Руханият

Кітап қоры жаңарды

Елімізде халықты кітап оқуға баулу шаралы қарқынды түрде жүріп жатыр. Кітап шығару ісіне ден қойылып, кітапханалар жаңа кітаптармен толықтырылуда. Мәселен, «Атамұра» баспасы Н.Гоголь және Абай атындағы облыстық кітапханаларға 50 данадан жаңа кітаптар сыйға тартты.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасына қазақ классиктерінің туындылары сыйға тартылды. Кітаптардың көпшілігі мемлекеттік тілде.

– Бұл сыйлық оқырмандар үшін жақсы болды. «Атамұра» баспасына ризамыз! Тарихи тұрғыдан алғанда, біздің қорларымызда кітаптардың көпшілігі орыс тілінде. Алайда, оқырмандардың сұраныстары мен қажеттіліктері өзгерді. Қазір оқырмандар қазақ тілінде жазылған әдебиеттерді сұрайды. Сондықтан, қор кітаптарының 50%-ы қазақ тілінде болуы үшін қажетті шараларды атқара береміз, – деді кітапхана басшысының орынбасары Гаухар Үмбединова.

Қазір кітапханаларға түскен жаңа кітаптар теңгерімге алынуда. Тіркеу шаралары толықтай аяқталғаннан кейін кез келген адам 45 күнге дейін жаңа басылымды үйге ала алады.

Абай атындағы облыстық балалар кітапханасына да қазақ тіліндегі кітаптар сыйға тартылды.

Мұнда балаларға арналған ертегілер де, «Мектеп кітапханасы» сериясындағы танымал қазақстандық және шетелдік авторлардың шығармалары бар.

«Атамұра» баспасы Ұлттық кітап күніне арналған байқауда «Үздік баспа» номинациясында жеңіске жеткен еді.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button