Рухани жаңғыру

Латын қарпіне қайта ораламыз

     Жуырда Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде,  тау-кен факультетінің «Кеніштік аэрология және еңбек қорғау» кафедрасы оқытушыларының мұрындық болуымен «Рухани жаңғыру: Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» атты шеберлік сабағы өтті.

Игі іс-шараның қадірлі қонақтары ҚарМУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты Саржан Такиров, ҚарМТУ-дың латын әліпбиіне көшу жөніндегі төрағасы Арыстан Ибадолла, ҚарМТУ тәрбие жұмыстары жөніндегі проректордың орынбасары Нұрбибі Смағұлова, ҚарМТУ-дың тау-кен факультетінің деканы Асқар Имашев, ҚарМТУ-дың тау-кен факультетінің ардагерлер төрағасы Ниль Шарипов және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы маңыздылығы, өзектілігі жайы жан-жақты талдап, жеткізді. Шеберлік сабағын жүргізген «Кеніштік аэрология және еңбек қорғау» кафедрасының оқытушысы Досжан Народхан қазақ жазуының латын графикасына көшуін рухани жаңғыруымыздың жарқын бір көрінісі екендігін тілге тиек етті. Жаңа әліпбиге қатысты студент жастармен біріге ой бөлісіп, Елбасының латын қарпіне қатысты айтқан пікірлерін бейнетаспа арқылы ұсынды. Латын әліпбиіне көшу оңай шаруа емес, бұл кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын маңызды да салмақты іс деп ой түйді. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі тарапынан латын әліпбиін үйрететін мамандар даярланатыны, сөздіктер, оқу-әдістемелік құралдар шығарылатыны да айтылды.

Саржан ТАКИРОВ, ҚарМУ-дың доценті, филология ғылым­дарының кандидаты:

– Қазақ елінің тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен. Содан 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді. Біз жиырмасыншы ғасырда ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткердік. Тарқата айтса, олар: біріншіден – араб әліпбиі (1929 жылға дейін), екінші – латын әліпбиі (1929-1940 жж.), үшіншісі – кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі 1940 жылдардан бүгінге дейінгі қолданысымыздағы қазіргі әліпбиіміз. Сондықтан да, біз латын қарпіне көшпейміз, оған қайта ораламыз,– деді.

Сонымен қатар, шеберлік сабағына қатысушылар латын әліпбиіне көшу ұлы мақсат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу мүмкіндігімізді жеделдетіп, мемлекеттік тілімізді игеруді жеңілдететінін атап өтті. Студент жастар болса, өз сауалдарын жолдап, кейбірі латын қарпінде жазуға әзір екендіктерін көрсетті.

Шара соңында «Кеніштік аэрология және еңбек қорғау» кафедрасының меңгерушісі Нұрбек Жолмағамбетов және аға кураторы Нұркен  Медеубаев тіл жанашырлары мен болашақ мұғалімдердің барлығы латын әліпбиіне көшу мәселесінің өзектілігін һәм қолдайтындықтарын білдірді. Сондай-ақ, шеберлік сабағына қатысқандарға алғысын жеткізді.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button