ҒҰЛАМА
Әлемдегі ұлы ұстаз, ғұлама философ Аристотельді ғана алдына салатын қазақ бар. Ол – өзіміздің осы Отырарымыздың тумасы, қыпшақ, Шығыстың Аристотелі («Екінші Аристотель») атанған Әбунасыр әл-Фараби.
Өткен ғасырдың қырқыншы-елуінші жылдары Фараби атамыз түбі бір түркі тұқымдас туыс, әрі көрші елге өтіп кете жаздаған. Анығында өтіп те кеткен. «Жақсыға әркімнің-ақ бар таласы» деп бекер айтпаған ғой. Фарабидей ғұлама перзентімізді Ұлы Даламызға қайтару екінің бірінің қолынан келмейтін өте қиын, анығында неғайбыл шаруа болатын.
Ғылым бос сөзді, тақылдаған дидактиканы, жобалап осындай-ау деп тон пішкенді көтермейді. Әуелі нақты дәлел, бұлтартпас қисын, ақиқатты ашатын факті керек. Ең қиыны – Фараби атамыздың ұшан-теңіз ғылыми еңбектерін әбден ұғынып, барынша пайымдап, зерделеп, зерттей алатын терең білім, мол білік керек-тін. Осының бәрі Ақжан әл-Машани атамыздың бойында болған. Қасиетті Қарқаралының тумасы, ғұлама ғалым атамыз тәуекелге барып, әл-Фараби бабамыздың Қыпшақ, өз қазағымыз екенін дәлелдеп, кіндік қаны тамған Дешті Қыпшақ жеріне, бүгінгі Қазақстанымызға алып келді. Әбунасыр бабамыздың сүйегі Шамда (Дамаск) болғанымен, рухы Ұлы Даламызға оралған. Бүкіл еңбектері бүгінгі ұрпақтарының игілігіне айналды. Мәңгілік еліміз ғұлама дана Фарабиімен асқақтап тұр қазір. Сондықтан, инемен құдық қазғандай бүкіл ғұмырын Фараби бабасына сарп еткен Ақжан әл-Машани атамызға қандай сый-құрмет көрсетсек те аз болмайды. Қарағандыдағы №1 мешітке Ақжан әл-Машани есімі берілуі мұның бір парасы ғана. Алда мұнан басқа да құрмет көрсету шаралары жүзеге асса, Алашы да, атамыздың аруағы да разы болар еді.
Менің қолымда Ақжан Машановтың «Әл-Фараби» деген кітабы бар. Бір үйде керексіз болып, аяқасты болып жатқан жерінен тауып алдым. Енді болмаса, пешке тамызыққа кеткелі тұр екен. Беттерін түгендеп, сыртын мұқабалатып, түптетіп алдым. СССР кезінде небары 12 мың данамен ғана («Жазушы» баспасы, 16 баспа табақ, 1970 ж.) жарық көріпті.
Елеусіз ғана аты аталғаны болмаса, ешқандай мән берілмеген Ақжан әл-Машани атамыздың 110 жылдығына орай «Орталық Қазақстанға» осы кітаптан алып, бірнеше үзінді жарияладық 2015 жылы. Сонымен бітті. Бүгінде сол кітаптан алып, тағы үзінді беріп отырмыз. Мұнан артық газет беті көтермейді. Таяуда Астанамызда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттерге орай «100 есім» бастамасына қоса «100 кітап» ұсынысы көтерілуде. Сол 100 кітаптың – бірі, бастысы Ақжан әл-Машани атамыздың «Әл-Фараби» кітабы болса деген тілек бар. Ақжан атамыздың бұл еңбегі сол 1970 жылдан кейін жарық көрмеген сияқты. Бүгінгі ұрпақ оқитын, санасына тоқитын, жүрегіне, жұлын-жүйкесіне сіңіретін-ақ еңбек.
Мағауия Сембаев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының иегері.
Ақжан Машанов
Әл-Фараби
Исфижабта жаңа
ұстаз
Шаш (Ташкент) пен Тараз жолының дәл орта тұсында Арыс өзенінің бас тарауына салынған ертедегі қала – Исфижаб (Сайрам). Бірнеше жерде мешіті мен медреселері бар, үлкен базары бар, ертеден келе жатқан қалалардың бірі.
