Жаңалықтар

Кофенің 7 пайдалы қасиеті

Қала тұрғынының күні кофеден басталады. Американо, капучино, мұз қосылған латте… Бұл сусын өзінің ерекше дәмімен, қуаттандыратын әсерімен адамды баурайды.

Егер кофенің өмірді ұзартып, денсаулыққа пайда әкелетінін білсеңіз, одан сайын жақсы көресіз бе? Ендеше, кофенің 7 пайдалы қасиетіне тоқталайық.

Бірінші пайдалы қасиеті. Кофе сергектік береді. Бір шыныаяқ кофеден кейін жұмысты жапырып істемесеңіз де, ұйқышыл күйден арыла аласыз. Себебі кофедегі кофеин ағзадағы аденозиннің аденозин рецепторларымен байланысуын тежеу арқылы ми қыртысына жетеді. Аденозиннің қызметі – миға «шаршау» сигналын беру. Егер бұл байланыс бұғатталса, ми дененің шаршағанын түсінбейді және біз ұйқышылдық пен әлсіздікті сезінбейміз.

Екінші. Кофе ісінуді басуға көмектеседі және іш жүргізетін қасиетке ие. Кофеиннің диуретикалық әсері бар. Соның арқасында қанайналым жақсарады. Кофе сонымен қатар ішек қозғалысын тездетеді.

Үшінші. Кофе жүрек-тамыр жүйесіне пайдалы.

Төртінші. Кофені үнемі тұтыну бауыр ауруларының алдын алатыны анықталды. Кофеин бұл органға жақсы көмекші. Оның май алмасу қабілетін арттырады, құрамында майдың жиналуын азайтады және қандағы липидтердің деңгейін төмендетеді.

Бесінші. Көптеген зерттеу кофені үнемі тұтыну подагра (тұз байлану ауруы) мен Альцгеймер ауруының даму қаупін төмендететінін көрсетті. Бірақ зерттеушілер әлі де ондағы қандай қосылыстар дене мен миға оң әсер ететінін анықтауға тырысып жатыр.

Алтыншы. Кофе кофеинге, сондай-ақ калийге, магнийге, Е дәруменіне және хлороген қышқылына бай. Олар жасушаларды зақымданудан және қабынудан қорғайды, денеде холестериннің жиналуын азайтады.

Жетінші. Кофе + шай = одан да пайдалы! Бұл жағымды жаңалық, әсіресе шай мен кофе ішкенді ұнататындарды қуанышқа бөлейтіні сөзсіз. Зерттеу көрсеткендей, бір мезгілде кофе мен шай ішу инсульт пен деменцияның өршуін төмендетеді. Әрине, бұл жерде бір мезгілде екеуін бірге ішуді емес, күні бойы осы екі сусынды ішу туралы айтылған.

Қандай кофені ішпеген жөн?

Енді «Қандай кофе зиян?» деген сұраққа жауап берейік. Іnosmi.ru жазғандай, еритін кофе жоғарыда аталған қасиеттерге ие емес, тіпті ағзаға зиян.  Көптеген жылдар бойы еритін кофе тез және оңай дайындалатын арзан сусын ретінде адамдардың сүйіспеншілігіне ие болды. Оны дайындау үшін сізге тек төрт қадам «жасау» керек: қаптаманы жыртып тастайсыз, шыныаяққа саласыз,  қайнаған су құясыз, сөйтіп араластырасыз. Міне, бір кесе сүйікті сусыныңыз дайын. Бірақ еритін кофенің неге соншалықты ыңғайлы әрі дәмді екенін ойлап көрдіңіз бе? Себебі оның құрамында транс май қышқылдары мен қант көп. Оларды шамадан тыс тұтыну семіздікке әкеліп қана қоймайды. Сонымен қатар жүрек-қан тамырлары аурулардың өршу қаупін арттырады.

Сондықтан мамандар еритін кофенің орнына ұнтақталған кофе ішуді ұсынады. Кофені тым көп және жиі ішсеңіз, ол ағзаға зиян келтіруі мүмкін екенін де ұмытпаңыз. Белгілі бір сырқаты бар адамдар (Мысалы, қан қысымы жоғары, жүкті, бала емізетін, ұйқысыздықтан зардап шеккен және т.б.) кофеин тұтынуды шектеуі керек екені де жадыңызда жүрсін.

Ақпарат turkystan.kz сайтынан алынды

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button