Бас тақырыпРуханият

Ғұлама ғұмыр ғибраты

Ұлттық арна түсірген төрт бөлімді «Әлкей. Ғұлама ғұмыр» телехикаясы қазақтың көрнекті ғалымы, археолог, шығыстанушы Әлкей Марғұланның өмірі мен қызметі туралы сыр шертеді. Сюжет желісіне Әлкейдің Семейдегі педагогикалық техникумда оқыған жасөспірім шағы, 1930 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшыраған кезеңі, қазақтың батырлық жырларын зерттеп, жарыққа шығаруға ден қойған сәті арқау болған. Ал, Орталық және Шығыс Қазақстан аймағында ежелгі қола дәуірі өркениетінің үлкен ошағы болғанын дәлелдеп, әлем қауымдастығын елең еткізген жаңалығы – телехикаяның басты оқиғасы. Бас продюсер – Роллан Пошан, қоюшы режиссер – Жасұлан Пошанов, сценарий авторлары – Данияр Күмісбаев, Серікболсын Сабыржанов, Жасұлан Пошанов.

Суреттер: телехикаядан скриншот

Фильмнің бір бөлігі Ақтоғай ауданы, Бегазы тауының баурайында, адамзат мәдениетінің ежелгі ошағы Бегазы тарихи ескерткіштерінде түсірілген. Түсірілім 15 күнге созылған. Осы маңайдағы Бегазы, Шабанбай би ауылының тұрғындары түсірілім тобын құшақ жая қарсы алып, бар көмегін берген. Кейбір ауыл тұрғындарына фильмге түсу мәртебесі де бұйырған.

Бегазы ауылының беткеұстар азаматы, ел ағасы, өлке тарихын бес саусақтай білетін Зәйіт Зүбайрин Ә.Марғұланның бейітті қазуына қарсылық көрсеткен Шопан атаның ролін сомдапты. Жалпы, Шабанбай би ауылында 1979 жылы ашылған «Шалқар» халық театры бар. Осы атыраптағы актерлікке қабілеті барлар осында өнер көрсетіп, елдің алғысын алып жүр. Сондықтан да, киноға түсу ауыл адамдарына қиындық туғызған жоқ. Олар тарихи туындының осында түсірілгеніне өте қуанышты. Өйткені, көптеген фильм Алматы және басқа жақта түседі. Ал, Қарағанды облысы аумағындағы тарихи орындар мен табиғаты кез келген фильмді түсіруге ыңғайлы екенін атап өткен жөн.

– Әлекең осында 1956 жылы зерттеуге келгенде ауыл адамдары қарсы болған. «Әруақтарды мазаламаңдар, тыныштық беріңдер. Бейітті қазғанды қашан көрдіңдер?!» депті ауылдағы Шопан ата. Осы рольді ойнап шықтым. Кейін ғалыммен тіл табысып, тілеулес болып, көмек беремін. Жалпы, өзім бала күнімде Әлекеңді көргенмін. Екінші келуінде зираттың маңайын қоршатып, реттеп кетті. Сонда ауыл балаларымен қызықтап қарап тұрғанбыз. Сондықтан да, бұл фильм бала күнімді еске түсірді. Өте ыстық, – дейді Зәйіт Сағидоллаұлы.

Ал, «Шалқар» халық театрының режиссері Мәулен Құлымжанов колхоз бастығы Асхат Әлібекұлының ролін ойнаса, мектептің аспазшысы Зинаш Әбдірахманова аштық кезеңіндегі ананың бейнесін сомдаған. Әлкейдің әнші досын осы ауылдың азаматы Нұржан Құлымжанов ойнаған. Ақтоғайда музей ашылғанда ауыл-ауылды аралап, жәдігерлерді жинаған азамат, белгілі суретші ақтоғайлық Аманқұл Мұсатайұлының образы да бар фильмде. Әлекең Ақтоғайға әр келгенінде мотоцикліне отырғызып алып, бүкіл тарихи орынды аралатып көрсеткен де осы Аманқұл Мұсатайұлы екен.

Тарихи туындыға түсіп, ауылдың мерейін тасытқан өнерпаздардың бәрін ауыл мектебінде драма үйірмесін ашып, өнерге баулыған ұлағатты ұстаз Зия Елеубеков.

Телехикаяда Әлкей Марғұланның жастық шағын Темірлан Еркінғалиев, өмірінің кейінгі жылдарын Мұрат Ахманов сомдаған.

Фильм бірден баурайды. Екі тайпа арасындағы соғыс. Басқыншы тайпаның мергені тыныш жатқан рудың белді батырын садақпен атып өлтіреді. Сол садақтың сынығы қорымдағы бейіттен табылады. Осылай бұрынғы дәуір мен Әлкейдің заманы байланыстырылған.

Әлкейге Ақтоғайдағы тарихи ескерткіштер туралы Әлихан Бөкейханның айтқаны белгілі. Фильмде Олжабай батыр, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Әбікен Бектұров сынды алыптар бар.

Сондай-ақ, аштық кезеңі әсерлі баяндалады. Әлкей оқудан келіп, анасын таппайды. Бейітін қанша іздесе де таба алмайды. Қарағандыға барар жолда Қандыадырда қаза тапқанын естиді. Ленинградта жүргенде тұтқындалып, түрмеге жабылады. Соққыға жығылып, азап шегеді. Бірақ, бұл туралы жастар сұрағанда айтудан бас тартады. «Қайта

тусам, тек анама бас ию үшін ғана туар едім» дейді. Перзенттік махаббатын білдіріп үлгермегенін айтады.

«Қазақтарда мәдениет, білім-ғылым болмаған, тек мал баққан» деген қате түсінікке Әлкейдің қарсы шығып, күресуі, солтүстік және Орталық Қазақстандағы көне мәдениет ошақтарын ашуға деген ынтасын оятуы сәтті суреттелген. Бұл күрескерлікке Әлкей түрмеден шыққан соң бекінді. Өйткені, өзі білетін алаштық алыптардан айырылғаны өзегін өртейді. Олардың арманын орындауға ант етеді.

Алайда, анасының бейітін таба алмауы – үлкен өкініш. Есесіне, ұлт рухын көтерер асыл қазына тапты. Тарихи ауқымды бетбұрыс жасады. Біз телехикаяның бір үзігін ғана тілге тиек еттік. Ал, мұнда көптеген тарихи қарама-қайшылыққа толы шындық суреттелген. Ел білмейтін түрлі тың деректер көрерменді қызықтыра түседі.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button