Ұлағатты ұстаз – мектеп мерейі

Елімізде жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде көп жыл бойы еңбек етіп келе жатқан зерделі де білікті ұстаздар көп. Солардың бірі – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен «Білім және Ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Светлана Ахметова. Бастауыш сынып мұғалімі болып 35 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан ұстаз осы кезге дейін қаншама шәкіртті орта топқа ұшырды.

Светлана Жұмашқызы – Шет ауданы, Нұраталды ауылында дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығын бітірген. Аудандық мектептерде еңбек жолын бастап, тәжірибе жинақтады. Еңбекқор ұстаздың көптеген шәкірті әр деңгейде өтетін байқаулар мен сайыстардың жеңімпазы. Жыл сайын республикалық басылымдарда іс-тәжірибесі туралы мақалалары жарық көруде. Ұстаз аудандық, облыстық семинарлар мен тамыз мәслихатында үнемі баяндама жасап, өз тәжірибесінен ой бөліседі.

Қарағанды облысы әкімінің байқауында «Ауылдың үздік мұғалімі» номинациясының иегері атанып, жүлделі орынды жеңіп алған болатын. Светлана Жұмашқызы жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі еңбегі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, аудандық оқу бөлімінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. «Білім және Ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» медалі берілді. Светлана Ахметова оқушымен бірлесе іс-әрекет ұйымдастыра отырып, оның шешу жолдарын жан-жақты іздестіре біледі. Өзінің сыныбымен оқу үдерісінің сапасын арттыруға, жеке тұлғаның дамуына үлес қосып, шығармашылықпен еңбек етіп келе жатқан ізденімпаз ұстаз. Бүгінде ұстаз оқытқан қаншама түлек түрлі маман иесі атанып, қоғамның әр саласында еңбек етіп жүр. Әр шәкірті мен ата-ананың шексіз құрметіне бөленіп жүрген Светлана Ахметованың 35 жылда жинаған іс-тәжірибесі, білімі кейінгі ұрпақтарға шежіре іспеттес.

Назира АХМЕТОВА,
Жамбыл Ақылбаев атындағы
мектеп-гимназия директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Шет ауданы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.