Сәтбаев

Ғұлама ғалым музейі ашылды

Сәтбаев қаласындағы №9 орта мектепте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ұлттық Ғылым Академиясының 75 жылдығы және аталған ғылым ордасының тұңғыш президенті, ғұлама ғалым Қаныш СӘТБАЕВТЫҢ туған күніне орай, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-музейінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Тағылымы терең шараға металлургтер шаһарының басшысы Асқар Ыдырысов, қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, қала әкімінің орынбасарлары, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Яхия Асатов, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Омаров, музейді жасақтау ісінде серіктес болған Жезқазғандағы Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейінің қызметкерлері, Жезді кентіндегі М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің директоры Зейпін Қазанбаева, бұқара қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.

– Бүгін ұлттың біртуар перзенті Қаныш Имантайұлының туғанына – 122 жыл. Біз бар ғұмырын халқының игілігіне арнаған алып академик, кемеңгер тұлғаның жарық дүние есігін ашқан күнін әр жыл сайын айрықша сипатта атап өтеміз. Өзінің есімі берілген қалада Қанекеңнің құрметіне арналған маңызды шаралар мен игі бастамалар үздіксіз жалғасын тауып келеді. Бұл үрдіс ешқашан үзілмесі күмәнсіз. Жас буынға тәлім-тәрбие беріп, зердесін кеңейтетін білім ошағында ғұлама ғалымға арналған музейдің қолданысқа берілуі – соның бір айғағы.

Ұлағатты ұрпақ жадында қалар істерді ілкімді жүзеге асыру – біздің басты мақсатымыз. Келешегінің кемелдігіне сеніммен қарап, биік мақсаттарға талпынған адам үлкен нәтижелерге қол жеткізері анық. Сол себепті, танымы терең, қарымы кең оқушылардың болашағы үшін ашылған музейдің атқарар рөлі зор. Ұрпақ еншісіне өшпес мұра, сарқылмас қазына қалдырған Қаныш есімін дәл осы білім ордасына беру – ұтымды шешім деп ойлаймын.

Баршаңызды атқарылар қыруар жұмыстың жанынан табылуға шақырамын. Бұл музей жарқын бастамалардың жалғасы, игі істердің ұйытқысына айналуы тиіс, – деді өзінің құттықтау лебізінде Асқар Абылайұлы.

Қала әкімі мен қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Омаров лента қиған соң, жиылған қауым Ұлы Даланың дара бітімді тұлғасының мағыналы өмір жолдарынан сыр шертетін, аса тартымды әрі алуан түрлі музей жәдігерлерін қызыға тамашалады.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ,

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button