Медицина

Ковид қайтып келе ме?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың жаңа «Эрис» деген штамының таралып жатқанын мәлімдеді. Ол – бәріне белгілі омикронның бір мутациясы. Наурызда анықталған вирус қазір әлемнің бірқатар еліне таралып үлгерген. Сол себепті де мамандар алаңдап отыр.

 

– Наурыз айының соңында омикронның жаңа штамы тіркелді. Қазір ол бүкіл әлемге тарап жатыр. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы деректеріне қарағанда, омикронның бұл түрі 45 елде бар. Кейінгі 5 аптада осы штамм өте тез тарады. Егер 5 апта бұрын оның жалпы үлесі 5% болса, қазір ол 12%-ға жетті, – деді кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Айжан Есмағамбетова.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің айтуынша, «Эристің» омикронның басқа штамдарынан айтарлықтай ерекшелігі байқалмаған.

– Яғни бұл штамм жұқпалы болғанымен, оны науқастар жеңіл өтіп жатыр және ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Десе де, коронавирустың барлық түрлері сияқты ол егде жастағы адамдар мен созылмалы аурулары барлардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал, – деді ол.

Әлемдік сарапшылар да жаңа вирустың белгілері «ағайындарына» ұқсағанын, жөтел, тұмау, тамақ ауруы, кеуденің қысылуы, қалтырау екенін атаған.

Әзірге «Эрис» Қытай, АҚШ, Ұлыбританияда, Еуропа мен Азия­ның бірқатар елдерінде, сонымен қатар, Ресейде тіркелді. Ресейде жаңа штамды жұқтырған 17 жағдай анықталған.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер жаңа штамның таралуына байланысты карантиндік шектеулер енгізу туралы айтуға ерте деп санайды.

– Қазір бұл туралы айту әлі ерте. Әзірге, қолда бар деректерге сүйенсек, омикронның бұл түрі аса ауыр болады деген ақпарат жоқ. Жүкті әйелдерге, созылмалы аурулары барларға және қарт адамдарға қауіп төндіруі мүмкін. Жалпы, карантин немесе шектеу шараларын енгізу қарастырылмаған, – деді Айжан Есмағамбетова.

Жаңа штамм елде анықталған жоқ. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегіне сүйенсек, облыста коронавирус соңғы рет шілдеде тіркеліпті. Мониторинг күнделікті жүргізіледі.

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен коронавирус инфекциясына қатысты барлық шектеулер 19 мамырда алынып талсалған болатын. Бұл кезде Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID пандемиясының аяқталғаны жөніндегі мәлімдемеген еді. Десе де, мамандар коронавирус толығымен жойылмайтынын, өзгеріске ұшыраған жаңа түрлерінің шығатынын айтқан. Айтқаны айдай келді.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button