Коллекторлық агенттіктер қызметінің құқықтық негіздері
2017 жылғы 2 маусымда «Коллекторлық қызмет туралы» 2017 жылғы 6 мамырдағы № 62-VІ ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енді.
Аталған Заң коллекторлық қызметті жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, коллекторлық агенттіктерді құрудың, олардың қызметінің ерекшеліктерін белгілейді, сондай-ақ, коллекторлық агенттіктерді мемлекеттік реттеудің, олардың қызметін бақылаудың ерекшелiктерiн айқындайды.
Заңда коллекторлық агенттіктердің борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау тәсілдерінің тізбесі айқын анықталған.
Коллекторлық агенттік борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредиторға міндеттемелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлғамен:
1) телефон арқылы сөйлесулер;
2) жеке кездесулер;
3) жеке тұлғаға – борышкерге тұрғылықты жері (заңды мекенжайы) бойынша, заңды тұлғаға ө борышкерге тұрған жері (нақты мекен-жайы) бойынша жіберілетін жазбаша (пошталық) хабарламалар;
4) ұялы байланыс бойынша мәтіндік, дыбыстық және өзге де хабарлар жолымен;
5) Интернет желісі арқылы өзара іс-қимыл жасасуға құқылы.
Коллекторлық агенттіктің борышкермен және (немесе) оның өкілімен және (немесе) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредиторға міндеттемелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлғамен өзара іс-қимылы:
1) бастапқы байланыс кезінде:
коллекторлық агенттіктің атауы және коллекторлық агенттіктер тізіліміндегі есептік тіркеу нөмірі;
коллекторлық агенттіктің тұрған жері;
борышкермен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
кредитордың атауы;
кредитордың берешекті коллекторлық агенттікке жұмысқа бергені;
банктік қарыз шартында немесе микрокредит беру туралы шартта көзделген берешектің құрылымы, негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының қалдығы;
борышкердің банктік қарыз шартында немесе микрокредит беру туралы шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершілігі мен өзге де міндеттемелері, сондай-ақ, банктік қарыз шартында немесе микрокредит беру туралы шартта көзделген міндеттемелерді орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдарлары туралы хабармен жүзеге асырылуға тиіс.
Жоғарыда аталмаған және коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпия болып табылмайтын өзге де ақпарат борышкерге оның талап етуі бойынша ғана хабарланады;
2) егер борышкер коллекторлық агенттікке жеке жүгінген кезде осы тармақшада көрсетілген уақыт кезеңі шегінде коллекторлық агенттік ұсынғаннан өзгеше өзара іс-қимыл жасасу кезеңін айқындамаса, борышкердің тұрғылықты жерінің не тұрған жерінің не борышкердің тіркелген жерінің уақыты бойынша жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейінгі кезеңде;
3) коллекторлық агенттіктің бастамасы бойынша борышкердің тұрғылықты жері немесе тұрған жері немесе тіркелген жері бойынша немесе коллекторлық агенттіктің (филиалдың, өкілдіктің) тұрған жеріндегі үй-жайларында жеке қарым-қатынас кезінде аптасына үш реттен асырмай және жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейінгі кезеңде бір реттен асырмай;
4) коллекторлық агенттіктің бастамасы бойынша телефонмен сөйлесу арқылы жұмыс күндері сағат 8.00-ден 21.00-ге дейінгі уақыт кезеңінде үш реттен асырмай;
5) борышкердің талап етуі бойынша, коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияға жататын ақпаратты қоспағанда, коллекторлық агенттіктің берешекке қатысты коллекторлық қызметті жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктерін растайтын ақпарат пен құжаттардың көшірмесін бере отырып;
6) өзара іс-қимыл процесін коллекторлық агенттіктің (филиалдың, өкілдіктің) тұрған жеріндегі үй-жайларында аудио немесе бейнетехника құралдарының көмегімен тіркей отырып;
7) кредитордан, борышкерден және (немесе) оның өкілінен және (немесе) үшінші тұлғалардан алынған құжаттар мен ақпараттың, оның ішінде банк құпиясының, микрокредит беру құпиясының, коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияның, борышкердің және (немесе) оның өкілінің және (немесе) үшінші тұлғалардың дербес деректерінің сақталуын қамтамасыз ете отырып жүзеге асырылуға тиіс.
Ескертпе. Жұмыс күндері деп демалыс немесе мереке күндері (ұлттық және мемлекеттік мерекелер) болып табылмайтын, дүйсенбі мен жұма аралығындағы апта күндері түсініледі.
2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген талаптар коллекторлық агенттіктің келесі көзделген міндеттерді бұзатын (бұзған) борышкермен және (немесе) оның өкілімен өзара іс-қимылына қолданылмайды:
1) коллекторлық агенттікке өзінің тұрғылықты жерінің (заңды мекен-жайының) өзгергені, атының, әкесінің атының (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тегінің ауысуы, жеке басты куәландыратын құжаттарының алмастырылғаны (мерзімі өткен, жоғалған жағдайда) туралы, өздерімен (өзімен) байланысу үшін пайдаланылатын байланыс ақпаратының өзгергені және коллекторлық агенттіктің өздерімен (өзімен) байланысу және өзара іс-қимыл жасасу тәсілінің өзгергені туралы хабарлауға;
2) коллекторлық агенттіктің сұрау салуы бойынша кірістері мен шығыстарының деңгейі, тұрғылықты жері (заңды мекен-жайы), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берешекті өтеу үшін өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүлкінің бар-жоғы туралы анық ақпаратты ашуға;
3) Заңға сәйкес коллекторлық агенттікпен берешекті реттеу бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
4) он бес жұмыс күні ішінде кредитор ұсынған берешекті өтеу талаптарын қарауға және коллекторлық агенттікке не кредиторға борышкер үшін қолайлы талаптарды хабарлауға міндетті.
Берешекті өндіріп алу туралы шарт бойынша берешекке қатысты коллекторлық қызмет жөніндегі қызметтерді көрсету мерзімі алты айдан кем болмауға және бес жылдан аспауға тиіс.
Берешекті өндіріп алу туралы шарт шеңберінде коллекторлық агенттікке берілген берешек басқа коллекторлық агенттікке беріле алмайды.
Берешегі тұрғынжай түріндегі кепілмен қамтамасыз етілген борышкерге – жеке тұлғаға қатысты коллекторлық қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.
Борышкерге қатысты коллекторлық қызметті жүзеге асыру кезінде кредитор:
Сотқа оның берешегін өндіріп алу туралы талап қойып жүгінуге;
Берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезеңде есепке жазылған сыйақыны төлеуді талап етуге:
Негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін көрсетілген кезеңге тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқылы емес.
Заңға сәйкес коллекторлық қызмет саласындағы уәкілетті орган болып Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі табылады.
Бектұрған Бозтериев,
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ
Қарағанды филиалы
директорының орынбасары.