Жаңалықтар

Ұлағатты ұстаздың шәкірті дүниеден озды

Қазақ поэзиясының аспанында бір жарық жұлдыз ақты. Ол – сырлы жырдың сазгері, өлеңнің өзегінен өмірдің үнімен сөйлеген ақын Қайрат Белгібайұлы Асқаров еді. «Дауыс» атты жыр жинағы арқылы жан тебіренткен жырсүйер қауымның жүрегіне жол тапқан ол – өлеңге ғашық, өмірге адал, сөзге сертпен қараған қаламгер.

Қайрат Белгібайұлы жаратылысынан туа біткен талант иесі болатын. Оның поэзиясы – көптің үні емес, көкірек күйі еді. Өлеңдерінен өр мінез де, мөлдір сағыныш та, азаматтық үн де қатар өріліп тұратын. Қазақ сөзінің бояуын қанық, ішкі мағынасын терең жеткізетін ақын өмірді жүрекпен сезінді. Көңілі таза, жаны нәзік жанның қаламынан туған әрбір жолда шынайылықтың табы жататын. Ол – жүрекке дауыс берген ақын еді…

Нұрмақов мектебінен түлеп ұшқан жас талант сол кездегі ұстаздарының, әсіресе ұлағатты мұғалім Ләззат Бәйішқызының үкілеп баптаған үміті болды. Өмірінің әр белесінде ұстазының берген білімі мен рухани бағыт-бағдарын ерекше ілтипатпен өлең жолдарымен жырлап жүретін. Сол ұстазға деген іңкәрлігі – өлеңдегі ілтипатқа, сөздегі сағынышқа айналды. Оның жырлары тек өзі туралы ғана емес, ұрпаққа бағытталған үн, қоғамға айтылған сыр болатын.

Республикалық «Шабыт» фестивалінің, түрлі мүшәйралардың жүлдегері атануы – талантты мойындатқан белес еді. Бірақ Қайрат үшін атақ емес, ақиқат қымбат болды. Ол ешқашан өлеңді жеңіл жолмен жазбады. Керісінше, жанын салып, әр сөзін жүректен өткізіп барып төгетін. Сол себептен де оның жырлары жүрекке жетті, оқырманын ойландырды, тербетті.

Қайрат ақын арамыздан ерте озды. Бірақ, оның ақиқатты айтқан, адалдықпен өрілген өлеңдері – мәңгі. Ақын өмірден озса да, соңында қалған сөзі тірі. Қазақ поэзиясының аспанында оның жыр жұлдызы мәңгі жарқырап тұра бермек. Себебі ол – «Дауыс» деп ат қойған жинағындай, өз дауысын халық жүрегіне қалдырып кеткен тұлға.

Жаның жәннатта болсын, Қайрат ақын. Сенің жырың – мәңгілік…

Нығмет Нұрмақов атындағы
мектеп-лицей интернаты ұжымы

Басқа материалдар

Back to top button