Құланөтпес интернетке қосылды
Ақпарат дәуірінде интернетсіз өмір сүру қиын. Әсіресе, шалғай ауылдардың тұрғындары үшін. Нұра ауданы, Құланөтпес ауылының 200-ден астам халқы да біраз уақыттан бері ауылға интернет тартуды сұрап келген. Енді, міне, көптен күткен кең жолақты интернетке қол жеткізіп отыр.
Биыл облыстық бюджет есебінен ауылда мұнара орнатылды. Қазір елді мекенде интернет талапқа сай жұмыс істеп тұр.
– Бес балам бар, олардың екеуі елордада оқиды. Жер-көктің бәрі дамып жатқан заманда интернетсіз өте қиын. Балалардың картасына ақша жіберу немесе олармен сөйлесу үшін Wi-Fi желісіне қосылуға мектепке немесе әкімдікке баратын едік. Бірақ, бұл ұйымдардағы интернет торабы ел көп қосылғанда оны тартуға күші жетпей қалатын. Сондықтан, интернет мұнарасының орнатылуы – үлкен қуаныш. Енді, балаларымызбен үнемі байланыста бола аламыз. Үйден ақша аударымдарын жасап, жаңалықтарды уақытылы білеміз, – дейді ауыл тұрғыны Азамат Қасымов.
Бұдан бөлек, бір ай бұрын Тікенекті, Талдысай, Баршино және Жанбөбек ауылдарының тұрғындары да интернетке қосылғанын айта кеткен жөн.
Құланөтпес ауылы тұрғындарының көп жылдан бері шешілмей келе жатқан тағы бір мәселесі – сапалы ауыз су. Олар ұзақ уақыт бойы ұңғымалардың суын пайдаланған. Оның сапасы өте нашар. Биыл жаңа ұңғымаларды жабдықтау, тұщыландырғыштарды орнату және үйлерге су құбырын жеткізу бойынша екі жылдық жобаны іске асыру басталған.
– Бүгінде таңда бұл жұмыс 50 пайызға орындалды. Келесі жылы әр үйде су болады. Сонымен қатар, биыл Ақтүбек және Нұрман бөлімшелерінің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз еттік. Су тарату станциясы бар ұңғыма ауылдарды 2025 жылға дейін таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша жабдықталған. Құланөтпес пен Ақтүбек бөлімшесі арасындағы жол мен Нұрманға апаратын жол да жөнделді, – деді Құланөтпес ауылдық округінің әкімі Ардақ Әбеуов.
Өз тілшімізден.