Исфижабқа Бағдадтың тіке өзінен үлкен ғұлама келіпті деген хабар ел арасына тез-ақ тарап кетті. Бұл хабарды әркім өзінше бағалады. Біреулер оны халифа хазіреті басқа қалалардан көрі Исфижабқа көбірек көңіл аударғаны болар десті. Екіншілері, керісінше, жергілікті ұстаздарға сенбей, әдейі өз адамын жіберіп отырған болар десті. Ескі ұстаздар да осы сияқты пікірде. Кейбіреулері жаңа келген ұстаз өзімізді тергеп, ісімізден мін таба ма деп, қатты қымсынуда болды.
Фараби өзінің кім екенін айта қоймайды. Елден кеткенде оның аты Абунасыр ибн Мұхаммед Тархани еді. Енді бұл өзін әл-Фараби деп таныстырады. Оның елден кеткенінің өзіне де он шақты жыл өтіп кеткен. Ол кездегі жас бала жігіт, енді ірі ғалым болған. Сақал-мұрты бар едәуір егде адам сияқты.
Алғашқы кезде ол дәріс оқуды мүлде басқаша бастады. Құранды жақсы оқи білген жастарға ол астрономия, математика сабақтарын мықтап жүргізе бастады. Сонымен қатар, ол өзінің дәрісінде табиғат дүниесіне көңілді көбірек бөлетін болды. Ол ғана емес. Ол өзінің ересек шәкірттерін қала сыртына, серуенге алып шығып, неше алуан қызықты әңгімелер айтатын болды.
Табиғат дүниесінің арасына барып, ұстаз айналасындағы заттардың сырын сөйлей бастағанда жастар аса зор ықыласпен тыңдайды. Ұстаздың қолына алған гүлдері жайнап, нұр сәулесін шашқандай, тіл қатып сырын айтқандай. Әрбір кесек тастың қырларынан алуан түрлі сыр ағытылғандай. Тау-тас, аққан су, орман ағаш, сайраған құс, жүгірген аң, жорғалаған жылан – барлығы Фарабиге сыр айтатын сияқты.
Тағы бір ретте Фараби өзінің шәкірттерін аспан әлемінің тамашасымен таныстырады.
Осы сияқты табиғат бақылауында Фараби жастарды көптеген аспаптармен таныстырады. Компас, астролябия, армилярия, айна, ойыс, линза тағы сол сияқты аспаптар бар. Бұлардың көбісін Фарабидің өзі және оның досы Зікрия жасаған.
Фарабидің осындай қызықты дәрістеріне жас балалар ғана емес үлкен адамдар да көп жиналатын болды. Біраздан соң маңайдағы ауыл, қыстақтардан, қалалардан көп шәкірттер келетін болды. Фараби дәрісіне келушілер көбейіп, ескі медресе үйіне сыймайды. Жаңадан медресе салуға тура келді. Медресенің жобасын Фараби өзі жасап, оны орындауды Зікрияға тапсырды.
Фараби салдырған медресенің бір өзгешелігі – оның ауласында әртүрлі табиғи құбылыстарды бақылауға бейімделген алаңдар, орындар, заттар болды. Ұстаз оқытудан да, оқудан да, істеуден де жалықпайды. Оның бейсауат бос сөзге ешқандай уақытысы жоқ. Ол, көбіне, қонаққа шақырған жерлерге де бара бермейді.
Медресе оқуынан, дәрістен босаған кездерінде ол қырға шығып кетеді. Қаладан тыс жатқан жерлерде, халық арасында, оның табиғатында, тарихында талай қазына жатыр. Фараби соны білгісі келеді.
