Руханият

Кітап оқу – келешектің кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде «Жастарды оқуға деген сүйіспеншілікке баулу қажет» екендігін баса айтып, 23 сәуірде «Ұлттық кітап күнін» атап өтуді ұсынған болатын. Бүгінде сол бастама аясында елде алғаш рет «Ұлттық кітап күні» аталып өтті. Өңірде де түрлі кездесулер өткізіліп, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, аталған мереке аясында және ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Қарағандыдағы Орталық саябақта «Кітаппен кемел болашаққа» кітап фестивалі өтті.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Қарағанды облысында жалпы 300-ге жуық кітапхана бар десек, оның төртеуі – облыстық мәртебеге ие. Ал, кітап қорында есеп жоқ. Осындай мол мұрасы бар Қарағанды кітапханасы – «Кітапхана астанасы» деп аталуында да үлкен мән жатыр. Фестивальге қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова кітап­ханашылар мен олардың еңбегі жайында баса айтты.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Кітапханашылар күні» бекітілген еді. Биыл жаңа мереке, яғни, «Ұлттық кітап күні» мереке күндерінің қатарына қосылды. Бұл мереке – кітапқа деген құрметтің белгісі. Жалпы, өңірде 300-ге жуық кітапхана бар десек, әр кітапхананың өзіндік ерекшелігі бар. Әрі жыл сайын кітап қоры артып келеді. Өңірден шыққан талай ақын-жазушыларымыздың кітаптары осы кітапханаларда сақтаулы. Осы фестивальда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін оқитын барлық кітап түрі қамтылған. Осы салада қызмет етіп жатқан барша кітапханашының еңбегі орасан, – деді + Рымбала Кенжебалақызы.

Фестиваль – кітап оқуға баулу, қоғамның мәдени құндылықтары мен зияткерлік потенциалын арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Осы іс-шараны ұйымдастыруға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мұрындық болыпты. Қарағанды облыстық кітапханалары кітап көрмесін көпшілік назарына ұсынды.

– Бұл мерекенің біз үшін орны ерекше. Кітап пен кітап оқитын жастарды насихаттау үшін осындай іс-шаралар керек. Кітап оқитын ұлттың болашағы жарқын. Қазір кітап оқитын жастар жоқ емес. Кітапханамызда өтетін түрлі іс-шараларға атсалысады. Осы фестивальға кітапхананың жас оқырмандарын шақырып, марапаттадық, – деді Абай атындағы Қарағанды облыс­тық балалар кітапханасының басшысы Баян Уатаева.

Саран қаласының орталықтандырылған кітапханасы фестивальға «Қылқалам ұшындағы туған жер» open place алаңын қойған. Өңірден шыққан тұлғалар жайында жарыққа шыққан кітаптар легін алып келіпті.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button