, ұтымды пікірлер жинақтала бастаған өзекті мәселе – бүгінгі қазақ тілін латын графикасына көшіру. Әрине, ХХІ ғасырдың қарыштап дамып бара жатқан ғылымы мен білімі, заманауи технологиясы Қазақстанды жаһандық өркениетке жетелей отыра, заман көшінен қалып қоймауға бағыттайды. Осы орайда, латын графикасы қазақ халқы үшін мүлде жат емес екенін де есте ұстаған абзал. Өткен ғасырдың 30-40-шы жылдарында біздің аталарымыз бен әжелеріміз осы латын тілін пайдаланғанына тарих куә.

Бибекеш Қалиқызы деген әженің осы графиканы пайдаланып жазған қолжазбасы біздің қолымызда. Онда әжей қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі эпостық және лиро-эпостық жырлар – Алпамыс батырды, Еңлік-Кебекті латын әріптерімен көшірген.

1937 жылы жазылған дәптерде бұлардан басқа да мәліметтер бар.

Ендеше, біздің аталарымыз бен әжелеріміз меңгерген латын графикасы компьютерді де тез үйренген біздер үшін керемет қиындық туғызбайды деп есептейміз. Латын графикасын игеруге жаппай көше бастаған кезде, ұзақ жылдар бойы сақталып келген осындай тарихи жәдігерлер де біздерді латын графикасын тез арада үйренуге мүмкіндік береді. Ал қазіргі кезде үш және одан да көп тілдерді меңгеріп келе жатқан жас ұрпаққа, латын графикасын игеру ешқандай қиындық тудырмайтынына сенеміз.

Елбасы Жарлығына сәйкес, барлық оқу орындарында латын әліпбиінің үлгісі талқыланып, кей жағдайда пікір-талас тудыруда. Бір нәрсе анық, ол бүгінгі қазақ зиялылары латын әліпбиіне көшуді толығымен қолдайды. Бұл ұрпақтар сабақтастығының ХХІ ғасырдағы жаңарған көрінісі, яғни қазақ рухани мәдениетінің жаңадан жаңғыруы. Тарихи маңызы бар Жарлық тәуелсіздіктің басты белгілерінің бірі. Жоғалтқанымызды табуға, саралап, озық дүниемізді ұрпағымызға түсіндіруге мүмкіндік беретін ғасырлық шешімдердің біріне ие болдық деп санаймыз. Кешегі Алаш зиялыларының тарихи мұраларының басым бөлігі латын әліпбиімен жазылған еңбектерін бүгінгі күні оқуға мүмкіншілік беретін сәт туды. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарихшы ғалымдары бұл тарихи шешімді рухани мұраны жаңғыртуға мүмкіндік беретін құжат ретінде қабылдады және бұл ата-баба қалдырған рухани мұраны оқи алмай мәңгүрттенудің алдында аз-ақ қалған қазақ үшін таптырмайтын шешім деп санады.

Латын графикасына оралу – бұл еліміздің рухани тұрғыдан жаңғыруын және мәдени дамуын тездететін, әлемдік құндылықтарды игеруге мүмкіндік беретін тарихи бетбұрыс.

Құрметті оқырмандар! Жоғарыда келтірілген деректегі латын әліпбиімен жазылған (қазақ тіліндегі ә, ө, ү, ұ, ң, ғ, і – авт.) әріптер туралы пікір алмасайық.

 

Н.Бейсенбекова,

Е.Бөкетов атындағы

ҚарМУ-дың «Тұлғатану»

ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

Г.Смағұлова,

 Е.Бөкетов атындағы

ҚарМУ-дың тарих факультетінің

деканы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button