Комирнати салдырғандар көбейіп келеді
Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі күнгі мәліметінше, Pfizer/ BioNTech компаниясының Комирнати вакцинасын ел бойынша 41 584 адам салдырыпты. Оның ішінде, 31 532 жасөспірім, 3 390 жүкті әйел және 6 662 бала емізетін ана бар. Мұның 1500-і біздің облыста қолданылғанын айта кету керек.
Соңғы мәлімет бойынша облыстың 579 203 тұрғыны – I компонент, 530 666 адам II компонент салдырған. Мамандар облыс көлемінде коронавирусқа қарсы бірнеше вакцина түрінің жеткілікті көлемі бар екенін айтады. Оның ішінде Комирнати вакцинасы 12 жастан асқан жасөспімдерге, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға ғана салынуда. Дегенмен, алдағы уақытта дәл осы вакцинаны аламын деген кез келген адамға рұқсат берілуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінде Pfizer вакцинасын ақылы түрде салдырту мүмкіндігі қарастырылуда. Бүгінде Pfizer вакцинасын әлемнің 35 елінің 12 жастан асқан жасөспірімдері салдыртып жатыр. Неліктен осы вакцина деген сұраққа PhD докторы Әсел Мұсабекова былай дейді:
«Комирнати туралы зерттеу көп. Ол барлық топтағы адамдарға қолданылып, зерттелді. Алғашқыда клиникалық зерттеулер 18 жастан асқан, дені сау ересектерге жасалды. Кейін бұл топ айтарлықтай кеңейтілді. Оған қант диабетімен ауыратындар, 65 жастан асқандар және тағы басқа топтар қосылды. Вакцинаның тиімділігі жан-жақты зерттелді. Осыдан кейін ғана оны бала емізетін аналарға, 18 жасқа дейінгі балаларға қолдана бастады. Оны 12 жастан асқан балаларға салуға болады деген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рұқсатын сәуірде алған».
Сарапшының айтуынша, коронавирусқа қарсы барлық вакциналар «тірі емес».
– Олардың құрамында тірі вирус жоқ. Сол себепті де ол жүктілік кезінде анасынан баласына берілуі мүмкін емес. Бұл, тіпті, теориялық тұрғыдан да мүмкін емес жайт. Жүктілік кезінде неліктен екпе салу қажет дейміз? Себебі жүктілік кезінде COVID-19 ауыр түрде өтуі мүмкін. Жүкті әйелдерде індеттің асқыну қаупі басқа ересек адамдармен салыстырғанда 70%- ға артық екені дәлелденді. Жүктіліктің үшінші триместрінде тыныс алуы онсыз да қиындаған жүкті әйелдер тұмау немесе коронавирус жұқтырса жағдайы не болмақ? Пневмония тез өршіп, ауруханаға жату тәуекелі артады. Вакцинация осылардың алдын алу үшін қажет, – дейді Ә.Мұсабекова.
Жансая ОМАРБЕК.