Осы арада оқушыларға бір ескертетін нәрсе: біз көп жерлерде Фарабидің оқиғаға қатынасқандарын көрсетпей-ақ сипаттамалар береміз. Мұндай жағдайда Фараби қайда қалды деп іздемей-ақ қойыңыз. Ол осы арада туған, осы арада өскен, осы арада жүр. Оны өсірген осы ел, осы жер, осы табиғат, осы өмір, өйткені ол көктен түскен жоқ. Сол себепті біз Фарабиді дүниеге келтірген ортасын беруді дұрыс деп білеміз. Фарабидің өз басының жеке ғылыми еңбектеріне талдау жасау – кейін қолға алатын нәрсе. Бірақ, талдауды түсіну үшін сол кездегі өмірді білу қажет. Осы жөнінде бізде жазылған айқын еңбектер аз. Мысал үшін бір-екі нәрсені еске салайық. Осыдан бір мың бір жүз жыл бұрын Фараби елінде, Сырдың бойында, қыпшақ, даласында кен қазу, минерал заттармен пайдалану, металдар қорыту, шыны қорыту сияқты істер қандай дәрежеде болған делік? Осыған сіздер нақтылы жауап бере алмайсыздар. Біз осыған жауап беруге, осыны көрсетуге тырыстық. Осы айтылған істер ол кезде Батыс Европа елдерінде аты жоқ нәрселер. Ал Фараби болса, ол өзінің еліндегі осы істерге басшылық етеді. Демек, бұл Фарабидің өз заманында дүние жүзінде кен ғылымы жайындағы ең алдыңғы қатардағы адам екенін аңғартатын болса керек. Тағы бір мысал келтірейік. Жоғарыда айтылған айналарды, ойыс айналар сияқты аспапты алайық. Осы айналарды ол жер өлшеуде, аспан жұлдыздарын бақылауда, затты үлкейтіп көрсетуде, от жағуда қолданады. Осының нәтижесінде ол оптика ғылымына жол ашады. Бұл жөнінде Батыс Европада ол кезде ешнәрсе болмаған. Демек, осының өзі Фарабидің ұлы ғалым екеніне айғақ.
Айтылған компас, астролябия сияқты аспаптарды алатын болсақ, ол да сол кездегі соны нәрселер. Ал бұл аспаптарды Фарабидің туған қаласы Отырарда жасайды. Осының өзі Фарабидің туған еліндегі өнердің өз заманында едәуір жоғары сатыда болғанын көрсетеді.
Басқа шаруалар жағдайын алайық. Осыдан мың бір жүз жыл бұрын Фараби елі өртеген қыштан су құбырын жасап, онымен ат шаптырым жерге су тартады, егіс, жеміс егеді…
Осы сияқты талай істердің нұсқасын беруге тырысайық. Мұның бәрі елдің елдігін көрсететін мәдениет дүниесі, бұл болмаса Фараби де болмақ емес. Осы жағын еске алсаңыздар айтылғандардың бәрі «Фараби» болмақ.
Тандыр балық
Өзенге төнген жарды жағалай кемерлеп қазып, үстінен мұржа мойын шығарған бір құрылыстар бар, бұлар көп тандыр – күйме көрік пештер. Оның біреуінде шыны, екіншісінде фарфор, үшіншісінде құмыра – «кірпіш, төртіншісінде металдар қорытылады. Былайша айтқанда бұл қорытпашылар – тандыршылар қаласы «балық» ескі түрки тілде «қала» деген сөз.
Қара тауда толып жатқан «кен сайлар» бар: Таскөмір сай, Cиялы сай, Қорғасын сай, Ашутас сай, Ақкірпіш сай, Теміртас сай, Қыш сай… Сол сайлардан қазылып алынған кен тастар осы арада қорытылады. Кенді қазып алу да, оны қорыту да ауыр еңбекпен келеді. Бұл арада басқарушы бастық та бар, кеннің тілін білетін ғалым да бар, жұмысшылар да бар. Солардың ішінде еркінен айрылған құлдар да жүр. Адамдар қап-қара, сап-сары, күйелеш, бетінен тері тамшылайды. Сырт бейнесі осылай күйкі қораштау көрінгенімен осы жүрген адамдардың ішкі дүниесі, іске беріктігі, өмірді тануы, ешкімнен кем түсетін емес. Бәлки, жайлауда жарысып жүрген желбуаз, желөкпелерден бұлардың парасаттылығы әлдеқайда жоғары болса керек. Ауыр еңбек адамдары шыдамдылыққа, бақылауға машықтанған, өмірдің ащы-тұщы дәмін татқан, табанды, күсті қолдарының ұстайтын берік, бұлшық еттері тығыршықтай, көзқарастары өткір, орнықты, тұрақты. Табиғат қазынасын тану, табу, алу, қорыту істері зор ғылым мен ауыр еңбекпен келетінін олар жақсы біледі, сезеді.
Жер қойнауындағы қазына байлыққа қол жеткізу үшін адам өз өмірін түгел құрбан ету керек десе болар. Бұл іске бір адамның өмірі жетпейді. Ғасырлар бойы, мыңдаған жылдар ішінде дүние жүзіндегі барлық адам баласының ауыр азаппен тырнақтап жинаған тәжірибесі бар. Сол тәжірибе табыстарын меңгермей маман бола алмайсың. Ол тәжірибені қайдан табасың? Олар оңай жерде емес. Әрбір өнердің әрбір жеке тарауларына қолы жеткен адам, оны алдымен өз пайдасына ғана қолдануға тырысады. Шыны қорыту өнерін алайық.
