Лагерь жазы қызыққа толы
Теміртау мәдени-демалыс клубының тәрбиеленушілері үш күндік экскурсиялық тур аясында Астана мен Бурабай курорттық аймағына барып қайтты. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылған шараға көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 100 бала іріктеліп алынған.
Жас саяхатшылар екі күн бойы «Лесная сказка» балалар лагерінде болды. Онда арнайы ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, түрлі шара өткізілді. Сонымен қатар, Океанариумға, Ұлттық мұражай және Қазақстанның ұлттық саябағында болып қайтты.
– Мұндай шара алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылып отыр. Балалардың жазғы демалысын пайдалы өткізу үшін «Jastar даму орталығы» қоғамдық бірлестігімен шарт жасалған. Алдағы уақытта жазғы демалыста баратын жерлердің қатарын көбейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді Теміртау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz