Рухани жаңғыру

Латын қарпі – ұлт болашағы

12-16 наурыз күндері ҚарМТУ-дың «Жол-көлік» факультетіндегі «Қазақ тілі және мәдениеті» кафедрасының меңгерушісі Қаламқас ҚАЛЫБЕКОВАНЫҢ ұйымдастыруымен «Латын әрпіне көшу: тарих, мәселе және перспектива» тақырыбында ауқымды семинар өткізілді.

Өз кезегімізде, бізге игі шараның алғашқы күнгі жұмысына құлақ түру бақыты бұйырған еді. Сөйтіп, шараға қатысушылар қатарында аталған білім ордасының ғалымдар және оқытушылар құрамы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. Ал, осы азаматтардың алдында ағынан жарылып, жаңа қаріптің артықшылығын алға тартқан филолог ғалымдардың қатарында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жандос Смағұлов, осы білім ордасының «қазақ тілі» кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мархаба Тұрсынова, Қарағанды «Болашақ» академиясының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Құрманғазы Сембиев бар еді.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көтерген қазақ әліпбиінің латын графикасына ауысу мәселесі қаншалықты маңызды екені айтпаса да белгілі. Ұлт болып ұйысып, ел болып ертеңгі күнге сеніммен аяқ басамыз десек, осы қадамға бармасқа болмас. КСРО-ның қабырғасы сөгіліп, шаңырағы ортасына түскен жылдардан бері Әзірбайжан, Өзбекстан сынды түркі халықтары әлдеқашан бұл қаріп түріне ауысып кетті. Түркия боса-болмасын осы латын қарпін пайдаланады. Бұл сөзден Елбасымыз осы бастаманы тек түркі халықтарының ынтымақтасуына бола жасап жатыр деп ой түюіңіз ықтимал. Жоқ, бұл тек бір ғана қыры дейік. Қазіргі күні әлемнің ғылымы мен ілімі, ақпараты, технологиясы түгелімен осы латын графикасында таңбалануда. Смартфондар мен гаджеттердің сан түрін саудаға шығарып үлгерген Жапония мен Корея сынды Азия алпауыттары да өз қаріптерімен қатар, латын қарпін қолданудан да бас тартқан емес. Неге? Себебі, бұл – ғылым мен техниканы таңбалану тілі десе де болады.
Сондықтан, өңірімізге ғана емес, бүкіл Қазақстанға қажет елеулі мамандарды, әсіресе, техника, цифрландыру саласына қажетті тұлғаларды тәрбиелеуде табанды тер төгіп келе жатқан ҚарМТУ сынды білім ордасының ұстаздары осы жайтқа терең бойлай білулері керек екені айтпаса да белгілі жайт.
Өз кезегінде, филолог ғалымдар Президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен қазақ әліпбиінің латын графикасына мейлінше көп тоқталып, әр дыбыстың таңбалану мәселесін тілге тиек ете білді. Бұл ретте, қатысушылар тарапынан көп талқыланған – өзіміздің төл дыбыстарымыз болды десе де болады. Ғалымдар да қойылған әр сауалға барынша толық жауап қатуға, ең бастысы, сол жауапты сұрақ қоюшыға түсіндіруге тырысып бақты.
Апта көлеміне созылған семинар барысында мінберге көтерілген ғалымдар да әралуан болғанын айта кету керек.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button