Оның өзі дүниенің бір сиқырлы ғажабы. Ерте заманда Сүлеймен пайғамбардың сарайына қолданылған мөлдір шыны ғаламды таңдандырды емес пе. Атақты Араб жазирасының арғы шетіндегі ескі мәдениет кіндігі болған Йемен – Саба патшалығы. Сол Йеменнің толықсып тұрған заманында оның атақты әйел патшасы өзі ақылды, өзі сұлу Балқис Сүлейменге сәлемге келді. Келгенде құр келген жоқ, достыққа келді, тарту-таралғысымен, ізет-құрметпен келген-ді. Сарайдың еденіне төселген мөлдір шыныны Балқис су екен деп түсінді, көйлегінің етегін жоғары көтеріп, аяғын шешеді. Төрде отырған патша Сүлеймен оны сезе қойып, сыпайы әзілмен: «Келген жеріңіз сарай ғой», – деді. Сол кезде ғана Балкис «судың» қатты екенін яғни сарай еденінің шынысы екенін аңғарды.
Дүние жүзін билеген ұлы патшалар арасында шыны жасаудың сырын білген адам зор құрметте еді. Бірақ ол өзінің осы өнерін көрінгенге үйрете берсе, оны біліп алғандар бет-бетімен жасай бермек. Әркім білген, көпке тараған, көрінгеннің қолында болған заттың құны түседі. Дәулет пен зейнет арқылы атақ пен құрмет ерекшелігін іздеушілер жағынан алғанда өнерін жалпыға жайған адамның қадірі төмендейді. Бірақ оның есесіне, көптің қажетін шығаратын болса, ол адамды халық қадірлейтін болады. Қызғаншақ хандарға қадірлі болу мен халыққа қадірлі болудың қайсысын таңдайсың. Адамның міндеті – адамдарды алаламай, тегіс бірдей көру. Демек ханды да жек көрме, сонымен қатар халықты да жек көрме. Ерекшелену ғалымдыққа ылайық іс емес. Бірақ оған хандар көнбесе қайтесің. Олар өздеріне керекті өнерді сыртқа шығармай, шығартпай қояды. Ашықтан-ашық күшпен тыйым салады. Ғылыми өнердің кілтін білген адамдардың өз араларында да өз өнерін жасырын ұстаушылар көп болады. Осындай жағдайда өнер тәжірибесін білудің өзі зор қиындыққа соғады. Фараби осындай іздеулердің ғажабын да, азабын да басынан кешірген. Өзінің өмірін сол іздеуге жұмсаған Фараби білім қазынасының есігін кең ашып, ешбір теткусіз өнер үйретеді. Сол себептен де білім таратуға мырза ұстазды халық жанындай сүйеді. Үлкен қалаларда хан сарайларында бұл кісі көп бола қоймайтыны да осыдан.
Патша сарайларын безендіруге жұмсалған шыны өнерін халыққа таратудың жолында толып жатқан кедергілер бар. Соның әсерінен бұл өнер сонау ертедегі пайғамбар замандарынан басталса да, күні бүгінге дейін толық тарап болмай келеді.
Тандыр балықтың өнерпаздары шыны қорытудың әдісін едәуір жақсы меңгерген. Олар терезе әйнегін жасайды, шыны әйнектер, шиша шөлмектер, шиша шамдал ыдыстар жасайды. Бірақ бұлардың әлі де толық жетілдіре алмай жүрген істері бар. Ғалымнан соның мәнісін сұрамақ. Бұлар шыны қорытуда өте таза, мөлдір сутас жасай алмай жүр.
Сутас – нақ таза мөлдір шыны. Оның табиғатта кездесетін асыл түрлері де болады. Соны қолдан жасай алуға жетіссе, онан құнды бұйымдар жасауға болады. Мысалы, бетіне жазу жазып, мөр жасайтын, сырға мен жүзік, білезіктердің көзіне салатын әдемі сутас-моншақ жасау керек. Немесе айшықтап, өңдеп алып көзге салатын көзілдірік, дүрбі шыныларын, линза жасау керек. Олар алысты жақындатып, кішіні үлкейтіп көрсетеді. Ондай шынымен күн сәулесін жинап от жағуға болады. Осындай асыл шыны жасау әлі қолдан келмейді. Ондай шыны Фарабиге қажет.
