Covid-19

КВИ: әлемдегі ахуал қандай?

***

Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер халқын алдағы бірнеше апта бойы қатаң шектеу шараларына дайын болуға шақырды. Бұл туралы ол 2-сәуірде Пасха мерекесіне байланысты жолдауында мәлімдеді. Сонымен қатар, халықты вакциналау науқанына белсене қатысуға үндеді. Мерекеден кейін шамамен 35 мың дәрігер жеке клиникаларда вакциналау жүргізетін болады. Осыған байланысты 1,4 миллион дозаға тапсырыс берілді. 

***

АҚШ халқының үштен бірі – 100 миллионнан астам адам, індетке қарсы екпенің бірінші дозасын алды. Шамамен 58 миллион адам екпенің екі дозасымен егілген. Күн сайын шамамен 3 миллион адам вакцина алады.

***

Бразилияда бір тәулікте COVID-19-дан 2 922 адам қайтыс болды. Ауырғандар 70 238 адамға артқан. Эпидемия басталғаннан бері елде вирус жұқтырғандар саны 13 миллионға жуықтады, ал 325 мыңнан астам адам қайтыс болды.

***

Францияда 3-сәуірден бастап, 1 ай мерзімге жалпыұлттық локдаун енгізілді. Барлық 96 департаментте сағат 19.00-ден бастап, коменданттық сағат енгізілді және адамдардың тұрғылықты жерінен 10 шақырымнан астам қашықтыққа шығуға тыйым салынды. Жұмыс істейтіндерге қашықтан жұмыс жасау режиміне ауысу ұсынылды. 5-сәуірден бастап мектептер мен балабақшалар жабылды. Бұл – Франциядағы үшінші локдаун.

***

Бельгияда полиция пандемияға қарсы шектеу шараларын бұзушыларды көзден жас ағызатын газ және су шашу арқылы таратты. Коронавирус инфекциясына байланысты елде төрт адамнан артық жиналуға тыйым салынған.

***

Аустрия астанасы мен шығыстағы тағы екі провинциядағы ауруханалардың ауыртпалығын жеңілдету үшін Пасха карантинін енгізді. Тұрғындарға үйде отырып, тек азық-түлік алуға, спортпен шұғылдануға және жұмысқа шығуына ғана рұқсат етілді.

***

Ұлыбританияда шетелге сапар шеккендерге вакцина төлқұжатының қажеттілігі туралы айтылды. Премьер-министр Борис Джонсон демалыс сапарларына осындай құжаттарды енгізу мүмкіндігі туралы атап өтті.

***

Түркияда бір тәулікте ауырған 37 303 адам тіркелді. Індеттің кең таралуына наурыз айының басында жарияланған қауіпсіздік ережелерінің әлсіреуі әсер етті. Бұдан кейін ел үкіметі 29-наурыздан бастап шектеу шараларын қайтадан күшейтуге шешім қабылдады.

Әзірлеген Ж.ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button