Латынға көшу – қоғам сұранысы

Қалалық №65 мектебінде «Латын әрпіне көшу – заман талабы» тақырыбында ата-аналар жиналысы өтті. Жиналысқа 155 ата-ана қатысты. Жиынды ашқан мектеп директоры Бекбай Смағұлов баяндамасында қазақ тілін латын графикасына ауыстырудың маңыздылығын, латын әліпбиіне көшу қажеттілігін баса айтты. «Келешек ұрпақтың болашағы үшін дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге жағдай туғызады. Бүгінгі күні  қазақ  тілінде білім  беретін  мектептер саны елімізде 70 пайызға жеткен. 2025 жылы қазақ тілінде сөйлейтіндер үлесі 95 пайызды құрайды деп күтілуде. Ендігі уақытта латын әрпіне көшу тіліміздің мәртебесін көтеру жолындағы нақты қадам деп түсінуіміз керек» деп қорытындылады. Директордың оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары Гаухар Масалимова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында латынға көшу мәселесін жедел әрі түпкілікті қолға алу қажеттігін, қазақ тілін біртіндеп 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшіру жөнінде айтты. Сондай-ақ, балалардың ағылшын тілі мен ғаламтор тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызу жөнінде ауқымды баяндама жасады.

– Латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатып, түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, қазақ халқы  ертеден  қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады, – деп түйіндеді.

Сондай-ақ, әліпби мәселесінде жан-жақты жаппай жұмыс істеу қажет. Әсіресе, латын қарпіне көшер болсақ, жастар ғана емес, үлкендер де тез үйренеді дегенге саяды көптің пікірі. Оған қоса,  латын әліпбиіне көшсек, баспасөзіміз де жаһандық көшке жақындап, әлем елдерімен теңесуге мүмкіндік алады.

Жиналыс соңында мектеп оқушылары Отан, тіл жайында үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын)  мәнерлеп өлеңдер оқып, мектеп мұғалімдерінің орындауында «Туған жер» әнін шырқады.

Аяулым СОВЕТ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.