Латунь немесе редактор мұрасы
«Публицистика – дәуір үні» дейді Тауман АМАНДОСОВ. Ендеше, дәуірге үн қосқан тоқсан жылдық тарихы бар «Ortalyq Qazaqstan» газеті жайлы толғансақ, ойымыз телегей теңіз, көл-көсір болмақ. Ал, сол газетте қалам ұстап, ой кешкен қаламгерлер бір-бір дәуір еді. Амал қанша, өмір заңдылығы ғой, уақыты келе алдыңғы буын ардақты ағаларымыз өздерімен бірге бір-бір дәуір көшін алып кете барды. Қазақ әдебиеті мен руханиятының талай алып бәйтерегі көзден кетті. Солардың арасында қаламынан туған дүниелері, көкірек көзіңді ашып, ой-санаңды оятар дәйекті де зерделі толғамдарға толы публицист, облыстық газетті 22 жыл басқарған Мағауия СЕМБАЙ ағам да бар еді.
Ұлт руханиятының төрінен орын алып, артында өшпес із қалдырған аға жайлы өткен шақта сөйлеу өте ауыр. Тіршілігінде Мағаш аға қазақ журналистикасының қатепті қара нары Жанболат Аупбаев жайлы «Латунь» деген мақала жазған болатын. Сонда қаламгер аға: «Латунь – көп металдың қоспасы. Онда ең көбі – мыс, одан кейін мырыш, қалайы, никель, қорғасын, марганец, темір болады. Металлургтер қоланың ең мықтысына жатқызады. Өте бағалы, қымбат құйма. Жәкең де латунь сияқты атойлап ат қоятын, жорғасы шапқан атқа жеткізбейтін, аяңы желген сәйгүліктен озатын құйма журналист. Шеберлік шыңы осындай-ақ болар» деп замандасының мықтылығын мойындап, сүйсініп жазады. Сол «Латунь» сынды қымбат құйма өзі екендігін қаламгер сезді ме екен?! Ойды ой қозғайды. Латунь жайлы сөз болғанда Мағаш ағам көзіме елестеп, жүрегім езіліп кетті. Әлі есімде, «Ortalyq Qazaqstan» газетіне тілші болып, тұяқ іліктіріп тұрған кезім. Аға басылымның 85 жылдық мерейтойы қарсаңы еді. Редакторға мақаламды көрсетпек ниетте есігін қақтым. Есіктің арғы жағынан Мағаш ағаның «кіре беріңіз» деген дауысы естілді. Имене басып, «мақалам туралы не айтар екен?» деген толғаныспен кірген мені құшақ жая қарсы алып, оң жағына жайғастырды. Содан соң күлімсіреп, қолындағы сары металды көрсетіп: «Әй, ұл, мынау не екенін білесің бе? Әй, бірақ, сендер қорғасынмен газет шығармаған адамсыңдар ғой. Білмесең, мен айтайын. Бұл – осы киелі қарашаңырақ «Орталықтың» газетінің Мәскеуде латуньнан құйылған фирмасы», – деді. Мен де таңданысымды жасырмай, редактордың қолындағы қаріптері төңкеріліп тұрған газеттің фирмасына үңілдім. Сонда сәл кідіріңкіреп, тамағын кенеп алып, қолындағы қасиетті дүние туралы әңгіменің тиегін ағытты.
– Ертеректе газет қорғасын қаріптермен басылатын. Сонда әлгі газетті беттеп жатқанда, қаріптерді байқамай шашып алатын кездер болады. Қаріптер шашылғанда, дүние төңкеріліп кеткендей күй кешесің. Мынау латуньнан құйылған газеттің фирмасы – мына редакцияның, қарашаңырақтың киесі. Мен мұны ертеден бері көзімнің қарашығындай сақтап келемін, – деді асыл аға.
Қолыма ұстатып тұрып Мағаш аға: «Салмағын көр» деп жылы жымиды. Расымен де, әлгі латунь мен ойлағаннан да салмақты болып шықты. Оның салмағын сезіндім. Ардақты редактор ағамдай асылдар ғана, асыл дүниені көтеріп тұратындығына көзім жетті. Әлі күнге маған айтқан «Газеттің ақылшысы да, қазысы да, сарапшысы да, мақтаушысы да, даттаушысы да оқырман. Газет пен оқырман егіз болу керек. Ол үшін мына біздер, талмай еңбек етуіміз қажет» деген сөзі санамда сақталып, жүрегімде жатталып қалды. «Орталықтың» тойында Мағаш аға әлгі латуньнан құйылған газеттің фирмасын төбесіне көтеріп ұстап шыққан еді. Кейін, зейнетке шығып, жұмысынан босағанда газет болмысы жаңа заман талабына сай жасанып, газеттің фирмасы өзгеріске ұшырады. Газет фирмасын өзгерткенде телефонмен ренішін білдірді. Газеттің бұрынғы фирмасын қайтару керектігін айтты. Оны қайта қалпына келтіруді бүгінгі күнде газет тізгінін ұстаған Ерсін Мұсабек ағамызға тапсырыпты. Ерсін аға «Мағаш ағамның аманатын орындадым. Газет фирмасын бұрынғы қалпына келтірдім» деген қуанышты хабарды жеткізгенде көңілім босап, тағы жылап алдым. Ия, «Ortalyq Qazaqstan» газетінің латуньнан құйылған фирмасы шебердің кейінгі дәуірге қалдырған қолтаңбасындай, газетте еңбек еткен журналистиканың қара нарларының тіршілігінің тірі куәсіндей көрінеді. Газет фирмасы ардақты Мағаш ағамның бейнесіндей. Осынау ғаламат дүниені мінәжат тұтасың, аға ұрпақ дәуірінің сырын ұғынасың. Латунь – редактордың мұрасы. Онда ағамыздың қолының қасиетті бедері қалған. Өткенді айғақтайтын көненің көзі. Мағаш ағамның өзі сияқты…
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.