Құлақтан кіріп, бойды алған
Оңтүстік Кореяның Чеджу аралында өткен ІХ Халықаралық хор фестиваліне Қазақстаннан Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры қатысып, әсіресе, ашылу салтанатында ұлттық өнеріміздің жоғары деңгейін паш етті.
Делегацияны «Қазақстан – Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» төралқасының төрағасы, өнер қайраткері Дүйсен Қасейінов бастап барды.
Фестиваль барысында қазақстандық хордың өнері талғамы жоғары көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Қызықтаушылар қазақ ұлттық киімінің әсемдігіне, әндерінің әуезділігі мен жүрек қылын тербейтін нәзік иірімдеріне тәнті болды. Махамбеттің домбыраның сүйемелдеуімен орындалған «Мен, мен едім» толғауы мен халық әлі «Он алты қыз» жұртты баурап, концерттің шарықтау шегіне айналды.
Махамбеттің толғауын хорға лайықтап өңдеген ұжымның дарынды әншісі әрі музыкалық көркемдеуші Ерболат Абылай. Жеке дауыста орындаушы – Ақжол Серіков. Ақжолдың сахнадағы харизмасы, әрбір нотаны тебірене сезінуі көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Үш күнге созылған фестиваль аясында камералық хор қазақтың дәстүрлі әндерімен қатар, әлемдік классика туындылары мен заманауи шығармаларды орындады.
32 талантты әнші өнер көрсететін хордың репертуары бай. Онда халық әндері, классикалық әндер бар. Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамова, бас хормейстері – Данара Ташатова.
Фестиваль аясында хор әр күн сайын жаңа бағдарлама ұсынды. Бұл көрерменге қазақ музыкасының алуан түрлі бояуын терең сезінуге мүмкіндік берді. Әсіресе, домбыраның қоңыр үні, әншілердің сиқырлы дауысы, орындау шеберлігі тыңдармандарды таң-тамаша қалдырды.
Оңтүстік Кореядағы ІХ Халықаралық хор фестивалі әлемнің түпкір-түпкірінен келген өнер ұжымдарына өз ұлтының мәдениетін, музыкалық дәстүрлерін көрсетуге, өзара тәжірибе алмасуға берілген зор мүмкіндік болды. Дәстүрлі музыка және би халықаралық ұйымының елшісі, жерлесіміз Дүйсен Қасейінов бастап барған қазақ хоры бұл мүмкіндікті барынша сәтті, тиімді пайдаланды.
Өз тілшімізден
СУРЕТТЕ: Оңтүстік Кореяның Чеджу аралындағы ІХ Халықаралық хор фестивалінен көрініс