Шыны қорытуда қандай әдіс қолданатынын Фараби сұрап отыр, шынышылар айтып отыр. Кіріштей ақ құмға басытқы қосып араластырылады. Басытқы орнын яғни қорытуды жеңілдету үшін жұмсайтыны ашутас, немесе сақар. Ашутасты таудан аламыз, сақар өртеген алаботаның күлінен жасалады. Оны сабынға да қолданады. Ол кірді ерітіп, жұмсартады. Сабынның ісі осында. Ал құмға қосқанда сол сақар оның балқып еритін қасиетін арттырады. Ал, енді шынының түсін тазалау үшін оған шойқара деген тасты азырақ қосып араластырады. Сол қаратас шыны ішіндегі қара көк, қоңырқай түсті заттарды өзіне жинап алады. Сол кезде таза мөлдір шыныны бір бөлек құйып айырады. Шыныны қорытудың жалпы әдісі белгілі: тандырдың астына көмір салып, оның үстінен құм қабатын жаяды, оның үстіне тағы көмір салады. Тандырдың жардың астыңғы жағындағы аузынан от қойғанда оның қызу жалыны жоғары жар басындағы мұржаға қарай шапшиды. Мұржа неғұрлым биік болса, ауаның тарту – суыру желінің күші де солғұрлым пәрменді болады. Жел мен от бірін -бірі демеуші тектер ғой. Сол себептен желдің үрлеу күші артқан сайын от-жалынның қызуы да сонша арта береді. Сақарлы құм балқып, құртша қайнап, суша ағып, балшықтай иленеді. Тандырдың түбіндегі тесіктен ағызып алуға болады. Немесе тас болат шөмішпен қотаруға болады.
Шынының мөлдір әйнек түрімен қатар, оның сүттей ақ құмыра сауыт түрлері жасалады. Ол үшін ақ құмға ақ кірпіш топырақ қосады. Ақ табақ, тас табақ, кесе, құмыра, сүт сауыт, тағы басқалары жасалады. Әртүрлі сурет әшекей заттар да осы фарфордан жасалады. Бұл айтқандардың бәрін де Фараби теріс деген жоқ. Сонымен қатар бірнеше кеңестер айтты. Алғашқы кеңесі нағыз асыл мөлдір шыны сутас алу үшін құмның өзін тандырға салмас бұрын тазарту керек. Ол үшін магниттас қолдануға болады. Екіншіден, балқыған шыныны ағызбай тандыр ішінде домалатып көп уақыт балқытып, сол қалпында салқындату керек. Қатая бастаған кезінде үстіне су құяды. Беткі қабаты қабыршақтанып жарылады. Оны балғамен ұрып сындырады. Оның астындағы қабатты тағы солай сындырады… Әрбір қабаттың түсі өзгере береді. Ақырында әлгі шелектей қорытпаның ен ортасында жұдырықтай өзегі қалады. Жазғы жауынның тамшысындай мөп-мөлдір, сәл көгілдірлеу жұмыр шыны. Фараби қолына алып көрді. Доптан кесіп алғандай табақша – сегмент көзілдірік жасауды тапсырды. Ол үшін мынау шыныны қайрау керек, өңдеу керек. Оған қатты қайрақ тас шарық қажет. Ол тас шарық бұл шыныдан қатты болу керек, әйтпесе қайралмайды. Шыныдан қатты бірнеше тастар бар: алмаз, гауһар, лағыл, санбадат, асфар, зумруд, забржад, жақұт, тағы басқа. Бірақ олар қолға түсе қоймайтын қымбат асыл тастар. Шыны кесетін қатты қайрақ тастың бір оңай табылатын жері Сарыарқа өңірі.
Кірпіш, қыш, құмыра өртеген, құбыр түтік өртеген бірнеше орындарға қарт аялдамады. Олардың ар жағында Түлкібас деген жердің темір кенін қазып, соны әкеліп өзен бойындағы тандырға қорытып жатқандар бар. Олардың көмірі де ағаш көмірі емес, жерден қазып алынған Таскөмірсайдың көмірі. Тас көмір мен темір қорыту ісінің де басталғалы көп заман өткен. Алайда, адам өнерінің осы бір ғажайып табысы Фарабиді өзіне магниттастай тартатын сияқты. Рас, магнит десе магнит. Магнит жұмбағы оны қатты қызықтырады.
