Рухани жаңғыру

Латын қарпіндегі архив құжаттары

    Архив – тарих айнасы, халықтың деректі ескерткішін, ұлттың тарихын сақтаушысы. Архивтегі құжат болған оқиғаны еш айна қатесіз баяндайтын айғақты құрал. Қазір архивтер көпшілік қауымға есігін айқара ашып, құпия болып келген, еліміздің өткенін паш ететін кейбір құжаттарға зерттеушілер қол жеткізе алатын халге жетті.

Тәуелсіздік алғалы бері, еліміздің даму тарихында көптеген жаңа үрдістер мен өзгерістер болып жатыр. Тарихымызға деген көзқарас бұрынғы кеңес дәуіріндегідей бір жақты емес, жан-жақты қамтитын тың деректермен жаңарып толығуда. Елбасымыз қазақ халқының өркендеп, болашақта бәсекеге қабілетті, алдыңғы қатарлы мемлекеттермен терезесі тең, заманауи технологиялар мен коммуникацияны, 21 ғасырдағы ғылым мен білім беру процестерін игеріп, бәсекеге қабілетті болу үшін қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керектігін айтты.

Елбасы айтқандай латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Ендігі кезекте Мемлекет басшысы атап өткендей ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданды.

Қазақ қоғамының көшпелі жағдайында жазба куәларды сақтаудың мүмкіндігі болған жоқ. Сондықтан, ата-бабаларымыз өзінің есте сақтау қабілетіне сенген және ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарихын жеткізіп отырған. Сонымен қоса, қазақ қоғамында осы уақытқа дейін үш жазу түрі қолданылды.

1929 жылдан 1940 жылға дейінгі аралықта қала архивтеріндегі құжаттардың дені латын әрпінде жазылған. Сол себепті, қазақ жазуы латын қарпіне өтпейтіндігін, керісінше қайта оралатындығын айтқан жөн. Өйткені, Қазақстанда латын графикасын қолдану тәжірибесі бұрыннан бар. 1929 жылы қазақ зиялылары латын графикасын қабылдап, мемлекеттік іс-қағаздарды осы әліпбидің көмегімен жазды.

Сәтбаев қаласындағы архив құжаттарында «Жезқазған поселкесі атқару комитетінің» 1930-1936 жылдардағы Жезқазған, Қарсақпай кентіне шаруашылыққа берілген жерлердің жобалау жоспарлары, ондағы сызбалар мен мөрлер, жер актілері, іс-қағаздары соның ішінде хаттамалар, жолдамалар барлығы латын және орыс тілдерінде бірдей жазылған. «Қарсақпай қалалық кеңесіне аудандық оқу бөлімі төмендегіні міндеттейді: оқу жасына дейінгі 4 жастан 7 жас арасындағы балалардың тізімін алып ер және қыз баланы бөліп жазып аудандық оқу бөліміне табыс етіңдер аудандық есепке өте қажет» делінген құжат бар. Сонымен қатар, 1936 жылдың 30 маусымындағы Қарсақпай аудандық атқару комитетінің алқа отырысының қаулысы, Қарсақпай аудандық атқару комитетінің пленумында Қарсақпай аудандық атқару комитетінің председателі С.Бисәлиевтің баяндамасы, 1936 жылғы Жезқазған қалалық жұмыскерлер кеңесінің бірінші жарты жылдық есебiнің нәтижелерi латын қарпінде жазылған.

Архив қорындағы құжаттардың дені латын әліпбиінен бастау алған. Ал, осы құжаттардан ел азаматтарының ұлт үшiн, оның тiлi, сауаттылығы үшiн күн демей, түн демей еңбектенгенін көруге болады. Оған жоғарыдағы құжаттардан келтiрiлген қысқаша мәлiметтер куә. Әрине, бұл олар жасаған жұмыстардың бiр бөлiгi ғана екенi даусыз. Осындай құнды дүниелерді нақты дәлел ретінде қоғамға, студенттер мен оқушыларға таныстыру біздің басты міндетіміз. Олай болса, латын әлiпбиiне оралу – тәуелсiз Қазақстан тарихындағы елеулi бетбұрыс екені анық.

Ж.ДӘРІБАЕВ,

Сәтбаев қалалық мемлекеттік архивінің басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button