Жаңалықтар

Кітапхана жабылуда

Облыстық клиникалық ауруханадағы кітапхананың жағдайын көргеннен кейін қолыма қалам алуға мәжбүр болдым. Себебі, беделді мекемедегі рухани ошақтың тағдырына бей-жай қарай алмадым. Айтары сол, 1954 жылы ашылған кітапхана талан-таражға түсудің аз-ақ алдында тұр…

Құрылғанына биыл 64 жыл толған кітапхананың қоры қомақты. Мұнда 7,8 мың кітап, 3 мыңнан астам газет-журналдар жинақталған.
Жинақтардың жазылу тілдері де сан қилы. Мұндағы кітаптарды аудандық кітапханалардан да таппауыңыз мүмкін. Қазақ тіліндегі көркем әдебиет кітаптарымен қатар, орыс, француз, ағылшын, неміс, поляк, болгар, татар тілдеріндегі, денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне арналған латын тіліндегі туындыларды көре аласыз. Көңіліңіз қалағанын шетінен алып, оқи беріңіз.
Бұл жерден ауруханада емделіп жүргендерді, дәрігерлерді, медициналық оқу орындарының студенттерін көптеп көруге болады. Солардың бірі – Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиевтің әкесі Жұмағали ағай. Ол кісі де ауруханаға келіп емделген кезде осы кітапханаға жиі барады. Бұдан өзге еліміздің дамуына еңбегі сіңген жандар жетерлік. Статистикаға жүгінсек, кітапханаға жылына мыңға жуық оқырман келеді екен. Мұның өзі бұл кітапхананың қоғам үшін қажеттілігін айғақтайды.
Кітапхана қызметкері Светлана Витальевна Кубатова ширек ғасыр бойы осы жерде тапжылмай қызмет етіп келеді. Өз ісіне ұқыпты, білгір маман. Кітаптарды көзінің қарашығындай сақтайды десем, артық айтпас едім. Сөзіме дәлел – әр кітабын целлофанға орап сақтауға дейін барады. Мұқият тігіп, мұқабасын тазартып отырады.
Міне, осылайша ұрпақтан ұрпаққа беріліп, алпыс жылдан астам уақыт бойы руханият үшін қызмет етіп келген мәдени ошақтың кітаптары қолды болуы мүмкін. Сылтау – кітапхана залында жөндеу жұмыстарын жүргізу, көнерген кітаптарды есептен шығару. Бұл үшін кітаптар басқа қабаттарға көшірілмек. Мұның арты кітапхананың негізін құрап тұрған кітаптар жоғалады деген сөз. Шамалы уақыттан кейін әлемдік әдебиеттің үлгісі саналатын туындылардың парақтары дәретханалардан табылатынына сенімдімін. Ішің ашымай тұра алмайды екенсің. Өйткені, бұл – талай адамның талай жыл бойғы маңдай терімен, табан ақысымен жиналған қазына.
Іргеміздегі Астанадағы ауруханаларда қажетті дүниенің барлығын аурухана ғимаратынан шықпай-ақ таба аласыз. Шаштараз, дәріхана, газет-журнал дүңгіршегі, кітапхана, дәмхана, дүкен, банкомат, төлем терминалы, келішулерге арналған бөлмелер, балалар ойын бұрыштары сынды тұрмыстық нысандар топтастырылған. Ыңғайлы. Ал, біздің ауруханада бірі де жоқ. Дәрі-дәрмек алу үшін аяз, боранға қарамай, үш-төрт үйден кейін орналасқан дәріханаға жол тартасыз. Шаштараз туралы айтпай-ақ қояйын, әйтеуір, шағын дәмхана бар. Азық-түлік іздесек, көшенің арғы бетіндегі сауда үйіне, кейде, тіпті, біраз жолды артқа тастап, «Мың ұсақ-түйек» дүкеніне барамыз. Ауырып жүрген адамға қолайсыз ауа райында бұл оңай іс емес екені белгілі.
Кітапхананың жайына оралсақ… Сөрелердегі кітап қорының құндылығын кез келген тәжірибелі кітапханашы мойындайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев руханиятымызды өркендетуге баса көңіл бөліп отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданды. Қазіргі таңда елімізде рухани, мәдени, әдеби орындарды көркейтуге, нығайтуға бағытталған шаралар қолға алынуда. Ал, аталған ауруханада жалғыз кітапхананың мүлкі, құнды қазынасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі ғажап емес.
Бұл мәселенің байыбына шаруашылық меңгерушісі, басқа да қызметшілер бара алмайтыны анық. Олардың қолына түскен кітап жоғалатыны айқын. Алаңдайтыным, кітаптарды көшіріп жүргенде қолды болады. «Осы кітаптар жоғалған соң кітапхана да жабыла ма?» деген қаупіміз бар.
Аталған жағдайды болдырмаудың жалғыз амалы – кітапхана қорын бір бөлмеге көшіру. Кітапхана жұмысын тоқтатпайтын залмен қамтамасыз ету. Тек, сол кезде ғана кітап қорын сақтап қала аламыз. Газет бетінде көтерілген бұл проблема келешекте оң шешімін табады деген сенімдеміз.

Қарлыға САДЫҚ,
бір топ емделушілер атынан.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button