Темір кенін қазып жатқан жерге келгенде Фараби жеңілтектеніп шешініп тастап, қолына қайла алып тасқа өзі барды. Әр тасты бір аударып жүр. Табиғат қолымен текшеленіп қаланған теміртас қабаттары бір жағына қарай қиғашталған түйе-тайлы жартас. Жартастың бетін біреу әдейілеп өңдеп ысқылағандай, теп-тегіс, жалтырап, күнге шағылысады. Түсі қызыл-күрең, қара-қошқыл. Жік-жігімен, аралары тілме-тілме, қалаған қидай орналасқан. Сол тастардың ішінен кірпіштей бір-екі бөлегін босатып суырып алды да өзеннің жағасына қарай тартты. Осы тастармен ол бірсыпыра тәжірибелер жасап көрді. Түрки халықтардың темірдің, магниттастың қасиетін өте ерте замандардан білгені айқын. Осы туралы толып жатқан дәлелдер келтіруге болады. «Темірқазық» деп жұлдызға ат қоюдың езі толық дәлел. Оның үстіне «Қырық өтірік» – шындықтағы тебен туралы аңызды алыңыз. Оның үстіне Теміртауды қорытып, асуынан жол салып, бекініс жасаған Қиятты алыңыз. Оның, үстіне Шинның (Қытайдың) ескі таңба жазуларында Түрки халқы ежелден темір қорытушылар деген сөз жазылған. Осы сияқты көп дәлелдер келтіруге болады. Солардың бәрін дәлелдейтін, осы өзіміз көріп отырған темір кенін халықтың табуы, білуі, казуы, қорытуы. Осы сияқты темір кенін қазып қорытқан орынды Түрки халықтардың ежелгі мекендерінің талай жерінен табуға болады. Түлкібастай орындар Сарыарқада, Қарқаралыда, Көкшетауда, Қарсақпайда, Атасу Манакада, Шойынтаста, Теміршіде, тағы басқа жерлерде бар. Алтай-Саян жағында бүтіндей бір тау темір кен тасынан тұрады. Ондағы халықтар ежелден темірді кәсіп еткен. Соған байланысты сол таудың атының өзін осы күнге дейін ұсталар Алатауы деп атайды, Оның темірін Қият қорытқан деген аңыз бар. Өгізханның алты ұлының ең кенжесі Теңізхан: онан Елхан, онан Қият. Өзіміз көрген Зеңгібаба мен Қазықұрт мәдениетінің өзі осыны дәлелдейді.
Ымырт жабылып, жұлдыздар айқын көрінген кезде Фараби өзінің күндізгі тіккен екі таяғы арқылы сығалап, «Темірқазық» жұлдызын көздеді. Дәл деуге болады, алайда аздап ауытқыған сияқты. «Ондай аз-маз ауытқу болмай тұрмайды, өйткені жердің магниттік қасиетінің өзінде оның магнит кіндігінің өзінің де сәл өзгеріп тұратыны болады.
Қолдан қалап қойғандай кен тасын Көргенде шәкірт ұстазына ойына түскен бір сұрағын қойды.
Тастар қалай пайда болған? Таулар қалай шыққан? Кен қалай пайда болған? Осы сұрақтарға жауап беріп түсіндірді.
– Жер жүзіндегі барлық зат төрт түрлі тектен тұратыны айтылған.. Есіңде болар, олар мыналар: от, су, жер, жел. Жер дегенің мынау тау-тас. Бұл өзі орнықты, берік, салмақты зат. Бірақ ішінде, арасындағы қуыстарында араласып жүрген от пен су және жел бар. Осы кейінгі үшеуі өзара шарпысқанда жерді мазалайды. Осы мазалаудан келетін зиян да бар, зор пайда да бар. Оттың қыздырған әсерінен су буланып аспанға ұшады. Оны жел айдап бұлтқа айналдырады. Ол бұлттьң арасындағы нәзік от ұшқыны, жиналып алып, нажағай ойнап, бұлттағы су тамшыларын қайта жерге айдайды, жауын жауады. Жауынның әсерінен жерге жан біткендей, өсімдік өсіп, тіршілік өркендейді. Сонымен қатар, ол жауын суы жердің бетін шайып, тау-тасты қажап, ерітіп, бұзады: «тамшы тас тесер» дейді ғой. Ағын су және мұз бен қар, жел қосылып тау-тасты түрткілеп егеп, қойтас, құм, шаң, тозаң, саз, лай, балшық, сортаң түрінде жылға-жылғамен, сай-саламен, өзек-өзекпен ағызады. Олар біріне-бірі қосылып, ақырында көлге, теңізге құяды. Ол сулар қайтадан буланып ұшып, бұлтқа айналады. Ал олардың ағызып алып барған жер заты көл мен теңіз түбіне жинала береді. Осы жиналған ерітінді, кесек топан заттар бірігіп, тығыздалып, қабат-қабат тастарға айналады.
Бір замандарда тағы бір күштің себебімен, әлгі тас қабаттары жиналған теңіздер мен көлдер суалып, жоғары көтеріліп тауға айналады. Сол қозғалу мен көтерілуде тас қабаттары иіліп бүктетіледі, майысады, созылады, ыдырайды, жарылады. Ең ақырында аяқтап келгенде бөлшек-бөлшек жартас болып шығады.
Біздің бұл айтқандарымыз жердің бетіндегі күштер. Сонымен қатар жердің терең қойнында, арғы қабаттарында мықты кездесулер бар. Ол кездесу жер асты отына бір жерден жол тауып су бара қалатын болса, ол екеуі дереу арпалысады. Өйткені, олар бір-біріне қарсы күштер екенін білеміз. Осының салдарынан жалын мен бу аралас, балқыған тасты қоса айдап, жерді тесіп аспанға атады. Жанар тау деген осы. Жердің бет бедерін өзгертіп, теңізді тауға айналдыратын, тауды теңіз түбіне жіберетін, жерді сілкіндіретін осы жанар таулық күш. Кейбір кен заттары осындай жер сілкінуде, жанартау атқылау ыстық арасан көздерден пайда болады. Осындай көздердің суы жердің жарығына толып қатады. Жердің желісі, тастың тамыры деген сол. Сол желі тамырлардан кейбір кендер пайда болады. Яғни кен тастары екі түрлі әсерден пайда болады. Оның бірі теңіздік шөгіндіден, екіншісі жанар тау әрекетінен. Әрине, екеуі қатар әсер ететін жағдайлар да болуы мүмкін.
Фараби өзінің кеннен әкелген тасын қолына алды да, оны компас тіліне жақындатып көрді. Магнит тіл бір нәрсенің жақындап келе жатқанын сезгендей, бір жағына қарай қисая бұрылды. Екінші бір жағын айналдырып ұстап еді, керісінше, ол соған қарай бой ұрып бұрылды да, тастың бір жеріне бір ұшы келіп жабыса түсті. Дәл сол арасын белгілеп қойды, және «солтүстік» деп жазды. Сол белгілеген жерге қарама-қарсы, бетіне компастың бас жағын жақындатып еді, ол да барып бір жеріне жабысты. Бұл жерін тағы белгілеп «оңтүстік» деп таңбалады.
Фараби екінші тасты алып келіп, компасқа жақындатып көрді. Бұл қалай? Оны компас онша ескере қоймайтын сияқты. Сәл ғана жыбыр еткендей болды да қойды. Бұл екеуінің де темір тотығы екені рас. Бірақ екеуі екі түрлі тотық яғни, екі түрлі тас емес пе? Біріншісі нағыз магнетит, яғни, күшті магниттас. Екіншісі — қызыл жоса (гематит) тасы, оның магниттік қасиеті әлсіз. Анықтап қарағанда ол енді көрді, екі тастың түсі екі басқа екен. Бірі қаракөк, бірі қызыл күрең. Бұл тастың да пайдасы көп екен. Кеншілер расында осы қызыл теміртасты алып қорытуды дұрыс көреді: өйткені бұл магниттасқа қарағанда көп жеңіл балқитын көрінеді. Ертеде мұны асыл тас қатарына қосып, жоғары бағалаған. Қызыл жоса — қасиетті бояу орнына, дәрі орнына қолданылуы өз алдына. Мұны жақсылап өңдегенде көркем түсті моншақ — алқа болады. Бір аңыз бойынша Сүлеймен пайғамбар өзінің сүйгені атақты Балқис сұлу өлген соң оның денесін осы жоса күрең тастан жасалған табытқа салғызып қойған екен. Дүниені билеген Сүлеймен Балқистай данышпан әйелге тас асылын аямаған болар. Магниттасты оның атасы Дәуіт пайғамбар қолданған ғой.